Кәсіпкерлерге мемлекеттік қызметтер енді «E-license» порталында қолжетімді
Облыстың тағы бір елді мекені ӘАОЖ (Әкімшілік-аумақтық объектілердің жіктеуіші) анықтамалығына енді.
Соның нәтижесінде шығысқазақстандық кәсіпкерлер енді мемлекеттік қызметтерді «E-license» порталында ала алады, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына Шемонаиха ауданы Первомай кентінің кәсіпкерлері ӘАОЖ (Әкімшілік-аумақтық объектілердің жіктеуіші) анықтамалығында аталған елді мекеннің болмауына байланысты «E-license» порталында мемлекеттік қызметтерді ала алмайтындықтарына шағымданды. Бұл бүгін пайда болған мәселе емес. Кәсіпкерлер бұған дейін де «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының облыстық филиалына және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жүгінгенімен, мәселе өз шешімін таппаған.
-Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы облыстық статистика, мемлекеттік кірістер департаменттерінің, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының облыстық филиалының қатысуымен кеңес өткізді. Мәселені шешу бойынша ұсыныстар айтылды. Нәтижесінде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ аталған кентті ӘАОЖ анықтамалығына енгізді. Бүгінгі күні кәсіпкерлер өздеріне қажетті мемлекеттік қызметтерді кедергісіз алуда, – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте.
Кәмал Естай