Тарих

Кенжеғұлдай би болған Орта жүзде

Кенжеғұлдай би болған Орта жүзде
Кенжеғұлдай би болған Орта жүзде
Кенжеғұл – қазақ жетпес бағасына,
Төрт арыс билік айтқан баласына.
Байтоқа, Кеңесбай мен құт Данияр,
Таймаған сөзін сөйлер шамасына,- дейді он жеті жастағы ақын Сара. Біржан салмен сөз сайысына түскен айтыскер қыз өз елінің игі жақсыларын тіліне тиек етеді. Осында Сара дәріптеп отырған Кенжеғұл деген кім?

Жеті атадан шешендік үзілмеген әулет
Жалпы, «Біржан-Сара» айтысында алпысқа жуық адамның аты-жөні айтылады екен. Сондай-ақ ол адамдар – тарихта болған тұлғалар.
Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Прометей алауы» атты кітабында мынадай дерек келтіреді: «…Тегінде, қалың Қаракерей өз ішінде Байыс, Байсиық, Байжігіт болып тарамдалса, бес Байыстың бірі- Сыбан. Бұл күнде жеті атаға жаңа толған Сыбан әулетінің өскендігі сонша, бес болыс елді құрайды. Сыбаннан бес ұл тараған: Бикөбек(Жарасқұл), Жанкөбек, Еркөбек, Бөрікөбек, Байкөбек».
Қазақтың атақты жырауы әрі батыры Ақтанберді Бөрікөбектің Сары деген ұлынан өрбісе, Дулат ақын ер Еспенбет шыққан Бикөбектен туады. Ал біз сөз еткелі отырған Кенжеғұл Жанкөбектен тарайды. Енді осыны таратып көрсек.
Сонымен, филология ғылымдарының докторы, профессор Серікқазы Қорабай: «Жеті атасынан бері билік үзілмеген Жанкөбек әулетін қазақ тарихындағы айрықша құбылыс – феномен дей аламыз», – деп баға береді. Сонда Жанкөбек әулетінің феномендігі неде?
Жанкөбектен туған Нар дауысты Нарынбай исі қазақ еліне белгілі би болған. Ерте кезде, Тәуке ханның тұсында Нарынбай – Ташкенттің бір қақпасына иелік етіп, әділ билік жүргізген тұлға. Одан тараған Қу дауысты Құттыбай да XVIII ғасырда қазақ тарихында өзіндік орны бар, Қаздауысты Қазыбек би қартайып, тұғырдан түскен соң, ұлы бидің орнын басқан Орта жүздің биі болған. Ол Абылай ханның бетке ұстар биі, ақылшысы ретінде танылған. 1760 жылдары Абылай ханның атынан Бейжіңге барып, Шың империясымен келіссөз жүргізген елшілердің бірі.
Қу дауысты Құттыбайдан тараған Байқара, Ботақара, Боран мен Сейтен де – елге билік жүргізген, қара қылды қақ жарған шешендігімен танылған, тарихта болған адамдар. Ел ішінде осы төртеуін «Төрт Құттыбай» деп құрметтеген деседі. Құттыбайдың үлкен ұлы Байқара да, оның ұлы Ақтайлақ та Орта жүзде билік жүргізген, ел басқарған, әділ шешім шығарып отырған билер болған. Міне, осындай текті ұрпақтың жалғасы, «түңлігін мұнар шалмаған» Құттыбайдың қара шаңырағының иесі Сейтен мырзадан туған Кенжеғұл да – жастайынан жұртқа сөзін өткізе алған, халық сеніміне ие болған, әділдігімен танылған, дуалы аузынан уәлі сөз шыққан би.
Кенжеғұл бидің зираты Абай ауданы, Құндызды ауылының шығысына қарай бес шақырым жерде орналасқан. Бұл қасиетті жерде атақты Ақтанберді жырау да дамылдап жатыр. Бұрынғы рулық текетіресте жер аумағын анықтау үшін белгілі тұлғаларды шекара шетіне арулап жерлеу үрдіс алған. Ендеше, Тобықты елімен құдандалы болған Сыбан жерінің шекарасында осындай тұлғалардың қатар жатуы заңды. Кенжеғұлға «би» атағын 1795 жылдары ер аралап жүрген Уәли хан беріп кеткен деседі. Ал жазушы Әкім Ысқақ «Ақсауытты Ақтанберді» атты жинағында «би» атағын Абылайханмен байланыстырады.Дегенмен оқиға барысы былай өрбіген:
Ханның етек-жеңі мол, кеңқолтық Найман еліне ішкі дауға төрелік айтып, кешегі жаумен соғыста қаһармандық танытқан айбатты, айтары бар Ақтанберді батырға сәлем беру ниеті болған. Ханды Ақтанберді батыр мен Байқара би қарсы алады.
«Хан батырға қолын беріп, төс қағыстырып амандасады.
-Талайды басынан өткерген Ақтанберді тарланым, аманбысың?- дейді. Ханның ерекше ықыласын сезінген жұрт қатты риза болады.
Байғара бидің үйіне түскен хан жұрттың арыз-шағымдарына қатысты әділ шешімін айтады. Енді бір сәтте кезек ән мен жырға беріледі. Ел ішіндегі Құлыбек ақын Қорқыт бабаның «Сары өзен» күйін тартады. Күй тоқтаған сәтте, ханның көзі шеткері отырған қараторы жігітке түседі.
-Мына төстек қара кім?-деп сұрайды хан.
-Бұл, Сейтеннің баласы Кенжеғұл,-дейді.
-Әлгі түйе баққан Сейтен бе?
-Иә.
-Кімнің түйесін баққан екен?-дейді Кенжеғұл.
-Өз түйесін.
-Түйе баққанның кемшілігі болмас. Ұлы жүз Төле бидің түйесін баққан сіздей болсақ, арман жоқ қой бізде.
Мына сөзден кейін жұрт тым-тырыс болып қалды.
…Ертесіне Абылай хан қоштасарда:
-Түндегі менімен сөз таластырған төстек қара жігіт Кенжеғұл бидің бірі болып сайланатын болсын. Тілінен де, қолынан да іс келетін жас екен, – деп аттанып кетеді».
Ал Аягөз сыртқы округі приказының Сібір казактары шекаралық басқармасына жазған 1843 жылдың 24 сәуіріндегі рапортында Кенжеғұл Сейтенұлының 1842 жылы 60 жаста болғандығы жазылған(суретте).
Сол себепті де Кенжеғұлдың хан Абылаймен кездесуі екіталай. Бұл жерде әңгіме 1781-1822 жылдар аралығында Абылайдан кейін Орта жүздің ханы болған Уәли хан жайында болса керек.
Жалпы, Кенжеғұл би туралы деректер көп емес. Десе де, ел ішінде оның айтқан өткір сөздері мен аңыз боп қалған іс-әрекеттері сақталған екен. Соның бір тобын ұсынып отырмыз.

