Цифрлық Қазақстан

Кибербуллинг: қауіп пен қатер

Цифрлық дәуір өмірімізге терең енген сайын сақ болу керек екенін ел енді түсініп келе жатқандай. Сақ болмасаң, астыңдағы тақтан да, басыңдағы бақтан да  бір сәтте айырылып қалуың оп-оңай.  Тіпті өмірің де құрбандыққа шалынып кетуі әбден мүмкін. Жалдамалы жендеттер өмірде ғана емес, әлеуметтік желіде де толып жүр. Осы орайда біз кибербуллинг мәселесі төңірегінде біраз әңгіме қозғамақпыз.

 Ғаламтор дәуірі қауіпке толы

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы былтырғы  Жолдауында «Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Бір сәттік танымалдықты көксейтін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда. Бұл – аса қатерлі үрдіс» деген болатын. Шынында да, қауіпті ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап қана емес, ғұмырын да үзіп кетіп жатқаны рас еді.

Жалпы  «bullying» сөзі ағылшын тілінен аударғанда “қорқыту”, “кемсіту”, “мұқату” дегенді білдірсе, әлеуметтік желілердің қарқынды дамуымен буллингтің жаңа түрі пайда болды. Ол – кибербуллинг, яғни әлеуметтік желідегі әлімжеттік. Психологтардың айтуынша, кибербуллинг адамзат баласы жаралғалы бері жалғасып келе жатқан шабуылдың бір түрі. Тек сыртқы формасы ғана өзгерді. Бұрын да мектепте бір-бірімен төбелесіп, жаға жыртысып қалатын оқушылар болған. Қазір ол тек виртуалды сипат алды. Кибер шабуылшылар әлеуметтік желіде, чаттар мен белгілі бір тақырыпты қозғаған форумдарда отырып алып тас лақтырып, адамның ар-намысына тиіп, «біреудің басын жарып, көзін шығарып» отырады.  Ал шындығында,  адамның жанын сөзбен жеу, жаралау, қорлау оның етін жегеннен әлдеқайда ауыр.  Кибербуллинг балаларды былай қойғанда,  тіпті  ересектер үшін де  өте қауіпті.

Өткен жылдың шілдесінде болған Аягүл  Мантай оқиғасы есіңізде ме?  Мәскеуде білім алған, болашағынан үлкен үміт күткен жазушы қыздан неге көз жазып қалдық? Ал талантты әнші Жанар Хамит неге өзіне-өзі қол салды? Көпшіліктің жүрегін қарс айырған осындай оқиғалар соңғы кезде неге жиілеп кетті?  Қалай десек те, кибербуллингке қарсы күреспей, істің оңалмайтыны о бастан-ақ  белгілі еді.

Ал өркениетті елдер кибербуллинг мәселесін әлдеқашан реттеп алғанға ұқсайды.  Мысалы, Оңтүстік Кореяда 2007 жылы кибербуллингке қарсы арнайы  заң қабылдаған болса, Жаңа Зеландияда  қылмыстың мұндай түріне барғаны үшін адамды екі жылға бас бостандығынан айырып, 40 мың доллар айыппұл салатын көрінеді. Мұндай заң Германияда да бар.  Францияда мұғалімдер оқушылардың блогтарын бақылап, зардап шеккендерге әрдайым көмек көрсетіп отырады.

Кибербуллингтен, әсіресе балаларды қорғау өте маңызды. Осы орайда Comparitech ұйымының  балалардың екі тобына жүргізген зерттеуі көңіл аударарлық. Бірінші топтағылар ғаламтордағы қорлауды басынан өткізсе, екінші топтағы балалар өмірдің басқа қиындығын басынан кешкендер, яғни жақынынан айырылғандар, денсаулығы жоқтар, тұрмысы төмендер және т.б.  Осы екі топтың соңғысына қарағанда біріншісінде өзіне-өзі қол салушылыққа ұмтылу оқиғасы екі есе көп тіркелген көрінеді.  Көрдіңіз бе? Кибербуллинг адамның жанын ғана жаралап қоймай, психологиясына кері әсер етеді.

Кейбір деректерге қарасақ,  Қазақстанда 2020 жылы балалар мен жасөспірімдер арасында 143 суицид, 193 суицидке талпыну жағдайы тіркеліпті. 2021 жылдың бірінші жартысында 105 суицид, 105 талпыну оқиғасы тіркелген.

Осы орайда Мемлекет басшысының өзінің Жолдауында,  әсіресе балаларды осы кибербуллингтен қорғау бойынша заңнамалық нормаларды қабылдауды тапсыруы өте орынды болатын.

Көп ұзамай «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқығын қорғау, білім беру, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы  қоғамның талқысына ұсынылды. Әлеуметтік желіде заң жобасы  өзгерістерді ұсынған депутаттар Айдос Сарым мен Динара Закиеваның атымен «Сарым мен Закиеваның түзетуі» деп  аталып кеткені белгілі. Әрине, «заңға түзетулер енгізілген жағдайда еліміздің интернет кеңістігіндегі Фейсбук, Инстаграмм, Телеграмм, Вацап, Ютюб секілді желілердің жұмыс істеуі шектеледі, Парламент кибербуллингті желеу етіп, цензураны күшейтпек» деп байбалам салғандар да көп болды. Наразы топ Парламент Сенаты мен Президентті әлеуметтік желілер мен мессенджерлер жұмысын шектеуге мүмкіндік беретін түзетулерді қабылдаудан бас тартуға шақырып, петиция да ұйымдастырды.

