Облыс әкімі: бағыт-бағдар

Қазақ тілін ауылға барып үйренеді

Осы жазда облысымызда «Баланы қонақ ететін отбасы» қанатқақты жобасы қолға алынғалы отыр. Бұл туралы аудан-қала әкімдерімен, басқарма басшыларымен кеңес өткізген аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.

Жиында бірқатар маңызды мәселе талқыланды. Оның бірі – өңірді жанармаймен қамту. Көктемде елдегі мұнай өңдеу зауыттары жөндеуге жабылады, сондықтан егіс науқаны кезінде сұйық отынмен жабдықтауда мәселе туындамас үшін әр ауданға қанша қор қажет екені есептеліп, өтінім беріліп, төлем жасалуы қажет.

Бүгінде облыс көптілділік бағдарламасын жалғастыруға баса назар аударып отыр. Қайта оқытудан қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің 876 мұғалімі өтті. Нәтижесінде осы пәндерді оқыту әдістемесі жақсарды, ал кәсібилігін растаған ұстаздар әріптестерімен тәжірибе алмасуда. Елдегі алты мектепте ғана неміс тілі бойынша Deutsches Sprachdiplom сертификаты бар десек, солардың екеуі –  Шығыста.

Осы жазда облыс екі маңызды пилоттық жобаны жүзеге асырғалы отыр. Олар – жазғы лагерьлер және Еуропа елдерінің үлгісі бойынша «Баланы қонақ ететін отбасы» жобалары.

– Бұл тәжірибені зерттеп, біздің жағдайға бейімдей отырып, маңызды жайттарын ескеру қажет. 500-ден астам бала отыз күн отбасыларда қонақ болып, ауызекі қазақ тілін үйренетін болады. Біз Катонқарағайды басым аудан ретінде таңдадық, өйткені мұнда оқыту үшін ғана емес, демалыс пен сауықтыру үшін де мүмкіндіктер бар. Онда балалар туған өлкенің тарихы мен дәстүрі туралы көбірек біле алады. Білім басқармасы мен аудан әкімін қолайлы отбасыларды іздеу жұмысы күтіп тұр, мұнда санитарлық жағдайдан бастап үйдегі психологиялық ахуалға дейін бәрін ескерген жөн. Баланы қабылдайтын әр жанұя 181 мың теңгеден алатын болады. Сондай-ақ тілді оқытуды ғана емес, экскурсияларды, дәстүрлі ойындарды, тағы басқаларды қамтитын бағдарлама әзірлеу қажет. Мұның бәрін алдағы маусым айына дейін жасау керек, – деп міндеттеді облыс әкімі.

Бұдан басқа, өңірде балабақшаларда қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі, сондай-ақ жоғары сынып оқушыларына арналған екі тілдегі кітаптар шығарылды.

Көптілділік бағдарламасы әлі де жалғасады, өйткені ол өзінің оң нәтижесін көрсетіп отыр.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button