Президент тапсырмасы

Қайсенов кентінде жаңа мектеп ашылды

Мейрамтай Иманғали

Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде жаңадан салынған білім ордасы пайдалануға берілді. Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Даниал Ахметов қатысып, көпшіліктің қуанышына ортақтасты.

Батыр атамыздың атын иеленген осынау кентте енді бір емес, екі бірдей еңселі білім ордасы бар. Екеуі де келген қонақтарға «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп ұялмай, мақтана көрсетуге тұратын заманауи мектеп.

Кенттің шетінде бой көтерген бұл мектеп 320 оқушыға арналған. Бұл – кейінгі жарты жылда облыста ашылған төртінші жаңа білім беру мекемесі. Мектептің сырты ғана емес, іші де көрген жанның көзін сүйсіндіреді. Мұнда әр оқушының толыққанды және үйлесімді дамуы, педагогтардың алаңсыз еңбек етуі үшін барлық жағдай жасалыпты. Әр кабинет жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталған. Барлығы 26 оқу кабинеті, төрт шеберхана, асхана, акт залы, кітапхана, спорт залы және жаттығу алаңы бар. Бұған қоса жаңадан 126 компьютер мен 26 интерактивті тақта сатып алынған.

– Біз бүгін Президент тапсырмасына орай қолға алынған «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынған білім ордасын ашып отырмыз. Біздің кең-байтақ жеріміз, мол байлығымыз бар. Бірақ біз сол байлыққа сеніп отыра бермей, бәсекеге қабілетті ел болуымыз керек. Ал бәсеке деген не? Біз қай салада әлем елдеріне бәсекелес бола аламыз? Әрине, тек білім саласында. Тек біліммен алға басамыз. Сондықтан мынау тамаша ғимарат құтты болсын. Қазір цифрлық дәуір. Біз өскелең ұрпақтың болашағына сенеміз. Сіздермен біз алға басамыз, – деді өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі Даниал Ахметов.

Аймақ басшысы бұл жаңа мектеп кентке әлі де аздық ететінін айтты. Өйткені ескі мектепте қазір 1450-ден астам бала оқып жатыр. Осы орайда өңір басшысы орын тапшылығын толық жою үшін алдағы үш айдың ішінде тағы бір 600 орындық мектептің құрылысы басталатынын сүйіншілеп жеткізді.

Жалпы, Өскеменнің іргесіндегі Қасым Қайсенов кенті бүгінде қарқынды дамып келе жатыр. Әсіресе жас отбасылар көп мұнда. Былтыр аудандағы бала саны 12%-ға артқан.

Облыс әкімінің Қасым Қайсенов кентінде 600 орындық тағы бір мектеп салу жөніндегі шешімін тұрғындар қуана қабылдады.

Салтанатты жиында аймақ басшысының атынан жаңа мектепке теледидар табыс етілді.

– Бұл білім ордасын кент тұрғындары көптен күтті. Жаңа мектепте жаңаша ойлайтын, білікті, адамгершілігі мол, мәдениеті жоғары шығармашыл ұжым еңбек етеді деп ойлаймын. Осында оқыған балалар да білімді, өнерлі, өнегелі боларына сенімдімін. Жаңа мектебіміз келешекте ел басқарар, өз халқының мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз ұрпақты тәрбиелейтін білім ордасына айналуы үшін бәріміз өз үлесімізді қосамыз, –  деді ардагер ұстаз Нұршат Абдуллина.

Сөйтіп, салтанатты шараның тебіреністі сәті де келіп жетті. Құрылыс ұйымының техникалық директоры Фархат Семейханұлы жаңа мектептің кілтін директордың міндетін атқарушы Әсем Хамитқызына табыс етті. Лента қиылып, шашу шашылды. Жұрттың қуанышында шек жоқ.

– Негізі, бұл мектепке шамамен 550 бала қабылдаймыз деп отырмыз. Даярлық сыныптарын қосқанда барлығы 22 сынып топтамасы болады. Оларға 37 мұғалім сабақ береді.  Ұстаздар Мәрсеков атындағы мектептен ауысып келеді. Құжаттар түгел дайын болса, төртінші тоқсаннан бастап жаңа ғимаратта оқимыз. Мектеп сапалы салынған. Былтырдан бері комиссия құрамында құрылыс сапасын өзім де қадағалап отырдым, – дейді Әсем Хамитқызы.

Жалпы, 2025 жылға дейін облыста барлығы 6800 орындық 17 мектеп салу жоспарланса, оның үшеуі биыл қолданысқа берілетінін айта кетейік.

 

 

Осы айдарда

Back to top button