«Миллиондаған қазақстандық аталған әлеуметтік желілерді байланыс үшін, кәсібін дамытуға, сонымен қатар, елдегі саяси өмірге араласу құралы ретінде қолданады. Бұл Қазақстанның әлем қауымдастығына адам құқығын сақтайтын сыйлы мүше ретінде интеграциясына ғана соққы емес, сонымен қатар ел экономикасына үлкен қауіп төндіруі ықтимал» деп жазылған петицияда. Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым болса,  бұл заңның көбіне медиа саласы өкілдерінің  қызығушылығы мен үрейін тудырғанын айтады.

– Экономика, басқа да салада жүрген азаматтар бұл заңға аса қызығушылық тудырған жоқ. Тіпті петицияның астына көп  адам қол қойған жоқ. Осы астанада өткен митингіге 100-ге жуық қана адам келді. Осы ма қызығушылық? Менің ойымша, бұл заң белгілі себептермен құқық қорғаушылардың, интернеттегі белсенді азаматтардың және медиа саласының мәселесі болғандықтан журналистер осы тақырыпты көбірек көтеруге тырысты. Шындап келгенде, мына заң ішінде әлдеқайда маңызды, әлдеқайда терең, миллиондаған азаматтың құқығы мен денсаулығына қатысты дүниелер көзделген, – дейді ол.

Кибербуллингтен қалай қорғану керек?

Сөйтіп, заң жобасы қабылданып, Президентке қол қоюға жіберілді. Сенаторлардың ұсынысы бойынша енді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өз қалауы бойынша интернет-ресурстардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жұмысын шектеп немесе тоқтата алмайды. Тек балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты ғана жоюға болады. Балаларға қатысты кибербуллинг қандай  болатынын арнайы құрылған сарапшылар тобы шешеді.

Жалпы, кибербуллингтен қалай қорғану керек? Мамандар егер адам әлеуметтік желіде кибербуллингке ұшыраса,  ар-намысыңа тиген адамды  бірден бұғаттау керек екенін айтады. Постқа шағым түсіру керек. Сондай-ақ хабарламалар мен посттарға жауап бермеу қажет.  Және хабарламалар мен посттарды  скриндеп, кейін заң жолымен шағымдануға айғақ болуы үшін сақтап қойған жөн.

Былтыр белгілі продюсер Дана Орманбаева блогер Жанна Ахметованы сотқа берді? Неге? Өйткені блогер Дана Орманбаеваны «кәнден» деп, ар-намысына тіл тигізген. Сот Жаннаны кінәлі деп тауып, оған 1 389 000 теңге айыппұл салды. Кейін Exclusive басылымына берген сұхбатында Дана Орманбаева:

– Аға ұрпақ бізді әлі күнге дейін «тыныш отыр» деп басып келеді. Біз генетикалық тұрғыдан күресуші емеспіз. Кішігірім қарсыласқа төтеп беруге дағдыланбағанбыз. Біздің азаматтар сотқа жүгінгенді ұнатпайды, процеске қатысқысы да келмейді. Олар үшін куәгер ретінде бару, «сот» ұғымының өзі қорқынышты болып көрінеді. Мен сотқа өзім үшін емес, адамдар ертең әділдіктің салтанатын іздеуден қорықпайтындай прецедент жасау үшін бардым. Қолсұғушылық – бұл біздің «тыныш» деп үйренген мәдени кодтың нәтижесі. Егер біреу бірдеңе бүлдірсе, оған күш-қуатыңды жұмсамай, өз жөніңмен жүр дейміз. Меніңше, күшің мен назарыңды, уақытыңды жұмсау қажет. Қарапайым ғана құндылықтарды сақтау қоқысқа орамаларды тастаумен өлшенбейді, ол  әлеуметтік қоғамға немқұрайлық танытпау. Және біз сол қоғамда өмір сүретінімізді ұмытпауымыз керек», – деді.

Психологтар кибер шабуылшылардың да кезінде кибербуллингтің құрбаны болғанын айтады.  Кейде мұндай қадамға бақытсыз, өз өміріне көңілі толмайтын адамдар жиі барады екен. Тағы бірі біреуді қорлаудан, төмендетуден  ләззат  алады. Олардың арасында өзіндік  ойы жоқ, көпшіліктің айтқанымен жүретіндер де бар. Сонымен бірге, кибер шабуылшылардың ішінде ақшаға жалданатын  боттар да көп. Сондықтан да әлеуметтік желідегі өзің туралы айтылған жағымсыз пікірді жүрекке тым жақын алудың қажеті жоқ.

Қалай десек те, қоғамда қызу талқыланған заң қоғамдағы небір бақытсыз жағдайлардың алдын алады деген сенім мол.

Мейрамтай Иманғали 

 

 

Осы айдарда

Back to top button