Киберспорт ойынқұмарлық емес пе?

Қазақстандық киберспортшылар бүгінде әлемді бағындыруда. Заман талабымен пайда болған жаңа спорт түрін бүкіл әлем қолдап отыр. Киберспорт Қазақстанда тек 2018 жылы мойындалды.
Компьютерлік ойын ойнау арқылы қыруар қаражат табуға болады. Бұл заман талабына сай дамып келе жатқан жаңа индустрия. Қазіргі кезде осы киберспорттан Еуропа елдерінен құралған команда, Солтүстік Америка және Қытай құрамалары топ жарып отыр.
Киберспорт деген не?
Киберспорт – компьютерлік ойындардың жарысы. Бірақ компьютер ойнайтын адамдардың барлығы киберспортшы емес. Иә, барлығы ойынға деген құштарлықтан басталады, дегенмен ойыншы ойын ойнау арқылы қандайда бір биікке, жетістікке жеткенде ғана киберспортшыға айналады.
Қазақстанда тоқсаныншы жылдардың аяғында киберспорт компьютерлік клубтардағы әуесқой топтар арасындағы жарыс түрінде дами бастады. Шамамен 10 жылдай бұрын киберспортпен кәсіби түрде айналысатын топтар құрылды.
Жалпы киберспортпен айналысу үшін бірнеше адам топ құрып немесе жекелей өзі айналыса алады. Бүгінде еліміздегі және әлемдегі киберспортта «Fortnite», «FIFA», «CS GO», «Clash Royale», «Tekken 7», «starcraft», «Rainbow Six», «PUB PC», «PUB Mobile», «Mortal Kombat 11», «PES 20» сынды компьютерлік және ұялы телефондағы ойындар арасында турнирлер ұйымдастырылады. Әр ойынның өз шарттары мен ережелері болады. Жеңімпаздар қомақты қаржылай сыйақыларға ие болады.
Айта кету керек, елімізде 2017 жылы киберспорт федерациясы құрылды. Аталмыш федерация әлемдік турнирлерге қазақстандық спортшылардың шығуын ғана бақылап қоймай, ел ішінде де түрлі турнирлер өткізеді.
Қазақстан әлем назарында
Әлемдік аренада 2017 жылғы CS:GO бойынша PGL Major Krakow турниріндегі 3 қазақстандықтан құрылған Gambit Esports командасының жеңісі, 2020 жылдың көктемінде ұйымдастырылған PUBG Mobile Club Open-PMCO Spring Split еуропалық финалында KoninaPower қазақстандық бестігінің жеңісі және 2020 жылы Dota 2 құрамасының Iesf World Championship финалдық кезеңіне өтуі қазақстандық киберспортсмендерді брендке айналдырды.
– Қазақстандық киберспортшылардың халықаралық ареналардағы жетістіктері Қазақ киберспорт федерациясының жүйелі жұмыстарына байланысты. Ел арасында көптеген кибердисциплинадан турнирлер өткізіп отыр. Бұл жерде турнилердің тұрақты түрде ұйымдастырлатынын және турнирлер желісі үнемі кеңейіп отыратынын атап өткім келеді, – дейді QCF PR-директоры Батырхан Тогайбаев.
Бүгінде Qazaq CyberSport Federation турнирлік инфрақұрылым құрып, қазақстандық киберспортшылар онлайн режимінде кез келген әлемдік турнирге қатысу мүмкіндігіне ие болды.
– Қазір біз қарыштау кезеңіндеміз. Киберспорт кейбір жастар үшін әлеуметтік лифтке айналды: олар біздің турнирлерде жеңіске жетіп, жақсы ақша табуда, сондай-ақ спорт шебері мен спорт шеберінің кандидаты сияқты ресми атақтарын алады, – Батырхан Тогайбаев.
Бүгінде Қазақстан киберспорт саласында айтарлықтай жетістіктерге жетіп келеді. 2024 жылы өткен Future Games (Болашақ ойындары) халықаралық турнирінде қазақстандық «Xgod» командасы «Counter-Strike 2» ойынында жеңіске жетті. Турнирге барлығы 260-тан астам команда қатысып, қазақстандықтар жоғары нәтиже көрсетті.
Сонымен қатар, Қазақстаннан 48 киберспортшы «Future Games 2024» аясында 13 түрлі дисциплина бойынша жарыстарға қатысып, жалпы 175 мың доллар жүлде жеңіп алды.
Бұдан бөлек, 2026 жылы Қазақстан киберспорт тарихындағы маңызды оқиғалардың біріне айналатын «Болашақтың ойындары» (Phygital Games of the Future) халықаралық турнирі Астанада өтуі мүмкін. Бұл жарыс дәстүрлі спорт пен цифрлық спортты біріктіретін ерекше форматта өтеді. Қазақстан 2018 жылдан бері 140-тан астам киберспорттық турнир ұйымдастырып, бұл салада қарқынды дамып келеді.