Артыңда қалған асыл сөз
Алшынбай қызын келін қылып түсірерде, өз заманының атқамінері, беделді сұлтаны Құнанбай Тәкежан мен Ысқақты да үйлендірмек болып, үш отауды қатар тікпек ниетпен ертерек құдандаласқан Кенжеғұлға немере қызы Қаражанды ұзатсын деп кісі салады. Сонда Кенжеғұл би:
-Құнанбай неден састы? Қызым әлі он беске толған жоқ, жас баламды бере алмаймын, -деп келген кісісін кері қайтарыпты.
* * *
Ертеректе Сыбан мен Тобықты елдерінің арасында жер дауы жиі болып тұрған екен. Сондай бір қақтығыста Құнанбай қажы Кенжеғұл биге сәлем айтып жібереді:
– Ертең орыс ұлығы келеді. Таласты жерге билік айтады, Сыбандар отырған жерінен көшсін,- дейді.
Сонда би:
-Құнанбай мені ұлықпен қорқытпасын. Ол тым орысшыл болып кеткен екен. Түбінде қазған көріне өзі түсіп кетіп жүрмесін! – деп жауап қайтарады. Кейін Құнанбай істі болып, Омбыға айдалып бара жатқанда: «Мен қылмысымның көптігінен, не жауларымның мықтылығынан жығылғам жоқ. Мені құртқан – Кенжеғұлдың бір ауыз сөзі», – деп өзінің күпір мінезіне қатты опынған екен.
-Артық айтып, ағат кеткенімді кешсін,- деп қыстың күні Кенжеғұл биге қос атпен кісі жіберіпті.

