ӨзектіЭкономика

Көкпекті күн санап көркейіп келеді

Көкпекті ауданында әлеуметтік нысандар жаңғыртылып, орталық алаңдар күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы саласында да ауыз толтырып айтар жобалар қолға алынып, кәсіпкерлік қанатын кеңге жайған. Ең бастысы, тұрғындарды ауызсумен қамтудың жобасы жасалған. Игілікті істерге облыс әкімі Даниал Ахметовтің ауданға жасаған жұмыс сапары барысында көз жеткіздік.

Абай ескерткіші бой көтерді

Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары қызып жатқан Самар ауылындағы орталық алаңда Абай Құнанбайұлының ескерткіші орнатылыпты. Оның биіктігі тұғырымен қоса есептегенде жеті метр болады. Авторы – мүсінші Әлібек Шоқанов. Ескерткіштің айналасы түгел абаттандырылып, қоршалады. Көшеге жарық тартылып, әуенді субұрқақ орнатылмақ.
– Самар – аудандағы үлкен ауылдың бірі. Мұнда алты мыңнан астам халық тұрады. Сондықтан бәрі де талапқа сай болуы тиіс. Бұл жер көп ұзамай самарлықтардың сүйікті демалыс орнына айналатыны сөзсіз. Ең бастысы, барлық шаруа сапалы атқарылуы керек,– деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Самар ауылдық округінің әкімі Ахмет Күдербаевтың айтуынша, мердігер мекеме «Бота» ЖШС орталық алаңды 23 тамызға дейін тапсырамыз деп отыр. Бұл күні Абай атындағы орталық алаң салтанатты түрде ашылып, облыстық Абай оқулары өтеді.
Аймақ басшысы Жұбандық Болғанбаев атындағы орта мектеп-лицейіне аялдап, білім ордасының алдағы жаңа оқу жылына әзірлігімен танысты. Мектеп директоры Баян Бағысованың айтуынша, мұнда 414 бала білім алады. ҰБТ-дағы орташа балы – 86. Ал роботты техника, химия, биология пәні кабинеттері толықтай Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарттарына сәйкестендірілген. Ал осындағы физика және информатика пәнінің мұғалімі Дәурен Мергеншинов – сабағын ағылшын тілінде жүргізіп келе жатқан аудандағы үздік ұстаздың бірі.
Мектеп-лицейдің алдағы оқу жылына әзірлігіне көңілі толған облыс әкімі білім сапасын әлі де арттыра түсуді тапсырды.

Мал бордақылаудың жаңа тәсілін қолданады

Көкпекті күн санап көркейіп келеді

«Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасының жарқын жобаларын да осы Көкпекті ауданынан кездестіруге болады. Соның бірі – Көкжайық ауылындағы бес мың басқа арналған мал бордақылау алаңы. Аймақ басшысына шаруашылықтың соңғы жетістіктері таныстырылды.
– Біз қазақтың ақбас сиырынан және ангус тұқымынан құралған бес мың басқа арналған бордақылау алаңын салып жатырмыз. Бұл жыл бойы жұмыс істейтін кешен болмақ. Оның құрамында жемшөп базасы және бірыңғай бокстар болады. Ең бастысы, біз бұған дейін қалыптасқан мал бордақылау қағидасынан бас тартып, малды қораға қамамай, ашық жерде ұстаймыз. Жемшөп үстелін желден қорғауға, сол арқылы малдың төбесі жабылатын ашық аумақта еркін жүруіне мән береміз. Мал семіртуде өзімізге қажетті кеңестердің бәрін америкалық достарымыздан үйреніп келдік, – дейді «Елім-ай» агроөнеркәсіптік кешенінің директоры Болат Бекбердинов.
Америкалықтардан үйренген тағы бір әдіс ол – суды сегіз градусқа дейін жылыту. Сонда жылы су ішкен мал оған кетіретін энергиясын бойына жинап семіре түседі. Атап өтерлігі, шаруашылық тек асыл тұқымды малды ғана өсірмек. Себебі асыл тұқым тез салмақ қосады. Ол үшін арнайы жабдықтар алынған. Бүгінгі таңда мұндағы үлгілі тәжірибе мен кешеннің эскизді жобасы облыстың ірілі-ұсақты шаруашылықтарына таратылып, таныстырылуда.
Аймақ басшысына бұлардан бөлек осы мақсатқа пайдаланылмақ ниетте алынған соңғы үлгідегі шетелдік ауылшаруашылық техникалары да таныстырылды.
– Бәрі бірден болмайды және ешкім әкеліп бермейді. Осы шаруашылық сияқты үздіксіз еңбектеніп, жаңа технологияларды, заманауи жобаларды өндіріске енгізу керек. Сонымен бірге өнім көлемін ұлғайтумен шектелмей, экспорттық әлеуетке де баса мән беру қажет. Мәселен, болашақта осында семіртілген малдарды көршілес Қытай еліне өткізу мүмкіндігін қарастыру қажет, – деді Даниал Ахметов.

