Инфрақұрылым

КЕНШІЛЕР ҚАЛАСЫНЫҢ КЕЛЕШЕГІ  КЕМЕЛ

Облыстық телеарнада өткен «Тікелей байланыста» Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковой Президент Жолдауынан туындайтын тапсырмалардың іске асырылуы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жөнінде баяндап,  халықты әлеуметтік қорғауға, шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты,  басқа да мәселелерге орай тұрғындардан келіп түскен сауалдарға жауап берді.

Риддер  қаласы ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша аймақтық рейтингте  14-ші орынды иеленген.

Өткен тоғыз айда   13 рейтингілік көрсеткіштердің 7 бағыты бойынша дамудың оң көрсеткіштері тіркелген.

Құрылыс жұмыстары көлемінің көрсеткіші – 164,8%, негізгі капиталға салынған жеке инвестициялар көлемі 151,5%,     бюджет табысының өсімі 128,9%, мемлекеттік бюджетке түсетін салықтық және басқа түсімдердің өсімі 116,7%, жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік субъектілері санының өсу қарқыны 103,9%, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы  көлемі 102,0%, таза ауызсумен қамтамасыз етілген тұрғындар көлемінің артуы 100,2% болған.

Кеншілер қаласының әкімі Д.Горьковой шаһардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші деңгейін дамыту үшін жергілікті атқарушы органдар өңірдің дамуын айқындайтын негізгі көрсеткіштерді жоғарылатуға бар күшін салып, барлық мүмкіндікті пайдаланып  жатқандығын жеткізді.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша биыл қалаға   1 млрд. 2 млн. 800 мың теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізу нәтижесінде 151,4 млн. теңге үнемделіп, бюджетке қайтарылды. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында  іске асырылған 34 жобаға 851,4 млн. теңге жұмсалды. Қаланы көріктендіру бойынша 210,3 млн. теңгенің 6 жобасы іске асырылды.

Электр қуатымен қамту саласында құны  58,2 млн. тенгенің екі жобасы іске асырылып, 1, 2, 6, 7 ықшам аудандардағы «Белый луг», «Ульбастрой» аудандарындағы   17 трансформаторлық қосалқы  станцияларға жөндеу жүргізілді. Жол инфрақұрылымдары саласында жалпы құны  278,4 млн. теңгенің төрт жобасы іске асты. Үлбі өзенінен өтетін көпірге күрделі жөндеу жүргізілді.  Свердлов, Чапаев және «Лес-Бор» жолдарының   6,8 шақырымы жөндеуден өтті.

–Қаржының басым бөлігі әлеуметтік сала құрылымдарының проблемаларын шешуге бағытталып келеді. Осы салада жасалған  22 жобаға 304,5 млн. теңге жұмсалды.

Білім беру саласында қаланың бес мектебіне, екі балабақшасына 152,2 млн. теңгенің ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мәдениет саласының екі нысаны жөнделді.  Поперечное селосының клубы мен  Мәдениет сарайының қасбетін жөндеуге  47,8 млн. теңге жұмсалды. Спорт саласының үш нысанына жөндеу жүргізілді. 4-ықшам аудандағы әлеуметтік-медициналық мекеменің моншасы жөнделіп, бейнебақылау қойылды, қазір терезе жақтаулары жөнделіп жатыр, – деді қала әкімі.

Жұмыспен қамтудың жол картасы келер жылы да жалғастырылады. Қазіргі күні 2021 жылы атқарылуы тиіс іс-шаралар нақтыланып,  жобалардың сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.

Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында биыл  қосымша  388 уақытша жұмыс орны ашылды. Соның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы  204 адам жұмысқа алынды. Қазіргі күні жобалар аяқталып, 24 тұрақты жұмыс орны құрылып отыр.

2015-2019 жылдары Риддер қаласы бойынша 6-ықшам ауданның 10,12,13-ші үйлеріндегі, Островский көшесі, 38, 42 үйлердегі   60 пәтерлік тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Оларға көпбалалы 7 отбасы, тұрмысы төмен, басқа да санаттағы 69 отбасы, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 73 отбасы, 94 мемлекеттік қызметкер, бюджеттік мекемелер қызметкерлері орналастырылды.

