Экология

«Казцинк» жасыл технологияны қолдайды

Ынтымақ Толқын

Еліміздегі алпауыт кәсіпорындардың бірі «Казцинк» ЖШС экологияны жақсартуға бағытталған болашақ жоспарларымен бөлісті. Бұл туралы кәсіпорын ұйымдастырған қоғамдық тыңдауда айтылды.

Шығыс өңірі дегенде тамылжыған табиғатымен қатар облыс орталығының экологиялық жағдайы да еске түседі. Себебі мұнда ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған алпауыт кәсіпорындар шоғырланған. Олардан шыққан улы газ қалдықтары өңірдің экологиясына кері әсерін тигізбей қоймайды. Алайда, статистикалық деректерге сүйенсек, Өскеменде ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар мөлшері анағұрлым азайған. Мысалы, ауаға шығарылатын күкірт диокисді 2017 жылмен салыстырғанда 18,5 тоннадан 16 тоннаға дейін төмендеген. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, бұған қолданысқа енгізілген жаңа технологиялардың арқасында қол жеткізілген.

– Бүгінгі өткізіп отырған қоғамдық тыңдауда алдағы жылдарға жоспарланған жобалар жайында айттық. Күкірт қышқылын қайта өңдеуге бағытталған жоба экологиялық жағдайды тұрақты ұстауға көмектеседі. Осыған дейін де іске асырған жобалардың нәтижесі жаман емес. Өткен екі жыл көлемінде «Казцинк» күкірт диоксидін санитарлық нормаға сәйкес шығарды. Оның өзі өте жақсы көрсеткіш, – дейді «Казцинк» ЖШС Өскемен металлургия кешені экология бөлімінің басшысы Вадим Кушнарев.

«Казцинк» ЖШС тек металл өңдеумен ғана айналыспайтынын бірі білсе, бірі білмес. Аталмыш кәсіпорынға қарасты ӨМК күкірт қышқылы зауытында түрлі газдар өңдеуден өтіп, сатылымға шығарылады. Осы газдарды сапалы өндіруге компания бар жағдайды жасаған. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ең үздік технологиялар осы мақсатта жұмыс істейді. Атап айтқанда, SO2-ні қайта өңдеуде Дания, Бельгия, Канаданың, күкірт қышқылының тұманынан газдарды тазартуда Бельгияның, мыс зауытының газдарын шаңнан тазартуда АҚШ пен Германияның озық технологиялары пайдаланылады.

Кәсіпорын қолға алған жобалар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Осыны іске асыру мақсатында компания күкірт қышқылы қалдықтарын толық тазалаудан өткізетін заманауи технологиялық жабдықтарды орнатпақ. Соның бірі газ үрлеу машиналары болса, екіншісі №3 кептіру-сіңіру жүйесін жаңарту.

– Газ үрлеу машиналары дегенде қарапайым адамның көзіне желдеткіш келеді. Алайда біз үшін ол өте үлкен машина. Себебі оны орнату үшін арнайы жоба мен ауқымды жер керек. Алдағы уақытта осындай газ үрлеу машиналарының үшеуін алып орнатамыз. Қазір оның қаржылық жағы шешіліп, жоба әзірленді. Ал 2024 жылдың соңына қарай аталмыш жобаның жұмыстарын бастаймыз, – деді Вадим Кушнарев.

Айта кетелік, «Казцинк» ЖШС осы уақытқа дейін жоғары деңгейлі «жасыл» технологияларға 100 миллиардтан астам теңге жұмсаған.

Қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері және еріктілер қатысқан қоғамдық тыңдауда «Казцинк» ЖШС-нің алдағы жылдарға экологиялық рұқсаттама алуы да талқыланды. Шараға экология департаментінің өкілдері онлайн форматта қатысып, көпті толғандырған сұрақтарға жауап алды.

 

Осы айдарда

Back to top button