Белгілі жәйт

Көгершіннің көмегімен көл-көсір байлыққа кенеліпті

Көгершіннің көмегімен көл-көсір байлыққа кенеліпті

Бүгінгі қоғамда жиі қолданылатын «Ақпаратқа иелік еткен адам, әлемге иелік етеді» деген тәмсіл Ротшильдтер әулетінің кез келген жаңалықты ең алғашқы болып білуге тырысушылығынан туындағанға ұқсайды. Олардың бұл талпыныстары, сондай-ақ хат тасушы көгершіндерді қолға өсіруі аталған әулетті үлкен байлыққа кенелткен.
Тарихта жүгінсек, 1815 жылы француздың атақты қолбасшысы Наполеон «жүз күн» деп аталған жорықтан жеңіспен оралғаннан кейін бүкіл қор биржалары Ватерлоо түбіндегі шешуші шайқастың қалай аяқталатынын тағатсыздана күткен болатын. Мұны ағайынды Ротшильдтер: Натан – Лондонда, ал Якоб – Парижде күтіп жүрді. Олар тек жүрмей тың жаңалықтарды алдымен білу үшін солтүстік-батыс Еуропадағы өздерінің пошташы көгершіндерінің санын алдын ала көбейткен-ді.
Алғашқы кезде Наполеон әскерінің шайқастағы басымдығы анық байқалған, бұл туралы Лондонға жағымды хабар жеткізілген. Алайда бақылаушылар Веллингтон әскеріне көмекке Блюхердің пруссиялық корпусы келетінін, сөйтіп Наполеон жеңіліс құшатынын бағамдай алмаған. Нәтижесінде, бұл хабар пошташы көгершіндер арқылы Ротшильдтерге жетті. Ертеңінде шайқастың немен тынғанынан хабардар болған Натан түк білмегендей өзінің құнды қағаздарын (акцияларын) жаппай сатылымға шығара бастайды. Дәл осындай әрекетті Париждегі Якоб та істейді.
Қор биржасында аласапыран күн туады. Өйткені бүкіл ақпаратқа бірінші иелік ететін Ротшильдтер өздерінің құнды қағаздарын сатуда. Онымен қоса басқалары да қолдарындағы акцияларын саудалауға көшеді. Ағылшындық, австриялық, пруссиялық құнды қағаздар түгел арзанға сатылады. Ал бұл кезде Ротшильдтердің агенттері ол қағаздарды қи сыпырып тиынға сатып алады.
Тек екі тәулік өткеннен кейін ғана биржада Наполеонның жеңіліс тапқанын біледі. Адамдардың көбісі байлықтарынан айырылады, ал Ротшильдтер әулеті бір күнде 40 миллион фунт стерлинг табыс тауып, британ экономикасының айтарлықтай бөлігін иемденіп шыға келеді. Содан бері «Ақпаратқа иелік еткен адам, әлемге иелік етеді» деген тәмсіл қалса керек.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button