«Дидардың» қонағы

Кенжебек Жанәбілов,  «МузАрт» тобының әншісі:  – Өмірдің сынағы өз басымнан өткен

Кенжебек Тұрсынбайұлы Жанәбілов 1982 жылы 14 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының  Шу ауылында дүниеге келген. “МузАрт” тобының әншісі. Сылдырмақта (бубин) ойнайды. Отбасындағы 18 баланың кенжесі. Оңтүстік Қазақстан облысы Мұхтар Әуезов атындағы Өнер және тарих институтын бітірген.

 Сүрінгенге сүйеу болып, жаны жаралы жандарға жәрдемдесіп жүрген жұлдыздардың бірі – Кенжебек Жанәбілов. Өскемен қаласында өткен қайырымдылық шарасына арнайы келген әншімен шағын сұхбат құрып, қайырымдылық тақырыбын әңгімеге арқау еттік.

«Мақсат аға топтан кеткен соң, орнына адам іздей бастады. Мейрамбек ағалар мейрамханаларда әнші іздеп жүрді. Мен ол кезде Сәкен ағаның інісі Роман бәріміз жеке топ құрмақ едік. Тоқтар ағам Мейрамбекке “неге қасыңда жүрген Кенжебекті алмайсыңдар?” деп мені ұсыныпты. Кейін Мейрамбек аға мені ұмытып кетсе керек, Сәкен аға есіне түсірген екен. Мейрамбек ағалар осылайша, қасында жүрген мені кездейсоқ қабылдады. Мен ол кезде ауылда едім. Телефон арқылы айтып, сүйінші сұрағанда 1 апта сенбей жүрдім»

 – Өскеменге қош келдіңіз! Осындай қайырымдылық шараларына жиі барып тұрасыз ба?

 – Өмірдің сынағына түсіп жатқан жаны жаралы жандардың қасынан табылуға тырысам. Сондықтан осындай қайырымдық шараларына жиі барып тұрамын. Өмірдің сынағы өз басымнан өткен соң түсінемін. Менің де жекеменшік қорым бар. Есту қабілеті төмен балаларға арналған «Елназ» атты даму орталығын ашқам. Біздің орталыққа келетін адамдардың саны өте көп. Осындай даму орталықтарының қазіргі таңда қажетті екенін түсініп, жәрдем іздеп келушілерге тегін көмек көрсетеміз.

 – «Ел-назы» даму орталығын ашуыңызға не түрткі болды?

 – Қазақта «басқа түссе баспақшыл» деген сөз бар. Бұл орталықты ашуыма өз басыма түскен жағдай түрткі болды. Менің де балам ауырып, басымызға жаратқан Алла сынақ берді. Сол бір сынақ алаңында жүріп мен қоғамда қайырымдылыққа зәру жандардың көп екеніне көз жеткіздім. Біздің елге осындай орталықтардың қажет екендігін білдім. Өйткені басы ауырып, балтыры сыздаған жандардың барлығының шетелге шығып емделіп келуге шамасы келе бермейді. Жәрдем іздеп шетел асқан қаншама халықтың қаражаты желге шашылып жатыр. Қазіргі уақытта осы Өскеменде ашылған «Прогрестің катализаторы» сияқты дамыту орталықтарының ашылуына жәрдем жасаған мейірімді жандар, қайырымды кәсіпкерлер де жоқ емес, бар. Мұндай орталықтар әлі де ашыла беру керек.

– Жалпы халық бұл жағдайды қалай қабылдауда?

  – Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Қоғам бұл жағдайды бейжай қалдырып жатқан жоқ. Сондықтан да болар әр өңірде осындай орталықтар ашылып жатыр. Алайда ашылған дамыту орталықтарында ең бастысы нәтиже болу керек. Нәтиже болмаса, жаны жаралы жанның жігерін құм қылып, одан ары еңсесін түсіреді. Мысалы, мен өзім Алматыдағы орталыққа барып көріп, көп нәрсені түсіндім. Ол жерде құлағы шала еститін және мүлдем естімейтін балалар бар екен. Бірінің құлағында есту аппараты, енді бірінің құлағында «кохлеарный имплант» аппараты. Бұл екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Есту аппаратын таққан баланың құлағының есту қабілеті күн сайын төмендей береді. Соңында мүлдем естімей қалғанда барып дәрігерлер оның құлағына ота жасайды. Егер баланың құлағы 30-40 пайыз естіп тұрса, ота жасамайды. Ота жасаудың да өзінің медициналық заңдылықтары бар екен. Соны көріп барып әр баланың мүмкіндігіне, емдеу тәсіліне қарай дамыту орталықтары болу керек деген шешімге келіп, «Ел-назы» дамыту орталығында құлағына операция жасалған балаларды қабылдайтын болдық. Бәрін қамтимын деп әбігерге түскенше, әлің жететін бір іспен айналысып, нәтиже шығару қажет деп таптық. Барлық жерде солай болғаны дұрыс деп ойлаймын.

– Қаражатты қайдан табасыз?