* * *
Қаражанды алғаннан кейін Құнанбай ауылы Кенжеғұл биді қонаққа шақырады. Құнанбай құдаларын сән-салтанатымен қарсы алып, арнайы тігілген үйге түсіріп, аста-төк дастархан жаяды. Өзінің абыройын асыру үшін қазаққа таңсық күміс жалатылған самаурынмен шай алдырады. Екі иінінен дем алған самаурынды екі жігіт ішке көтеріп кіреді. Шай құйыла бастайды. Сонда жантайып жатқан би басын көтеріп:
– Өскенбай баласы, өзгеңе көнейін. Тек мына түрегеп тұрып шаптыратын пәлеңді әрі алып кетші,- деп самаурынды шығартқызып, қарапайым шәугімді алғызыпты.

***
Кенжеғұл би тұсында ел билеу жүйесі өзгеріп, сол заман адамдарының ісіне риза болмапты. Әсіресе, жеңілтек мінезді ұнатпапты. Бидің бір қызын Құнанбай айттырып алса, Әйніш деген қызы Мұрын еліне ұзатылыпты.
Бірде жолаушы кеткен бір келіні босанып, немерелі болыпты. Соны айтпақ болып, сүйінші сұрап желпініп келген бір адамға:
-Тәйт әрі, кісіден ит туғанда, иттен не туды деп сүйінші сұрап тұрсың?- деп бетін қайтарып тастапты.

***
Қаражан ұзатылғаннан кейін бір жылдан соң төркіндеп келеді. Құнанбайдың келіні қос ат жеккен пәуескемен келіп тоқтайды. Ауыл балалары дүрлігіп күтіп, шуылдап алдынан шығады. Арындап келіп тоқтаған пәуескенің есігін балалар ашып жібереді. Сонда Қаражан:
-Жабыңдаршы, шаң кіріп кетті ғой,- дейді маңғазданып. Мұны құлағы шалып қалған би:
-Шаңы бар ауылға несіне келдің,- деп немере қызын ауылға түсірмей, кері қайтарып жіберіпті.

***
Ұлы Абай айтқандай: «Мыңмен жалғыз алысқан» заманға жасар амалы болмаған Кенжеғұл бидің торығып жүрген кезінде үйіне бір сыншы келіп қонақ болыпты. Сыншы бимен қоштасар сәтінде:
-Кенжеке, рұқсат етіңіз, бір ауыз сөзім бар еді,- депті.
Би ишарат білдіреді. Сонда сыншы:
– Көп нәрсеге көңіліңіз толмай, балаларыңызға наразы боп жүр екенсіз. Бекер торыға бермеңіз. Заманына қарай адамы болады. Жақсылықты келешектен тосыңыз. Бойыңыздан осыны байқадым. Өкшеңіз жалпақ, сыртқа шығып бітіпті. Заман да, ұрпағыңыз да үш- төрт атадан барып түзеледі,- деп болжам айтып кетіпті.

PS. Кейбір деректерде Кенжеғұл бидің жасы мен өмір сүрген ортасы жайында алыпқашпа әңгімелер бар. Жалпы, Кенжеғұл би ұрпақты адам болған. Біз бұл материалды жазу барысында ел аузында жүрген бидің сөздерін білетіндер болса жинақтауды мақсат тұттық. Сондай-ақ тарих зерттеушілеріне құлаққағыс етпек ойымыз бар.

Тілеукен ТІЛЕУБЕРДІҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button