Спорт

Кіл мықтылар Кенді Алтайда бас қосты

Әлем елдерінен жиналған теннисшілер облыс орталығында өткен біріншілікте бас қосты.

Тамыз айының алғашқы аптасы Кенді Алтайдың орталығындағы теннис сүйер қауым үшін ерекше өтті. Мұнда әлемнің төрт бұрышынан жиналған 32 теннисші «Smash» теннис орталығында өткен M15 Ust-Kamenogorsk Халықаралық ерлер турнирінде кездесіп, бас жүлдені сарапқа салды. Талантты теннисшілер Австрия, Марокко, Украина және Франция сынды мемлекеттерден келді.

ТОР – 500 әлемдік рейтингіндегі ең мықты деген спортшылар бақ сынасқан бұл жолғы жарысқа Қазақстан атынан тоғыз теннисші қатысты.

Жалпы, Өскеменнің халықаралық теннис федерациясының осындай біріншіліктерді өткізу орны ретінде таңдалуы алғаш рет емес. Бұған дейін осы тектес әлемдік масштабтағы спорт додасы 2019 жылы өткен болатын, өйткені мұндағы теннис корттары барлық халықаралық стандарттарға сай келеді.

– «Smash» теннис орталығы кез келген спортшыға ұпай жинап, өз дәрежесін көтеруге жақсы мүмкіндік береді, – дейді «Казцинк» компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев. – Біздің орталығымыздың халықаралық теннис федерациясы тарапынан жоғары бағаға ие болып, қала тұрғындарының шетелдік спортшылардың ойындарын келіп тамашалай алуы – біз үшін ерекше мақтаныш. Корттарға келем деушілерге есігіміз әрдайым ашық.

Халықаралық теннис федерациясының супервайзері әрі аталмыш жарыстың бас төрешісі Андрей Гарибянның айтуынша, теннис жыл он екі ай үздіксіз ойналатын спорт түрі болғандықтан, бұл жердегі ең басты мақсат жинаған ұпайды зая жібермеу болып табылады. Оның үстіне, Өскеменде ұйымдастырылған бұл жолғы жарыс кәсіби тенниске бастайтын алғашқы саты болғандықтан мұндай турнирлерден қалыс қалмауға тырысатын спортшылар қарасы да көп көрінеді.

– Өскеменге алғаш рет келіп отырмын, – дейді Андрей Гарибян. – «Smash» теннис орталығының корттары барлық стандарттарға сай екен. Негізінен, мегаполистерде ғана болатын осындай орталықтардың Өскемен сынды кішігірім қалаларда болуы – көп кездесе бермейтін жайт. Жалпы, мұндай жарыстарды ұйымдастыруда ең минималды талаптар қойылып жатады. Алайда өскемендік ұйымдастырушылар талаптарды жоғары деңгейде ұйымдастырып, спортшылар үшін ерекше мүмкіндіктер беруде.

Дәрежесі жоғары осындай жарыстарда өзіңнің қорқынышыңнан асқан қарсыластың жоқ екенін алға тартқан турнир қатысушыларының бірі – Мәскеу қаласынан келген Александр Чепик тәжірибені көп жинау спортшының рейтингін еселеп арттыратын бірден-бір мүмкіндік екенін айтады.

– Мәскеу чемпионымын. Бірнеше жыл Ресей Федерациясының теннис құрамасында резервте болдым. Америка Құрама Штаттарында оқыған кезімде конференцияның бірінші дивизионында жыл ойыншысы атағын жеңіп алғанмын. Өскеменде өтіп жатқан теннис жарысындағы қарсыластарымның барлығы дерлік мықты спортшылар. Жалпы, Өскемен қаласы менің отбасыма жат қала емес. Өйткені әкем жас кезінде осы қалада біраз жыл тұрған, – дейді ол.

Осылайша, ерлер арасында өткен M15 Ust-Kamenogorsk халықаралық турнирінің ақтық сынында ресейлік екі спортшы Бекхан Атлангериев пен Савриян Данилов кездесіп, қос сеткада да 6:3, 6:4 есебімен Бекхан Атлангериев басым түсті. Нәтижесінде ол бас жүлдеге қол жеткізіп, турнир жеңімпазы атанды.

Жалпы, Өскемендегі теннис додасы осымен ғана аяқталмай, сегізінші тамыздан «Smash» теннис орталығында әлемдік ТОР-200 рейтингідегі спортшы әйелдер арасындағы W25 Ust-Kamenogorsk турнирі басталып кетті.

Азамат Темірбеков

 

Осы айдарда

Back to top button