Кәсіпкерлер неден қауіптенеді?
Айна Ескенқызы
Облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Кәсіпкерлер палатасы бірлесіп кәсіпкерлердің құқығын қорғау және бизнес саласындағы парасаттылықты арттыру бағытында тұрақты жұмыс атқарып келеді. Кәсіпкерлердің өтініштерін қарау нәтижесінде 16 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, жеті тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев, облыс прокурорының бірінші орынбасары Мейрам Таутенов, облыстық әкімдік және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшылығы, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ірі бизнес өкілдері қатысқан жиында кәсіпкерлерді қорғау мәселелері талқыланды.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары өз сөзінде кәсіпкерлердің құқығын қорғау – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жұмысындағы басым бағыттардың бірі екеніне тоқталды. Ведомство адал бизнестің қызметіне өздері де араласпай, басқа мемлекеттік құрылымдардың да кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесіне заңсыз араласуына жол бергізбеуге ниетті. Дегенмен Талғат Башев кәсіпкерлер көп мөлшерде мемлекеттік сатып алу үшін лауазымды тұлғаларға заңсыз сыйақы мен пара беруге мәжбүр болған жағдайлардың бар екенін де жасырмайды.
– Мұның себебі – кәсіпкер мемлекеттік тапсырыссыз қалудан қорқады, сондай-ақ мемлекеттік және бақылаушы органдар тарапынан кейін қудалау болуы мүмкін деп қауіптенеді, – деп нақтылады департамент басшысының бірінші орынбасары.
Жиын барысында қылмыстық-құқықтық шаралар шеңберінде кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша жүргізілген жұмыстар талқыланды. Кәсіпкерлердің өтінішін қарау нәтижесінде 16 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, жеті адам әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру аясында бизнес өкілдерін, палата қызметкерлерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңа өзгерістермен таныстыру жұмыстары жалғаса береді.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің парасаттылығын ынталандыру да маңызды. Өйткені бизнес-қоғамдастық өкілдерінің өздері сыбайлас жемқорлық мәмілелерінің бастамашысы болған фактілер де бар.
Мәселен, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет соңғы үш жылда бизнес өкілдеріне қатысты 11 сыбайлас жемқорлық қылмысын тіркеп, 15 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартты.