Экология

«Казгидромет» зерттеулері нені көрсетті?

«Казгидромет» зерттеулері нені көрсетті?

«Казгидромет» АҚ облыстық филиалының және «Өскемен Водоканал» кәсіпорнының өкілдері брифинг өткізіп, Риддер тау-кен байыту кешеніндегі Талов қалдық қоймасы коллекторының жарылып кетуінен кейінгі Филлиповка, Тихая, Үлбі және Өскемендегі су жинау қоршауларынан алынған су сынамаларының нәтижелерін мәлім етті.
«Казгидромет» АҚ облыстық филиалы қоршаған орта жағдайын зерттеу орталығы кешенді зертханасының басшысы Татьяна Козлянская аталған өзендерде аса қатты ластану байқалмағандығын, бірақ кейбір заттар бойынша металл концентраттарының көбейіп кеткендігін, өзендер суының сапасы бұрынғыдай біршама көлемде ластанған топқа жатқызылып отырғанын айтты.
-Табиғат қорғау прокуратурасының тапсырмасы бойынша 24-мамыр күні Риддер маңындағы Филлиповка, Тихая, Үлбі өзендерінен, сондай-ақ, Үлбі өзенінің Каменный карьер кенті маңындағы және Өскеменде Үлбінің Ертіске құйылар сағасынан алғашқы сынамалар алдық. Ертістен де сынамалар алынып жатыр. Негізгі көрсеткіштер мынадай: темір концентрациясы -1 ШРК-дан 4 ШРК-ға дейін, мыс-2,7-ден 23 ШРК, марганец -1,1-ден 9,7 ШРК, азот нитриті -1,2-ден 4 ШРК, мырыш концентрациясы 23 ШРК дейін көбейгені байқалды.
Зертхана басшысының айтуынша, аталған өзендерде металдар концентрациясының бұлайша көбейіп отыруы жағдайы бұғанға дейін де тіркеліп келе жатқандығын, яғни, қалыпты жағдай екенін жеткізді. Жүргізілген алғашқы гидробиологиялық зерттеулер де өзендерді мекен етіп жатқан балықтардың, судағы өзге де организмдердің зиян шекпегендігін көрсеткен. Сарқырап ағып жатқан тау өзендеріне түскен зиянды заттар көпке дейін сақталып тұра алмайтын да көрінеді. Шайылып, ағып кетеді. Қазіргі кезде өзендердің түсі де тазарып қалған.
«Үлбінің суына, өзге де өзендердің суына шомылуға, өзендер суымен бау-бақшаны суаруға бола ма?» деген сауалға маман тұрғындардың қай жерде, қай кезде болмасын ең алдымен судың сапасына, ластану деңгейіне, тазалығына басты назар аударып, көңіл бөлуі қажеттігін айтты.
Ал «Өскемен Водоканал» кәсіпорыны директорының орынбасары Андрей Алехнович Өскемендегі Солтүстік-Атаманов, Төменгі Согра су жинау қоршауларындағы ауызсу сапасы барлық санитарлық нормаларға сай екенін, су сапасын тексеру, бақылау шаралары жалғасып жатқанын жеткізді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button