Ауыл шаруашылығы

КЕНЖЕБАЙДЫ АҚ САЗАНҒА ТОЛТЫРДЫ

 Табиғаттың тепе-теңдігін сақтай отырып, балықшылардың атакәсібін қысыратпау мақсатында ауданда шабақ өндірісін дамытуға айрықша көңіл бөлініп жатыр.

Сарыөлең ауылдық округінің әкімі Қуанған Қарағызовтың бастауымен Кенжебай көліне барып «Балық ресурстарын өндіру орталығы» ЖШС-нің көлге шабақ жіберу сәтінің  куәсі болдық. Аталмыш серіктестік  Кенжебай көлі мен Бұрма көліне  жуықта екі миллион сазан шабағын жіберді. Шабақты өсірдің де, суға жібере салдың. Айтуға ғана оңай. Екі көлді иелікке алып, шаруашылығын дөңгелетіп отырған шаруашылық қожайыны  Кемелхан Әлімханов    тауарлы балық өндірісі мал баққаннан оңай емес екенін айтты.

Эколог  ғалымдардың айтуынша, елімізде балықтың тамақ өндірісіндегі үлесі 5-6 пайызға ғана жетеді екен. Көл байлығын молайта отырып, балық шаруашылығын тиімді дамыта түсетін болсақ, бұл көрсеткіш әлдеқайда артары сөзсіз.

Сазан  өсіруге кіріскен балықшалар  көлдің бетіне арнайы қалқымалы төрт қоршау жасап, әрқайсысына 500 мың шабақтан салған екен. Құрт шабақ маусым айында  Қарағанды облысынан әкелініп,  өсіру орнында сақталып,  6 қыркүйектен бері қос  көлге жеткізіліп, бейімдеу жұмыстары жүргізіле бастапты. Торда тұрған шабақтарға  күніне екі мезгіл жем шашылып тұрады. Шабақтарға берілетін жем елімізде өндірілген. Ал құрт шабақ кезінде оларға еуропадан жеткізіліп отырған жем беріліпті. Ол жемнің келісі – 1700 теңге. Шетелден енгізілетін жемді сатып алуға  мемлекет тарапынан субсидия қарастырылғанымен, оны алудың жолдары күрделі екенін айтты кәсіпкер.

Алдағы уақытта салықтық тізімге тіркеліп, құжат жұмыстары реттелсе, көлге келетін әуесқой аулаушыларға ақылы түрде қызмет көрсетіп,  аулайтын орын дайындалып, қосымша дүңгіршек ашып, шаруашылық балықты көл жағасында сататын болады. Қазір екі көлге бір қорықшы ие.

Ғылыми сараптама орталығының нұсқауы бойынша, шабақтарды өсіп-жетіліп бір жарым келіге жеткен шағында  аулауға болады. Негізі шабақ 500 грамнан бастап тауарлы өнім болып есептеледі. Салмағы жарты келі болғанда сатуға шығарса, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырмайтындықтан, кәсіпкер сазанды екі жыл өсіріп барып үш келі болғанда ғана аулап, базарға шығаруды жоспарлап отыр.

Биыл кәсіпкердің шаруашылықты қолға алғанына екі жылдың жүзі болған. Шаруашылықтың   жас  маманы Сырым Базаров Тарбағатайдың тумасы екен. Сырым бұған дейін Алтай ғылыми-зерттеу институтында  жұмыс істепті,   ол балық өсіру бойынша арнайы оқу  бітірген білікті маман, келіншегі мұғалім.  Өкінішке қарай,  алыс жерден келген жас отбасының баспанасы жоқтықтан   осында тұрақтап қалуға жағдайлары болмай тұр. Қазір шаруашылық алты адамды жұмыспен қамтып отыр.

Жоғарыда аталған төрт қоршаудың жалпы сыйымдылығы – екі миллион шабақ. Шаруашылықта жергілікті жеті адам жұмыспен қамтылған. Күршімдік кәсіпкер келешекте көлдің аумағын жасыл желекпен көмкеріп, су бұрқақ орнатуды және демалыс аймағының құрылысын жүргізіп пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Бүгін су қоймасына жіберіліп жатқан 13-15 сантиметр шабақтар келер жылдың көктеміне қарай едәуір өседі. Оларды бір жылдан кейін аулап, сауда орындарының сөрелеріне қоюға болады.

– Біз бұл шабақтарды Қарағандыдан биыл екінші мәрте әкеліп жатырмыз. Енді ақ амур шабақтарын әкелу жоспарда бар,-дейді шаруашылық иесі. – Өткен жылы әкелген шабақтар биыл әжептәуір жетіліп қалыпты. Тіпті, ауға түскен аса ірілері сауда орындарына жол тартып та үлгерді. Келер жылы осы уақытқа дейін  биылғы жіберілген сазандар өсіп-өнуі басты назарға алынбақ. Мұндай  маусымдық жұмыстар табиғаттағы тепе-теңдікті сақтап, кейбір балық түрлерінің жойылып кетуінің алдын алады.

Балық суда өсірілетіндіктен, мал бағуға қарағанда күрделірек келеді. Себебі, ол қорада байлаулы тұрған  көздеулі дүние емес. Бүгінгі таңда табиғи сулардағы балықтардың өсіп-өнуі нашарлап, тіпті кейбір түрлерінің жойылуына апарып соқты, сондықтан олардың өсіп-өнуін қамтамасыз ету, сапалы балық түрлерін көбейту сияқты жұмыстардың аса  қажеттігі туып отыр.  Елімізде жалпы аумағы үш мың гектардай тоғыз тоған шаруашылығы (Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда облысында), он үш питомник  және бірнеше арнаулы шаруашылықтар (Атыраудағы бекіре шабағын өсіретін шаруашылық, т.б.) бар. Бұл мұхиттағы тамшыдай ғана.  Елімізде балық  шаруашылығының балықтарды жерсіндіретін, олардың жаңа тұқымын шығаратын, қоректендіретін, судағы қорын молайтып, сапасын арттыратын бір маңызды саласы дамымай, кенже қалған.

Аудан аумағында қолға алынған балық өсіру шаруашылығының   игілігін көрер күн алыс емес.

Көгедай Шәмерхан

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button