– Біздің орталық операциядан кейінгі балаларды қабылдайтынын жаңа айттым. Операциядан кейін баланың бірден оңалып кетпейтіні белгілі. Сондықтан ол жерге логопед, дефектолог, психолог сияқты әртүрлі саланың мамандары керек. Қажетті құрал-жабдықтар керек.  Осы уақытқа дейін осының бәріне қаражатты өз қалтамнан төлеп келдім. Бұл орталықты мен пайда табу үшін ашпағандықтан, жәрдем іздеп келгендерге тегін көмек қылуға тырысамыз. Маған көмектесіп жүрген бірлі-екілі кәсіпкер азаматтар да бар. Жалпы қоғамдағы жағдайды түсініп, шын жүрегімен қайырымдылық жасайтын кәсіпкер азаматтар аз  болса да бар.

– Көмек сұрай барғанда бетіңізді қайтарған қалталы адамдар болды ма?

Иә, ондай жағдай болды. Бір-екі қалталы азамат алдына барғанда уәдені үйіп-төгіп шығарып салды. Артынан қажетті кезде телефон соғып алдыра алмадым. Содан кейін адамнан емес, Алладан сұрайтын болдым. Шүкір, қазір бәрі ойдағыдай болып жатыр.

Шетелге шапқылай берудің қажеті шамалы

– Бізде басы ауырып, балтыры сыздағандар шетелге көп сабылатын сияқты?

– Медициналық жәрдем іздеп шетелге шапқылай берудің қажеті шамалы. Бір кісідей шапқылаған адам мен шығармын. Германияға да, Қытайға да бардым. Ақыр аяғы емделу жолын өз елімізден таптық. Біз көп істің жолы мен жөнін білмейді екенбіз. Шетелден біздің елге келіп операция жасап беретін мамандар бар екен. Мұндай мүмкіндік барын кейін білдім. Оған дейін қаншама қаржымызды далаға шашып, шетелге шапқыладық. Қазір біздің мемлекетте де медицина дамып, неше түрлі емханалар салынып жатыр. Мысалы, жуықта Шымкентке барып қайттым. Бір кәсіпкер азамат Кореямен бірлесіп үлкен емхана салып жатыр екен. Өте үлкен. Оның ішінде бәрін емдеу жоспарланған. Қазір қаншама адам сол Кореяға шапқылап шығындалуда, енді елжанды азаматтардың арқасында елімізде де емделуге мүмкіндік бар деген сөз. Міне, осындай игілікті істер көп болса екен деймін.

Ол азамат маған да осындай орталық ашуға кеңес берді. Түркістаннан ашсаң, жан-жақтан жиылар еді дегенді айтты. Ол істі де жүзеге асыру ойда бар.

 – Бұл бастамаңыздың шығармашылыққа зияны жоқ па?

 – Бұл ісімнің шығармашылыққа пайдасы да, зияны да, кедергісі де тиіп жатқан жоқ, істеймін деп ниеттенген адам бәріне де уақыт табады. Менен де басқа осындай іспен айналысып жүрген адамдар бар.

Әншілер ән айтып, тойдан тойға барып, ақшаның астына көміліп жатыр деп кейбір адамдар ойлайтын шығар. Өнер адамдарының көбі табысын осындай игілікті істерге жұмсайтынын білем. Одан шығармашылық зиян шекпейтіні анық. Біз істеген істеріміздің барлығын жария қыла бермейміз ғой. Әншілер де елге көмек қылып, қайырымдылық істеп жүр. Өнер адамдарының бәрінің де жүрегінде иманы, бойында адамгершілігі бар. Сондықтан бизнес ашып ақша тауып та жатқам жоқ, зиян көріп те жатқам жоқ.  Шығармашылығым бірқалыпты.

Келер жылы МузАрттың 20 жылдығы

 – Карантин сізге қалай әсер етті?

  – Халыққа қалай әсер етсе, маған да солай әсер етті. Біздің халық та кейде қызық ғой. Той тоқтап қалып еді, әншілер бизнес ашып жатыр екен деп мысқылдап жатқандары бар. Тек карантиннен кейін ғана бизнес ашып жатқан жоқ ғой, оған дейін де кәсіптерін дөңгелетіп, істерін атқарып отырған өнерпаздар болды. Жалпы карантин кәсіпкерлерге қатты әсер етті. Оны өзім танитын кәсіпкер азаматтардың ахуалынан байқадым. Көптеген кәсіпкер шығынға батты. Кәсіпкерге әсер етсе, таяқтың бір ұшы қарапайым халыққа тиетіні түсінікті жағдай ғой. Жалпы кім-кімге де оңай тиіп жатқан жоқ.       

 – Ән әлемінде қандай жаңалықтарыңыз бар?

  – Қазір енді шығармашылық қалыпты жағдайда. Мен 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласында жеке концертімді өткіздім. Биыл Алматы қаласында жеке концертімді өткізсем бе деп жоспарлаған болатынмын. Алайда карантиннің кесірінен шегере тұруға тура келді. Құдай қаласа келеср жылы МузАрт тобының 20 жылдық мерейтойы болады. Қазір сол мерейлі мерекеге дайындалып жатырмыз. Дүниені дүрліктірген дерттен құтылсақ, жиырма жылдықты жақсылап тойлармыз.

– Елді елең еткізер бір дүние болатын шығар?

  – Кереметтей дүние жасаймыз деп айта алмаймын. Біз енді әнші болғандықтан көрерменнің жүрегін әнмен тербетіп, көңілін көтеру. Ең бастысы, жиналған жұрттың әнмен тыныстағанын көрсек болғаны. Сол күнге жетейік. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Алдымен аурудан аман-есен құтылайық.

 – Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Қызырбек ДҮРГІНБАЙ

Осы айдарда

Back to top button