Денсаулық сақтау

Кемсітушілікке жол беруге болмайды

Айна Ескенқызы

 Туберкулез дертінен жыл сайын миллиондаған адам көз жұмады. Дегенмен оның алдын алуға және осы кеселден құлантаза айығуға да болады. Бұған жазылып шыққан көптеген пациент дәлел. Ол үшін өмірге деген ерік-жігер мен жауапкершілік қажет.

Өкпе құрты дертін жеңуге болғанмен кез келген адам осы диагноз қойылғанын алғаш естіген кезде есеңгіреп қалады. «Неге мен? Қалайша? Мүмкін емес!» – осындай ойлар оның еңсесін езіп жібереді. Біршама уақыттан кейін пациент ауруға шалдыққанын мойындауы мүмкін. Бірақ енді ол адам отбасына, жақындарына жұқтырып алам ба деп, өзін олардың алдында кінәлі сезіне бастайды.

Облыстық фтизиопульмонология орталығының медициналық персоналы пациенттерге алғашқы күннен бастап соңғы сауыққан күніне дейін психологиялық көмек көрсетеді.

– Мұндай сәттерде жақын адамдардың қолдауы көп септігін тигізеді. Пациент үшін оның жанындағы туыстарының, отбасының, әріптестерінің қолдауы, қолдан келгенше көмек көрсетуі, мейірім таныта білуі манызды. Бұған қоса, пациент өзінің жалғыз емес екенін ұмытпауы керек. Оны қолдауға дайын адамдар бар. Олар – дәрігерлер, медбикелер, қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері мен ауруханада кездестірген адамдар, – дейді облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың торакальды хирургия және өкпеден тыс туберкулез бөлімшесінің меңгерушісі Болатбек Елшібеков.

Қазір Кох таяқшасын анықтаудың заманауи тәсілдері көп, аурумен күресте тиімді жаңа буын препараттары қолданылады. Нәтижесінде науқас қысқа уақыт ішінде емделеді, тіпті амбулаториялық ем-дом қабылдауына да болады. Барлық медициналық және психологиялық көмек емделушілер үшін тегін екенін айта кеткен орынды.

Болатбек Елшібековтің айтуынша, хирургия бөлімшесінде туберкулезді диагностикалаудың барлық әдістері қолданылады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылы облыста туберкулездің дәріге төзімді түрін емдеудің тиімділігі 70,4 пайыз болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 78,5 пайызды құрады. 

Сенімді қарым-қатынас орнайды 

Болатбек Есенханұлы туберкулез анықталған пациенттер жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүр болатынын айтады. Соған байланысты олардың эмоционалды көңіл-күйі де өзгереді. Ауруханада ұзақ жатып емделу, өмірдегі жоспарларының күрт бұзылуы оларды күйзеліске түсіреді. Сол себепті олар туыстарының қолдауына зәру. Сондай-ақ емдеу барысына әсер ете алмауы, медициналық мекемеге тәуелділігі, терапия болжамының белгісіздігі науқастың жанына қатты батады. Ауруханада ұзақ жатқандықтан жұмысынан айырылып қалу елеулі материалдық қиындықтарға әкеліп соғады. Әлеуметтік-тұрмыстық деңгейінің төмендеуі салдарынан отбасында кикілжің тууы, түсінбестік орнауы ықтимал.

– Мұндай жағдайларда, біріншіден, адамды тыңдауды үйрену керек. Сізге айтқысы келгенінің барлығын мұқият тыңдаңыз, кедергі жасамаңыз. Сізді айыптап, жазғыруы мүмкін, олар сізге әділетсіз болып көрінсе де, тоқтатпаңыз. Түсініксіз сәттерді анықтаңыз, өзіңізді соның орнына қойып көріңіз, сонда адамды түсіну оңайырақ болады, – деп кеңес береді дәрігер.

Фтизиатр-дәрігер күнделікті жұмысында әр пациентпен тіл табысып, оның психологиялық ерекшеліктерін ескеруі тиіс. Дәрігер науқаспен және оның туыстарымен өте ұзақ уақыт, көбінесе жылдар бойы араласады. Сол себепті дәрігер пациенттің өмірінің әр қырын жақсы біледі, нәтижесінде араларында сенімді қарым-қатынас орнайды.

Теріс көзқараспен күресіп келеді

Қоғамда туберкулез дертіне шалдыққандарға теріс көзқарас, оларды қудалау әлі де кездеседі.

– Менің тәжірибемде мынадай жағдай болды. Біздің хирургия бөлімшесінде емделіп жатқан бір науқасты басшысы жұмыстан шығармақ болады. Оған кадр бөлімінің қызметкері хабарласып, өз еркімен жұмыстан кетуін талап етеді. Мен пациентке олардың іс-әрекеті заңсыз екенін, жұмыс орны оған еңбекке жарамсыздығы үшін 9-12 айға ақы төлеуі керектігін түсіндірдім. Ол менің айтқаныма көніп, сол жолы өтініш жазбады. Бірақ жұмысқа шыққанда басшысының барлық әріптестерін өзіне қарсы қойғанын, олардың бұдан қашқақтайтынын, сезіктене қарайтынын сезген соң, аяғы жұмысынан өзі кетіп қалды. Өкінішке қарай, осындай басшылар бар. Олардың іс-әрекеттері науқастың жанына жара салады, оны күйзеліске түсіреді, – деген мысал келтірді Болатбек Есенханұлы.

Бірнеше жыл бұрын біздің қалада тағы мынадай жағдай болғаны мәлім. Туберкулезден емделіп жүрген әйел дәрісін үйінде ішіп, оны бейнежазбаға түсіріп, өз дәрігеріне жіберем дегенде шатасып, баласы баратын балабақшаның ортақ чатына жіберіп қояды. Ата-аналар шу шығарып, баланы балабақшадан қууды талап еткен еді. Кейін әйелде туберкулездің бактерия бөлмейтін түрі екені, айналасындағыларға ауруды жұқтырмайтыны анықталғанымен, байғұс әйел бәрібір кемсітушілікті, қудалауды басынан өткерді.

– Біздің орталықтың мамандары халық арасында қалыптасқан стигмамен, теріс көзқараспен үнемі күрес жүргізеді. Дәрігерлеріміз қоғамдық орындарға, сауда үйлері мен оқу орындарына, мектептерге барып, кездесулер өткізеді. Туберкулез ауруының алдын алу туралы лекциялар оқып, оны емдеу жолдарымен таныстырады. Халықтың өкпе құрты дерті туралы ақпараттануын, сауаттылығын арттыру мақсатында мұндай жұмыстар тұрақты жүргізіледі, – деп қосты Болатбек Елшібеков.

Осы айдарда

Back to top button