Шығыста да киберспорт бар
Шығыс Қазақстан облысы да киберспортшылардан кенде емес екен. Тек Өскемен қаласындағы екі жоғары оқу орны киберспорт ойындарын қолдап, жыл сайын турнирлер өткізеді.
С. Аманжолов атындағы ШҚУ 2015 жылдан бері студенттер арасында киберспорттан жарыстар ұйымдастырып келеді. Ал Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың студенттері бұл қатарға 2020 жылы қосылды.
– Біздің университет жанында кибер орталық бар. Бұл орталықта студенттеріміз киберспорттық жарыстарға дайындалады және қатысады. Студенттер респубилкалық жарыстарға қатысып жүр. Бұл жарыстардың да өз дисцплиналары бар. Командада бес негізгі қатысушы және үш қосымша қатысушылар бар. 2023 жылы біздің киберспортшылар финалға жетті. Бірақ 2024 жылы жарысқа қатысу мүмкіндігіміз болмады, – деді Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ киберспорт менеджері Руслан Четдыкбаев.
QCF PR-директоры Батырхан Тогайбаев өз сөзінде шығысқазақстандық киберспортшылардың жоғары потенциалын атап өтті.
– Елімізде киберспортшылар өте көп және олар әр өңірде бар. Біз олардың турнирлерге қатысуынан оң динамиканы көріп отырмыз. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысынан біздің турнирлердің іріктеуіне көптеген жастар қатыса бастадә және олардың нәтижелері де тамаша, – деп атап өтті Қазақ киберспорт федерациясының PR-директоры.
Компьютерлік ойын – әуестік пе, кәсіби шеберлік пе?
Компьютерлік ойындарға деген әуестік Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ресми түрде ауру деп танылған. Компьютерге құмарлық аурулар мен денсаулыққа байланысты проблемалардың халықаралық статистикалық тізбесінің он бірінші орнына жайғасты. Осы тұста әлемде қарқынды дамып жатқан киберспорт «ойынқұмарлық емес пе?» деген сауал туындайды.
– Ойынқұмар болу есірткіге салыну сияқты адам өміріне, тікелей денсаулығына зиян және жанына қатты жара салады. Ойынқұмарлық жас-тар арасында кең таралған. Бұл әке-шешесінің тарапынан жылулық көрмеген балаларда жиі кездеседі. Ата-анасының ішімдікке салынуы, не болмаса ата-анасы жұмысбасты болып, балаға уақыт бөлмеген кезде, өз бетімен өскен бала өзіне жетіспеген махаббаттың орнын компьютер ойнап, сол жерден алатын эмоциялармен толтыруы мүмкін, – дейді Қазақстан психологтар қоғамының мүшесі, психоаналитик Назигуль Таубакулова. – Адамның бойындағы депрессия оны ойынға әуес етуі мүмкін. Депрессия дегеніміз жоғалту. Өзін-өзі жоғалту, жақынын жоғалту. Сондықтан оның бойын қорқыныш билейді. Бойындағы қорқынышпен бетпе-бет келгісі келмегендіктен адам күні-түні ойын ойнап, басқа бір әлемде, басқа бір миссияларды орындап, өз өміріндегі проблемалардан қашады.
Психологтың айтуынша, ойынқұмар адамды емдеу оңай емес. Ол үшін көп уақыт және отбасының қолдауы керек.
– Психологтар мен психоаналитиктер мұны «отбасылық невроз» деп атайды. Сондықтан емдеу шарасына да барлық отбасы мүшелері қатысуы керек, – деп атап өтті Назигүл Абылхасқызы.
Айта кету керек, ойынқұмарлық деген диагнозды кез келген адам қоя алмайды. Оны тек білікті мамандар ғана қоюы керек.
Қазақ киберспорт федерациясында ойынқұмар адаммен киберспортшының ара-жігін ажыратып берді.
– Барлығының бастауында компьютерлік ойындар тұр, бірақ ойыншылар мен әуесқойлардың ойынға деген көзқарастары екі түрлі. Бізде «геймер» және «киберспортшы» дегенді автоматты түрде компьютерлік тәуелділік проблемасына қатыстырады. Бұл түбегейлі дұрыс емес. Киберспортшылардың уақыты нақты және қатаң түрде құрылған. Киберспортшының компьютерлік ойындарына әуесқой адамнан және лудоманнан айырмашылығы, ол ойында күніне 8-10 сағат отырмайды. Себебі жарыстарда киберспортшыға құр дағды аздық етеді. Оған реакция қажет, яғни, керек кезде зейінін арттырып, керек кезде демала білуі қажет, оған физикалық тонус қажет. Мұның бәріне компьютердің алдында телміріп отырып қолжеткізу мүмкін емес, – деді Батырхан Тогайбаев.
Мұның барлығына киберспортшы жаттығу залында жүріп қол жеткізеді екен.
Ақерке Рағызбаева