Киелі қорым
Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын өз басынан өткен бұл оқиғаны Дүйсенбай ақсақал күні бүгінге дейін таңдана айтып отырады.
Кеңшарға алғаш келе бастаған «ГАЗ-51» мәшинесі орталықтан шалғайдағы бір бөлімшеге де бұйырып, ол жүргізуші куәлігі бар Дүйсекеңе тисе керек.
Мәшинеге ие болған жылдың көктемінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат сайлау науқаны өтіпті. Ол кезде шағын ауылдарда сайлау пункті болмағандықтан, дауыс беру маңайдағы іргелі ауылдарда өтеді екен. Дүйсекең сайлау күні ауылдың дауыс беретін адамдарын тиеп алып, он шақырым жердегі Алға ауылына аттанады. Көрші ауылда ұзақты күнді ырду-дырдумен өткізген сайлаушылар кеш қарая кері қайтады. Қырсық шалғанда, жол ортадағы Жаманбұлақтың екі жағына көктемгі тасқын су жайылып, жол үсті лай батпаққа айналып кеткен екен. Содан әлгі бұлақтың екінші жағына шыға бергенде мәшиненің оң жақ артқы доңғалағы қайраңдап қалады да, жас жігіттер әудем жердегі ескі қорымнан тас тасып, мәшинені зорға шығарып алады.
Ол арада бірер күн өткенде тағы да сол Жаманбұлақтан өте бере көлігінің алдыңғы доңғалағы атылады. Енді бірде дәл осы жерде радиаторының суы қайнап кетсе, тағы бірде «Лесхоздан» екі көлік болып, сырғауыл тиеп келе жатқандарында Дүйсенбайдың жүгі екі жаққа шашылып түсіпті. Қараса, екі жерден буған арқан пышақпен кескендей қиылып кеткен екен. Осыдан кейін Дүйсекең Жаманбұлақты басып өтуге жүрегі дауаламай, осы жаққа жолы түскенде алты шақырымдық айналым жолмен жүретін болыпты.
– Бірде сөзден сөз шығып, осы оқиғаны сапарлас болып келе жатқан Қажыбек деген қарияға айтқаным бар. Қарт көп ойланбастан Жаманбұлақ ертеде өзінің аталасы Көбелек деген қажының атақонысы болғанын және оның сүйегі сол қорымда жатқанын айтты. Көбелек бір басына бірнеше өнер қонған кісі болыпты. Мекке-Мәдинеге барған сопылығы өз алдына, жауырыншы-көріпкел, емші-сынықшы да екен. Бірде ол ағайын-жұрты жиналып отырған жерде: «Бір күні НКВД мені де құрықтайтын шығар, бірақ, олар жеткенше мен де барар жеріме барып қалатын шығармын» деп өзінің дүниеден озарын алдын ала болжапты.
Қажының айтқаны айнымай келіп, оны соңғы сапарға аттандыруға қам жасап жатқанда ауылға «қызыл жағалылар» сау ете түсіпті.
Сол қария Дүйсенбайға «киелі қорымның басында ақсарбас шалып, Көбелек қажыға бағыштап құран түсір, арғы жағын көре жатарсың» деген екен. Осы әңгімеден кейін ол ауылдың үлкендерін қорым басына алып барып, ақсақалдың айтқанын бұлжытпай орындапты.
– Құдайдың құдіретін айтсаңшы, осыдан кейін Жаманбұлақ мен үшін жақсы бұлаққа айналды. Кейін аудан орталығына көшіп барып, көп жыл автоклубта жүргізуші болып жұмыс істедім. Сол жылдарда да Жаманбұлақтан сан мәрте өтіп жүргенімде көлігім бірде-бір рет бұзылып көрген емес. Тіпті, басқа да кездейсоқ оқиғаға ұшыраған кезім болған жоқ. Ана бір жылы күллі әулетімді киелі қорым басына алып барып, сәуегей қажыға арнап, тағы бір рет құран түсіріп қайтқаным бар, – деп Дүйсенбай ақсақал ондаған жыл бұрын басынан өткен жәйтті әңгімелеп берген еді.
Мұрат Әміренов