Көкпектіде тау-кен өндірісіне де мән беріліп отыр
Тоғыз жолдың торабында тұрған Көкпекті ауданының экономикалық әл-ауқаты артып, ауылшаруашылық саласы, өнеркәсіптік өндірісі дамып келеді. Аудан басшылығының ендігі мақсаты – Елбасы Жолдауына байланысты жастарды тегін техникалық кәсіби білімге тартып, жұмысқа орналастыру. Сонымен қатар, өңірге инвестиция тарту да басты назарда. Осы және өзге де мәселелер төңірегінде Көкпекті ауданының әкімі Рамиль Сағындықов бізге берген сұхбатында айтып берді.
Суармалы алқаптар қожалықтарға бекітіліп берілді
– Ауданның экономикалық әл-ауқатының артуына ауыл шаруашылығының ғана емес, өнеркәсіп саласының да қосып жатқан үлесі зор. Алдымен ауданда өндіріліп жатқан өнеркәсіп өнімдері, көлемі жөнінде айтып өтсеңіз…
– Былтыр ауданда 3,5 млрд. теңгенің өнеркәсіптік өнімін шығардық. Бірақ бұл 2014 жылмен салыстырғанда 138 млн. теңгеге аз. Жалпы өндірістің 34 пайызын тау-кен өнеркәсібі қамтиды. Тау-кен өнеркәсібінің өнімі 1112,2 млн. теңгені құрады. Қойтас кен орнынан ильменитті қазба байлықтары өндіріліп жатқаны белгілі. Ондағы Сәтпаев тау-кен өндірістік кәсіпорны былтыр 16,3 мың тонна ильмениттің концентратты тауарлы өнімін шығарды. Одан бөлек карьер қазып, құрылысқа қажетті материалдар алумен айналысатын «ДСУ-14» кәсіпорны бар. Сонымен қатар, «Көкпекті жолдары» ЖШС асфальт бетон езбесін шығару жобасын аяқтады. Енді іске қосылады деген үміттеміз. Ал өнімін шығарып, кіріс кіргізіп отырған «Рыбпром» ЖШС-нің жұмысына аса мән беріліп отыр. Былтыр ол кәсіпорын 650 тонна балық өнімін шығарып, 700 млн. теңге пайда түсірді. Бұқтырма су қоймасының бір жағасы Көкпекті ауданында болғандықтан балық шаруашылығы дамымай отыр деуге негіз жоқ.
– Ауылшаруашылық саласында қандай оң өзгерістер бар? Көктемгі егістік маусымына дайындық барысы қалай?
– Мемлекет ауылшаруашылық саясатын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Егістік аумағы да кеңейді. Себуге арналған тұқымдар жыл сайын жаңартылып, өнімділігі жоғары сұрыптылары себіледі. Шаруашылыққа қажетті жаңа техникалар сатып алынды. Жуықта ғана ауданымызға 89 жаңа техника келді. Былтыр өсімдік өсіруге қомақты субсидиядан бөлек, тыңайтқыштарға да қосымша қаржы бөлінді. Жанар-жағармай арзандатылды. Орта есеппен гектарынан 13 центнерден астам өнім алдық. Күзде 155 тонна шөп, 8 тонна сүрлем әзірленді. Содан кейін суармалы алқаптардың басым бөлігі шаруа қожалықтарына бекітілді. Жерді түгендеу жұмыстары нәтижесінде мерзімінен бұрын қолданылмаған 63 жер учаскесінің келісімшарттары бұзылып, басқа жер қолданушыларға берілді. Келісімшарттардың көбі Құлынжон, Көкпекті, Бастаушы ауылдық округтерінде бұзылды.
Төрт түліктің де саны жылдан-жылға артып келеді. Мұның бәрі мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларының аясында жүзеге асып жатыр. Сол бағдарламалар арқылы тұрғындар кәсібін ашамыз десе, біз қолдаймыз.
– Жеке кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілді? Оларды қаржыландыру жағы қалай жолға қойылған?