–Риддер – көлемі жағынан облыстағы үшінші өнеркәсіптік орталық. Аймақтағы өнеркәсіптік өндірісінің үлесі 5 пайыз. Қала экономикасының негізгі саласы – тау- кен өңдеу мен металлургия өнеркәсібі. Өнеркәсіптік өндірістегі тау-кен өңдеу мен металлургиялық өнеркәсіптің  үлесі 82 пайыз. Қаладағы қала құраушы кәсіпорын «Казцинк» ЖШС екендігін білесіздер. Компания елімізде металлургия саласының көшбасшысы. Сондықтан бүгіні мен ертеңі осы алыппен, тау-кен өндірісімен байланысқан Риддердің болашағы да жарқын. Бүгінде «Казцинк» ЖШС-да 7,3 мың қала тұрғыны еңбек етіп жатыр, бұл – экономикалық белсенді халықтың 23,5 пайызы. Өнеркәсіптік өндірістегі «Казцинк» ЖШС-нің үлесі 87 пайызды құрап отыр.

Өңірде тау-кен базасын, шикізат көлемін дамыту үшін компанияның өз қаражатымен аймақтың кәсіпкерлігін қолдау картасы аясында «Долинный қазба орнын барлау, ашу» жобасы іске асырылып жатыр. 2013-2021 жылдар аралығында іске асырылатын жобаға 37 млрд. теңге қаржы жұмсау қарастырылған. Жоба басталғаннан бері 33 млрд. теңге көлемінде қаржы игерілген немесе жұмыстың, зерттеудің 90 пайызы орындалып бітті, – деді Д.Горковой.

Шағын кәсіпкерлік саласында алдағы уақытта қалада 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 250 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жекелеген қала тұрғындары да шағын кәсіпке бейімделіп, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін пайдаланып жатыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында былтыр көпбалалы ана Анель Курбанова 2 млн. теңге мемлекеттік грант алып, «Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды автокөлік қаптамаларын тігу өндірісіне тарту» жобасын іске асырды.  Жалпы, 2019-2020 жылдары «Еңбек» бағдарламасы аясында көпбалалы ана, көпбалалы отбасының мүшесі болып отырған 17 қала тұрғынына мемлекеттік грант берілді. Олар сұлулық салонын, үйден тәтті тоқаш пісіру өндірістерін, тағы да басқа кәсіп түрлерін ашты.

–Риддерде мал шаруашылығы аса дамымаған,  осы жылдың аяғында Поперечное ауылынан  «Қабидешова А.Н» қожалығының 150 бас жылқыға арналған бордақылау алаңын салу жоспарланып отыр.

Сүт өндірісін дамыту 2018 жылдан бастап қолға алынды. Екі тауарлы-сүт фермасы қайта жарақтандырылып, бір тауарлы-сүт фермасы салынды. Нәтижесінде 2017 жылдан бастап сауынды сиыр саны 110 пайызға артты. Сүт өндіру 120 пайызға көбейді,- деді қала әкімі.

Қала әкімінің «Тікелей байланыста» атап айтқанындай, экономикалық әлеуеті мен өркендеп, даму  мүмкіндіктері мол  Риддер аумағында туризм жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Қала көлемінде 32 туризм нысаны тіркелген болса, соның 12-і демалыс базасы, олардың 7-і қысқы туризмге бағытталған. Қалада жыл бойы ұзындығы  1300 метрлік  екі тау шаңғысы кешені қызмет көрсетіп тұр. «Эдельвейс» кешені FIS халықаралық сертификатына ие, шаңғышылар мен сноубордшылардың республикалық жарыстарын өткізуге мүмкіндік бар. «RidderHutte» кешені де автокөлікпен жүру, биатлон бағыттарын өркендетуге аса қолайлы. Жаңадан ашылған «Ridder Rosort Hotel» қонақ үйінің иесі қысқы спорттың кең тараған түрі – «Снегоходпен» жүру бағыттарын ұйымдастырып отыр.

Туристерге белгілі демалыс базалары орналасқан Үлбі кенті, Поперечное, Коноваловка селолары туризмді дамытуға қолайлы аймақ болып алынып отыр. Риддер маңында туризмді дамытудың әлеуеті мол. Марал өсіріп, түрлі кемпингтер ашу үшін кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп,  жер учаскелерін беруге баса  назар аударылып жатыр. Пантымен емдейтін марал шаруашылығын құруға үш жер учаскесі беріліп,  биыл  «Тарасов ключ»,  «Крольчатник» мекендері мен Поперечное селоларының маңынан жаңа демалыс орындары ашылған. «Яр-Да» ЖШС Поперечное селосының жанынан 817 гектар жер алып, 200 басқа арналған марал шаруашылығын, пантымен емдеу орынын ашып жатыр. Таулы Риддер маңында туризмді дамытудың мұндай мысалдары жетерлік.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button