Талапты күшейту керек

Көкпекті күн санап көркейіп келеді

Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметов Көкпекті аудандық орталық ауруханасының дәрігерлерімен кездесуінде айтты. Әсіресе жүкті әйелдер арасында кездесетін ауруларды ерте бастан анықтаудың маңызы зор. Өкінішке қарай, кейінгі бес жыл шегінде қанша шаруа атқарылғанымен, өңірде ана мен бала өлімі азаймай келеді. Сондықтан дәрігерлер арасында медициналық тәртіпті күшейту қажет. Бұл ретте жиналғандарға Үржар аудандық ауруханасының жұмысы үлгі етілді.
Бас дәрігер Әсемгүл Рахымбаеваның айтуынша, аурухана заманауи техникалармен жабдықталған. Дәрігерлердің кәсіби шеберлігі жоғары. Құжат айналымының жартысынан астамы электронды форматқа ауысқан, «Дамумед» бағдарламасы белсенді қолданыста.
– Соңғы бес жылда өңірдің медицинасына бұрын болмаған қолдау жасалды, дәрігерлерді шетелде оқыттық. Алайда нәтижеге әлі көңіл толмайды. Көрсеткіштер жақсарып кеткен жоқ. Сондықтан жұмысты ширатып, бақылауды күшейту қажет. Бородулиха ауданынан үлгі алыңыздар. Олар баяғыда қағазсыз режимге көшкен. Ал аурухананың бас дәрігері Үмуд Эфендиевтің өзі де шетелде білімін жетілдіріп жатыр, – деді әкім.
Облыс басшысы Даниал Ахметов ауданға сапары барысында Көкпекті ауылындағы 2017 жылы ашылған «Талап» бизнес-орталығының жұмысын аралап көрді. Бұл күні мұнда көкпектілік кәсіпкерлер өндірген өнімдердің көрмесі ұйымдастырылыпты. Бизнес-орталықта ХҚКО, кәсіпкерлер палатасы, жер кадастры, нотариус және бірнеше қаржылық мекеме орналасқан. Отыз орындық қонақ үй кешені де бар.
Мұнан соң өңір басшысы «Ұлы дала елі алаңы» деп аталған орталық алаңның абаттандырылуымен танысып, аяқталған құрылысқа оң бағасын берді. Әуенді субұрқақ, үлкен экран, ақшаңқан киіз үйлер, қазақы нақышта жасалған шағын архитектуралық формалар – бәрі-бәрі алыстан көз тартады. Одан бөлек, өңір басшысына болашақта осы жерде салынатын денешынықтыру-сауықтыру кешенінің, Көкпекті ауданын таза ауызсумен қамту жұмыстарының және ауылдарда салынатын саябақтардың жобаларымен таныстырды.
Көкпектідегі жұмыс сапары аясында облыс әкімі Даниал Ахметов ауданның активімен кездесіп, атқарылған шаруалар үшін өзінің ризашылығын білдірді. Сонымен бірге алда тұрған негізгі міндеттерге тоқталды. Кездесу соңында бірқатар азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button