– Аудан аумағында жанар жағар май құю стансасы, асхана, наубайхана, дәріхана, дүкен сынды 473 шағын кәсіпкерлік нысан халыққа қызмет көрсетіп тұр. Сол кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін былтыр 45,6084 гектарды құрайтын 72 жер учаскесін бөліп бердік. Қазіргі таңда коммуналдық меншіктегі бес нысанды кәсіпкерлер жалға алып отыр. Жеке кәсіпкерлер «КТ Көкпекті несие» ЖШС, «Ертіс» ӘКК, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары арқылы несие алып, кәсіптерін дөңгелетіп жатыр. Сонымен қатар, жоба бойынша 107 қатысушы «Бизнес кеңесші» сертификатына ие болған. Өткен жылдың басынан бері кәсіпкерлерлік субъекті бойынша 17 нысан ашылып, 131 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды. «Елім-ай» ЖШС-де жоба бойынша асыл тұқымды 2000 бас ірі қараға арналған кешеннің бірінші кезеңі аяқталды. «Кузьмич» ЖШС басшысы балық түрін көбейтуді үшін Казнаковка өткелінің маңында 53000 шабақты Бұқтырма су қоймасына жіберді. Былтыр «Алтай Агро-2015» атты халықаралық форумда «Кузмич» ЖШС басшысы қытайлық компаниямен келісімшарт жасасып, жыл аяғында 20 тонна тоңазытылған балық аспан асты еліне жіберілді. Туризмді дамыту мақсатында әуесқой балықшылар үшін арнайы орындар әзірленді. «Елдар» шаруа қожалығы бие байлап, 92 млн. теңгенің қымызын өндірді. Бүгінде ол 40 бие сауатын орынжай құрылысын салып бітірді.
– Құрылыс демекші, аудандағы құрылыстың қарқыны қанағаттандыра ма?
– Құрылыс қарқыны жаман емес. Бастаушы ауылында 132 орындық мектептің іргесі қаланып жатыр. Бірқатар жобалық сметалық құжаттар әзірленді. Ауызсумен қамту мақсатында төрт жоба жүзеге асады деп отырмыз. Көкпекті ауылындағы отыз алты пәтерлі тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Екінші кен байыту фабрикасы құрылысының жобасы жасалып, жұмыстары осы жылдың сәуірінде басталып кетеді деп жоспарлап отырмыз.
Жас мамандарға жан-жақты жағдай жасалады
– Сіздің айтуыңызша кәсіпкерлер кәсіптерін, шаруалар жерлерін кеңейтіп жатыр. Ауданда бірқатар нысандардың құрылысы да басталыпты. Десек те, қос қолға бір күрек таппай жүргендер әлі де бар ма?
– Ағымдағы жылдың бірінші қаңтарында 94 жұмыссыз адам тіркелген. Жұмыссыздар санын азайту үшін қоғамдық жұмыстарға тартамыз. Бүгінгі таңда жұмыссыз жүрген бес жүздей адам жұмысқа орналастырылды. Кейбіреуі қайта даярлау курстарына жіберілді. Көпбалалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көп көңіл бөліп жатырмыз. Ол үшін балалар жәрдемақысы белгіленіп, әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Кейбіреуінің баспана мәселесі де шешімін тапты. Дипломдарын алып келген жас мамандар да көтермеақыларын алып, кейбіреуі баспанамен қамтылды.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 2009-2015 жылдары ауданға 202 жас маман келіп тиісті көмектер көрсетілді. 70 АЕК көлемінде көтермеақыларын алды, 101 маман баспана алу үшін бюджетті несиеге қол жеткізді. Былтыр әлеуметтік сала қызметкерлерінің отызына көтермеақы берілді, жиырма бесі бюджеттік несие алды. Оның ішінде білім, денсаулық, спорт саласының мамандары бар.
– Инфрақұрылымға қаншалықты көңіл бөлініп жатыр? Нақтырақ айтсақ, жолдардың жөнделуі, халықты ауызсумен қамту қандай деңгейде?
– Жергілікті биліктің басты жұмыстарының бірі – автокөлік жолдарын дамыту, халықты ауызсумен қамту. Аудандағы автомобиль жолының қашықтығы – 470 шақырым. Оның 144 шақырымына жөндеу қажет болуы мүмкін. Аудан ішілік жолдар 56 елді мекенді жалғап жатыр. Былтыр жолдарды, көшелерді жөндеуге 55 млн теңге бөлініп, жолдар, ауыл ішіндегі көшелер жөнделді. Шет жатқан Подгорный ауылына апаратын жолға шағыл тас төгіліп, ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Халықты ауызсумен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. 56 елді мекеннің он екісінде орталықтандырылған су жүйесі іске қосылған. Ауызсумен қамту жүйесі «Көкпекті» және «Самар» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарының теңгерімінде. Олар 101 шақырым су жүйесіне қызмет көрсетеді. Коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері су жүйесін жақсарту үшін профилактикалық жұмыстар жасап шықты.
