Әкемнің естеліктері жадымда қалды
Ұлы Отан соғысы аяқталғалы бері арада қаншама уақыт өтті. Сол отты жылдары қу жанын шүберекке түйіп, бейбіт өмір үшін күрескен ерлердің ерлігі ұмытылмайды. Қаһарман азаматтардың батырлығын айтып мақтану ұрпақтың еншісіне тиіп отыр.
Орынбек Сәлімов 1926 жылы Аягөз ауданы, Сергиополь ауылында дүниеге келген. 1944 жылы 10 сәуірде майданға аттанады. Алғашқыда 1-2 ай әскери дайындықтан өткен соң, 2-ші Беларусь майданында гвардиялық 268 – атқыштар полкінің құрамында соғысты. Жаяу әскер қатарында атқыштар полкінде болды.
– Мен Сәлім атаның немересімін, соғыс ардагерінің ұрпағымын. Әкем көзі тірісінде соғыстың келтірген зардабы мен Ұлы Жеңіс туралы әңгімелеп берген еді. Көп естеліктерінің бірінде Кенисбергке жасаған шабуыл туралы айтты. Артиллерия қамалдарды бұзып, қаланың әрбір көшесі, әрбір үй үшін кескілескен шайқас болды. Жау пулеметшісі оқ жаудырып, кеңес әскеріне бас көтертпепті. Техникасы жетік, бес қаруы сақадай сай неміс әскері оңайшылықпен беріле қоймады. «Ерлігі үшін» медалі сондай шайқастардың бірінде қаруластарын шабуылға бастап шыққаны үшін берілген екен. Әкем Кенисбергті алуға қатысып, Берлинге дейін барды, – дейді майдангердің ұрпағы, ауған соғысының ардагері Ержан Сәлімов. -Әкем өмірден озғанына талай жыл болса да айтып кеткен кейбір естеліктері жадымда сақтаулы. Оны ұмытпай кейінгі ұрпаққа ұлағат ретінде айтып отыру біздің парызымыз. «Үлкеннің ізгі істері – өркенге ұлағат» деген осы шығар. «Өткенді ұмыту – өшкендіктің белгісі, ал оны еске алу – өскендіктің белгісі» демекші, әкем сұрапыл соғыс жылдарын бастан кешіп, жаумен жаға жыртысып, ұрпағына үлгі-өнеге қалдырды. Ол Отан үшін жан аямай шайқасты. Ержүректігі мен қайсарлығы үшін «Ерлігі үшін», «Кенисбергті алғаны үшін» “Германияны алғаны үшін” және “Совет Армиясының 30 жылдығы” медальдарымен марапатталған.
“Соғыста естен кетпес жан түршігерлік оқиғалар көп болған. Неміс самолеттері ойламаған жерден оқ жаудырғанда жазықсыз жандар қаза боды. Қанды шайқастарда көптеген жауынгерлерден айырылдық”, – деп әкем айтып отырушы еді. Майдан даласында мұз жастанып, толарсақтан саз кешіп, Отанды жау аяғына таптатпау мақсатында, ұл мен қыздың жарқын болашағы үшін соғысқан әкем ол кезеңдер жайында айта беруді ұнатпайтын. Тек келешекте соғыс болмаса екен деген тілеумен өтті. Әкем 1980 жылы қайтыс болды.
Майдангер Орынбек Ахметжанұлы 1950 жылы елге оралған. Аман-есен келген соң еңбек жолын бастайды. Ауыл шаруашылығы саласында механизатор болып бастап, бригадир қызметін атқарды. Үздіксіз еңбек етіп, елге абыройлы болды. Тың және тыңайған жерлерді игерудің бастапқы кезеңіндегі қиыншылықтардың бәрін жастар патриоттық сезім мен табандылықтың арқасында ғана жеңді. Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін марапатталды.
Оқыған-тоқығаны мол, зерек, жаны жомарт, жүрегі жылы әкеміз анамызбен отасып, төрт бала сүйді.
– Ер азаматтың міндеті Отанын қорғау дейтін әкем. Менің ағам Орынғали 1981-83 жылдары Ауған соғысына қатысты. Ол Бақытжан Ертаев бастаған мұсылмандар отрядында соғысты. Мақсатсыз майдан болса да, Отан алдындағы борышын өтеді. Одан кейін мен де 1987-89 жылдары Ауған жерінде болып, интернационалдық борышымды өтедім,- дейді Ержан Орынбекұлы.
Тілеукен Тілеубердіұлы
Аягөз ауданы.