Ауыл шаруашылығы

Көкөзек көркейіп келеді

Көкөзек көркейіп келеді


Көкөзек ауылдық округі – Тарбағатай етегіне орналасқан көрікті елді мекен. Айналасы сарқыраған өзендер мен бұлақтарға толы, ауылдың тұрғындары мал өсіріп, егін салып, көкөніс баптап тіршілік етуде.

Бұл ауылда 1500-ге таяу адам тұрады. Округтің қарамағында 20632 гектар аумақ бар. Егістігі 11285 гектар, шабындық жері 1156 гектар, қалғаны жайылымдық алқап.

Кейінгі жылдары елді мекеннің ауыл шаруашылығы айтарлықтай алға басып, заманға сай дами бастады. Ауылдағы ұсақ шаруа қожалықтары бірігіп, ірі бірлестіктерге айналуда. Былтырдан бері мұнда екі ауылшаруашылық кооперативі құрылып, аудандағы басқа округтерге қарағанда әлдеқайда белсенділік әрі жинақылық танытып отыр. Сонымен қатар, 2016 жылы үш асыл тұқымды бұқа сатып алынып, малға қосылды. Тағы бір айта кетерлігі, ауыл кәсіпкерлері Ерлан Ақылбеков, Қамзат Тұрсынәлі және Жасұлан Дүйсекенов өз шаруашылықтарында қымыз өндіріп, оны сатылымға шығарып, ауыл экономикасын көтеруге сүбелі үлестерін қосып келеді әрі жұмыс орындарын ашып, жерлестерін қуантып отыр. Тұрғылықты жерде қымыз өндіру, көкөністен мол өнім жинау жыл өткен сайын артуда. Сондай-ақ, омарта ісімен айналысу кейінгі кездері қанатын жая бастады.

Бұл ауылдың өңірдегі басқа округтерге қарағандағы ерекшелігі, қоныстағы барлық көшелер өзгертіліп, ұлт қайраткерлері мен соғыс ардагерлеріне және тер төгіп, елге қызмет еткен азаматтардың есімімен аталған.

Ауыл әкімі Асхат Ахметов: – Өткен жылы аудан орталығы мен Көкөзек ауылының арасындағы жол аудан әкімі Серік Зинабекұлының көмегінің арқасында жөнделіп, асфальт төселінді. Ауыл клубының сахнасы қалпына келтірілді. Көшелер жарықтандырылды. Былтыр біраз көшелерге қиыршық тас төгіліп, тегістеліп жөндеуден өтті. Бұл іс биыл да жалғасын таппақ. «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы бойынша мектептің, сондай-ақ, спорт залдың есік-терезелері жаңартылды, білім ошағына интерактивті тақта сатып алынды. Сол сияқты «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында осы жылы біраз жұмыстар атқарылмақ. Осы орайда ауыл кәсіпкері С.Байжарасов өз жоспарын жасауда. Сонымен қатар, елді мекенімізде «Мәңгілік Ел» стелласын орнату үшін «Вектройком», «Семей трассервис» компанияларымен меморандум жасалынбақ. Қазір осы іс бойынша келісімдер жүргізілуде. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын істер баршылық,- дейді.

Сондай-ақ, ауыл әкімі мұндағы әрбір отбасы «Дидар» газетіне жазылатынын жеткізді.
Үржар ауданы.

Бейсенғазы Ұлықбек

Осы айдарда

Back to top button