– Ауданға тартылған инвестициялардан қандай пайда түсіп жатыр? Инвестиция ғана емес, салықтан түскен қаржы да кіріс мөлшерін үлкейткен шығар?
– Ауданға тартылған инвестиция 54 пайызға азайғаны байқалады. Құрылыс және ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу бойынша тартылған инвестиция 267,4 млн. теңгені, ауылшаруашылық инвестициясы 452,6 млн. теңгені құраған. Бюджетте қарастырылған қаржының негізгі бөлігі білімге, әлеуметтік қорғауға, мәдениетке жұмсалып келеді. Ал аудандағы 792 шаруа қожалығынан түскен салық 29,3 млн. теңгені құрады. Сараптап көрсек, жеке кіріс өсіп келеді.
– «Болашағымыз – жастар» дейміз. Сол жастарымызға беріліп жатқан орта білім қай деңгейде?
– Былтырғы оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуден орташа 83,8 балды көрсеткен. Үш оқушы «Алтын белгілерін» ақтап шықты. Олимпиадаларда да жақсы көрсеткіштер көрсетіп жатыр. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасына сәйкес тіл сабақтарының сапасын көтеруге ден қойылуда. Қосымша мектептерде үйірмелер, спорт секциялары жұмыс істейді. Аудан көлемінде жиырма шақты хоккей қорабы бар. Жазда лагерьлерде, сауықтыру орталықтарында демалуларына болады. Ал көрші ауылдарда, алыс ықшам аудандарда тұратын оқушылар мектептерге арнайы автобустармен жеткізіледі. Жоғарыда айтып өткендей, спортпен айналысу үшін де бар жағдай жасалған. Ауданда облыстық, аудандық турнирлер өтіп тұрады. Жүйелі түрде спортпен айналысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген спортшыларымыз да бар. Көкпектіліктер әсіресе жекпе-жек спорт түрлеріне жақын.
– Денсаулық саласында қандай жаңалықтар бар?
– Ауыз толтырып айтарлық жаңалық, жүрек-қан тамыр жүйелері ауруларының алдын алу үшін кардиокабинет ашылды. Онда қазір кардиолог-дәрігер қызмет көрсететін болды. Ауданда жалпы 61 дәрігер, 229 медициналық қызметкер бар. Бүгінде ауданға бір ғана дәрігер жетпейді. Науқастарға тиісті ем-домдар қолданылады. Бала өлімі азайды, ана өлімі мүлдем тіркелген жоқ. Аурудың алдын алу үшін тұрғындар арнайы скринингтерден өтеді.
– Қылмыспен күрес мақсатында жүзеге асып жатқан шаралар туралы айтсаңыз, аудандағы қоғамдық-саяси ахуалға тоқталсаңыз.
– Аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері қылмыстың алдын алу үшін мектеп, ауыл, аудан деңгейлерінде әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Жалпы алғанда ауыр, аса ауыр, ұрлық сынды қылмыстар саны азайып отыр. Былтыр жалпы саны 230 қылмыс тіркелген.
Дінаралық, ұлтаралық қарым қатынасты қалыпты ұстап тұру мақсатындағы жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуде. Конституцияның 20 жылдығына байланысты Самарда «Қоғамдық келісім үйі» ашылды. Сонымен қатар, халықпен әртүрлі үкіметтік емес ұйымдар, кеңестер жұмыс істейді. Олардың барлығы ауданның қоғамдық-саяси, мәдени іс-шараларына белсене қатысады.
– Қорыта келсек, өткен жыл Көкпекті үшін табысты болған сияқты. Ендігі жоспар қандай?
– Елбасы Жолдауында техникалық-кәсіптік білімге басты назар аудару қажеттігін атап көрсетті. Осыған орай, Самар ауылындағы аграрлық колледжге оқушылар тартуды жолға қоймақпыз. Яғни, ауыл шаруашылығы жұмыстарына оқушыларды қызықтырып, оларды кәсіби деңгейде оқытып, кейіннен жұмысқа орналастыруды мақсат етіп отырмыз. Сонымен қатар, Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тойына толымды тарту әзірлемекпіз.
Әңгімелескен – Мерей Қайнарұлы