Қауіпті жолдар
Қыс маусымында жолдардың қар мен мұздан уақтылы тазаланып тұруы – жолаушылар қауіпсіздігінің кепілі. Жуырда облыстағы Ұлттық жол активтері сапасы орталығының мамандары қыстағы жолдардың жағдайын тексерді.
Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы Өскемен – Семей, Таскескен – Бақты, Семей – Ресей шекарасы арасындағы жолдар жыл сайын қыс мезгілінде әртүрлі проблема тудырып келе жатқан қауіпті жолдар болып отыр. Қыста жолдарды күтіп ұстауға байланысты ережелердің жиі бұзылуы да көбінесе осы жол учаскелерінде анықталған.
Өскемен – Алтай, Өскемен – Риддер автожолының қысқы жағдайын тексерген Ұлттық жол активтері сапасы орталығының өкілдері Алтай бағытындағы жол бойының тазалануына қатысты өрескел заңбұзушылықтар таппаған. Ал Өскемен – Риддер бағытындағы жолда жүргізушілердің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілмегені белгілі болды. Аталған жол учаскесінде жол бойындағы көліктер тоқтайтын орындар қардан тазаланбаған.
Орталық филиалының мамандары 2022-2023 жылғы қысқы маусымда республикалық және облыстық маңыздағы жолдарға 30 шақты рейд жүргізіп, жолды күтіп ұстауға қатысты 42 ереже бұзушылық анықтаған. Осы заңбұзушылықтарға байланысты мердігерлер мен тапсырыс берушілерге ұйғарымдар, хаттар жолданған.
Ұлттық жол активтері сапасы орталығы көктайғаққа қарсы жолға шашылып жатқан реагентті материалдарға да тексеру жүргізген. Зертханалық тексерулердің нәтижесінде бұл қоспалардың тиісті талаптарға сай екендігі анықталған.
Жамал Ермен