Ауыл шаруашылығы

Көкпектіні көкөніспен қамтамасыз етті

Көкпекті ауданында көкөніс шаруашылығымен айналысып жүрген шаруалар баршылық. Бірақ солардың ішінде ағайынды Намаз бен Тоғай, Рүстем Зүлфиевтердің есімі елден ерек.

Көкпектіні көкөніспен қамтамасыз еттіОн шақты жыл бұрын Өзбекстаннан Казнаковка ауылына қоныстанған ағайындылар бас-басына шаруа қожалығын құрып, жерді жалға алып, нәпақаларын тауып жүр. Көп жылғы еңбектің өтеуі де зая кетпеді. Қожалықтары бүгінгі күнде тек аудан ғана емес, облыс орталығы мен Семей қалаларының халқына бағасы тиімді әрі сапалы көкөніс өнімдерін ұсынуда.

– Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ айтқандай, Қазақстанда еңбек етем деген адамға барлық жағдай жасалған. Тек қана, жалқаулықты қойып қажырлы қайрат жұмсасаң болғаны. Әрбір отбасындағы бақуаттылық еліміздің дамуы мен өркендеуінің айғағы. Мемлекет тарапынан ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға ықпал жасалуда. Бағдарлама бойынша несие алып, ауқымды жоспарларды жүзеге асыруға болады. Мен де өзімнің інілеріммен қолға алған ісімді дөңгелетіп Отанымызға адал еңбек етіп жатырмын. Өзімді еңбектен бақытын тапқан жанмын деп есептеймін, – дейді «Жаһангир» шаруа қожалығының басшысы, ағайындылардың үлкені Тоғай Гүлмұрадұлы.

Тоғай ағамыз сонымен қатар еліміздің демографиялық өркендеуіне зор үлес қосып отыр. Ол шекесі торсықтай тоғыз ұлдың әкесі болса, Намаз ағамыз алты ұл мен қызды дүниеге әкелген, Рүстем төрт бала тәрбиелеп отыр.

Бүгінгі күні Зүлфиевтер шаруашылығында оннан аса жерлестері еңбек етеді. Тоғай ағамыз «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы өткен жылы 2 миллион теңгеге қол жеткізсе, биыл жұбайы Мехринисоның атына 3 миллион қаражат бөлінді. Осының арқасында олар ауылдастарын еңбекпен қамтып отыр.

Атқарылған жұмыс барысымен таныстырып өтсек, биыл «Жаһангир» шаруа қожалығы 300 тонна орамжапырақ, 200 тонна сәбіз, 25 тонна картоп, 30 тонна қызылша өнімін алды. Осы көкөністердің сырттан әкелініп, аудан дүкендерінің сөрелеріне қойылатын көкөністерден айырмашылығы ешқандай химиялық қоспаларсыз өсіріледі.

Ағайындылардың өнімі барлық аудан округтерінде өткен жәрмеңкелерде пышақ үстінен үлестіріліп кетті. Қайырымдылық көмектерден де шет қалып көрген емес. Казнаковка орта мектебіне тұрақты демеуші. Тоғай Гүлмұрадұлы биылғы өнімнен 800 килограмм орамжапырақ пен 350 килограмм сәбізді Самар ауылындағы қарттар үйіне тегін түсіріп берді, Самардағы Ж.Болғанбаев орта мектебін де көкөніспен қамтамасыз етті.

Эльмира Тайырқызы

Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button