Жолдау жол нұсқайды

Кәсіпкерлер жаңа өзгерістерді қолдайды

Облыстық Кәсіпкерлер палатасы Мемлекет басшысының үстіміздегі жылдың бірінші қыркүйегінде жариялаған Жолдауын толық қолдайды.

Біз бұл жолы Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы нақты ұстанымдарын білдік. Жолдауда шағын және орта бизнесті дамытуға көп көңіл бөлінген екен. Ең бастысы, кәсіпкерлік қауымдастықтың бірқатар сауалдарын Президентіміз естіп, назарға алған.

Біріншіден, бизнестің қаржылай қолдау алуы жаңа серпін бермек. Түсінікті әрі ашық салық жүйесі арқылы «көлеңкеден» шығудың міндеттері қойылды. Екі жыл қатарынан қолдау таппай жатқан кәсіпкерлікті қолдау жүйесін қайта қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, ол қазірде жұмыс істеп тұрған нормативтік-құқықтық құжаттарға толассыз өзгерістер енгізе бергенше, келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап, шағын әрі түсінікті ережелер дайындауды талап етті. Бұл жайында, әсіресе Салық Кодексіне енгізілетін өзгерістер жайлы Шығыс Қазақстан облысытық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес мүшелері бірнеше жыл қатарынан айтып келе жатқан еді. Біз, қалған төрт айда Президент тапсырмасы бойынша жұмыстар жүргізіледі деп сенеміз. Өйткені, бизнес қолжетімді әрі түсінікті регламенттерді күтеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген тексерулер, әсіресе кедендік бақылау аумақтарындағы өзекті мәселелер бизнестің дамуына кері әсерін тигізетіні жайын өте дұрыс айтты. Аталмыш мәселелерді биыл Кәсіпкерлер палатасы алаңында Қытайға, Өзбекстанға және Ресей Федерациясына тауар экспорттаумен айналысатын бірнеше шығысқазақстандық кәсіпкер көтерген болатын. Кейбір мәселелерді біз облыстық және аудандық деңгейде шештік. Алайда, кедендік бақылау орталықтарының проблемалары «бір терезе» қағидаты бойынша шешіліп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл өз кезегінде шекарадағы тауар айналымын жеңілдетіп, адами факторға байланысты жемқорлық фактілерін жоятыны белгілі.

Президент мемлекет қаржылай көмек көрсетуде негізгі назарды шағын және орта бизнеске аударып отыр. Дей тұрғанмен, ол кәсіпкерлерге еңбекақы көлемін ұлғайтып, салық төлеу сияқты талаптар қойды. Біздің өңірде жаңа жұмыс орындарын ашатын кәсіпорындар құруға ерекше қолдау көрсетіледі. Атап айтсақ, қазірде өңірдегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарына бұрын сотты болған адамдарды жұмысқа алу тәжірибесі енгізілуде.

Мемлекет басшысы елімізде бағамен қатар тауардың сапасына да ерекше көңіл аударылатын мемлекеттік сатып алу жүйесі құрылатынын атап өтті. Құрылыс саласында жұмыс істейтін шығысқазақстандық кәсіпкерлер көп жылдар бойы мемлекетке тауардың сапасы басты назарда болу керектігін айтып келеді. Бұлай болмаса көпшілікке белгілі Өскемен қаласының Бауыржан Момышұлы көшесінде салынған №14 үй сияқты сапасыз құрылыстар пайда бола беретіні белгілі.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жаңа моделіне көшу жайын айтқан ол, барлық келісім-шарттар ашық әрі бәсекелестік негізде жасалуы тиіс екенін ескертті. Бұл жерде Шығыс Қазақстандағы мектептердің асханаларын жалға алған кәіпкерлердің жағдайы еске түседі. Карантиндік шектеулер кезінде олар табысы болмаса да несие қарыздарын, коммуналдық шығындарды, салық пен жалақы төлеуге міндетті болып, үлкен шығынға ұшыраған еді. Жаңа заңда мұндай форс-мажорлы жағдайларда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарттарына қатысушылардың шығындарын өтеуге жеңілдіктер жасалады деп ойлаймын.

Президентіміз банктерде триллиондаған бос ақша жиналса да оның экономикамызға жұмыс істемей жатуы салдарынан еліміздегі шағын және орта бизнестің шамамен 42 миллиард доллар мөлшерінде қаршыландырылмай жатқанын атап өтті. Облыстық Кәсіпкерлер палатасы жанында «Oskemen-Atameken» шағын қаржыландыру ұйымы жұмыс істейтінін айтып өткім келеді. Бұл ұйым арқылы мемлекеттік барғдарламалар аясында бизнес негіздері бойынша курстарды тәмамдаған кәсіпкерлер жылдық үстемесі 6 пайыздық қарыз ақша ала алады. Сонымен қатар, біздің мамандар жүгінген кез-келген кәсіпкерге қарыз алуға қатысты құжаттарын жинақтап, несиені алғанға дейін қолдауға әзір.

Президент Жолдауында айтылған тағы бір маңызды мәселе жыл соңына дейін кәсіпкерлерге жер бөлу мәселесін ашық әрі жеделдету мәселесі болды. Өйткені, жер мәселесі біздің өңірде ғана емес, еліміз бойынша өзекті. Әр апта сайын, бізге облыстың аудан, қалаларынан жерге қатысты өтініштер келіп түсетіндіктен, біз оларды Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінде қарап, көмек беруге тырысамыз. Бизнес өкілдері бос жерлер туралы біліп қана қоймай, сонымен қатар оларды заңды негізде және еш кедергісіз жалға алуға мүмкіндіктері болуы тиіс.

Облыстық Кәсіпкерлер палатасының ұжымы Мемлекет басшысының Жолдауын толық қолдап, өз тарапымыздан ондағы қойылған міндеттердің орындалуына бар күшімізді салатынымызды айтамыз.

Қайрат Мамырбаев,

облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры 

Осы айдарда

Back to top button