Тарих

Әкесінің жазықсыз атылғанын анықтапты

Әкесінің жазықсыз атылғанын анықтапты


Өскемен қаласының әкімдігі мен қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған бір жиында Фарида есімді замандасыммен танысқан едім. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, әңгіме ауаны өткен дәуірде ізі қалған тарихи оқиғаларға қарай ауды.

Жаңа ғана көңілді отырған замандасым, ойына өткен күннің қайғылы оқиғалары оралды ма, әйтеуір, ауыр күрсініп барып әңгімесін бастап кетті.
– Мен Фарида Дайырбекқызымын. Әкем Дайырбек 1938 жылы екінші рет сотталғанда бар-жоғы үш жаста екенмін. Әкемді «қызыл қалпақтар» ұстап әкетіп бара жатқанда маған тесіле қарағаны әлі күнге көз алдымда – дейді, сол бір қиын күнді есіне алып.

Иә, бұл бір ғана Фариданың емес, миллиондаған адамның басынан өткен тарихи қырғын. Солардың бел ортасында болғандардың бірі – Дайырбек Букеновтің өзі және әулеті. Руы жағынан алсақ Найман көкжарлы Бөрте атасынан. Атақоныстары Ұлан ауданына қарасты Желдіөзек елді мекені. Дайырбек 1878 жылы туған. Оқығаны бар сауатты, ауқатты болған. Қазақстанда жаппай колхоздастыру жүргенде Дайырбек Оралұлы халқына араша түсемін деп, «ұлтшыл» атанып, қуғынға түсті. Кеңестің жалдамалы белсенділері жала үстіне жала жауып, «байшыл, ұлтшыл» деп, айыптап, 1930 жылы бес жылға соттатып Карлагқа, одан соң Беломорканалға жер аударады. Артында алты баласымен зайыбы Қайни еңіреп қала береді. Содан 1934 жылы ақталып шыққан Дайырбек отбасы тұрып жатқан Ахмер ауылына келіп, қауышады. Бірақ колхоз жұмысына бармай, жекеменшіктің малын бағады.

– Әкеміз сотты болған жылдары шешеміздің де көрмегені болмапты, – дейді Фарида, – аштық әбден қажытқан. Оның үстіне «халық жауы, бай-құлақтың ұрпағы» деп белсенділер жәбірлеген.

Дайырбек ақталып келгенмен, соңынан із кескен «салпаң құлақтар» қалмайды. Ақыры, 1938 жылы жалған жаламен қайта қамалып, «Сатқын, «Жапон шпионы» деген айыппен 1 қарашада «Үштіктің» үкімімен атылады. Соңында жеті баламен әйелі қалады. Үлкен ұлы Айғазы да «бай-құлақ» ұрпағы деп, жалған жаламен төрт жылға жер аударылады. Ұлы Отан соғысы жылында сұранып соғысқа қатысып, қаза табады. Одан кейінгі ұлы Қадылжан да соғыста ерлікпен мерт болған. Ал қалған ұрпақтары негізінен немерелері бұл күнде өсіп-өніп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып еңбек етіп жатыр. Фарида Дайырбекқызы жоғары білімді, ұстаз. Балалары әкесі туралы тиісті заң орындарына сұрау жіберген екен, төмендегідей жауап алыпты.
Анықтама:

«Приговор приведен в исполнение 1 ноября 1938 года. Заключением прокурора ВК области от 11 мая 1989 года на основании ст. 1 указа Председателя ВС СССР от 16 января 1989 года Букенов Дайырбек реабилитирован».

Старший советник юстиции А.В.Белянин
Осылайша, Фарида әкелерінің жазықсыз атылғанын анықтайды. Өкініштісі, қай жерге жерленгені белгісіз.

Мәуітқазы Зүкенов,
ардагер журналист

Осы айдарда

Back to top button