Брифинг

Қауіпті аймақтамыз


Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ 

Облыс кене энцефалиті вирусын жұқтыру қаупі жоғары аумаққа жатады, сырқаттану деңгейі республика бойынша орташа көрсеткіштерден 4,1 есе артық. Өңірдегі Глубокое, Алтай, Катонқарағай, Ұлан, Шемонаиха аудандары, Өскемен, Алтай, Риддер қалаларының айналасы табиғи ошақтар болып саналады.

2022 жылғы эпидемиологиялық маусымда кене энцефалитінің тоғыз жағдайы тіркелсе, биыл алғашқы кене шаққан адам ауруханаға 20 наурызда жүгінген. Әдетте олардың белсенділік маусымы сәуірден басталады және табиғи-климаттық жағдайларға байланысты қыркүйектің соңына дейін созылуы мүмкін.

– Кене энцефалиті – өте қауіпті вирустық инфекция. Кене шаққан адам 72 сағат ішінде медициналық мекемеге жүгінуі тиіс. Дәрігерлер жәндікті мұқият алып тастап, науқасты вакцинациялайды. Кенелердің барлығы энцефалиттің тасымалдаушысы емес. Алайда олар Лайм ауруы, риккетсиоз, кене сүзегі және т.б. ауруларды таратуы мүмкін. Сондай-ақ өңір тұрғындары жәндіктерді зерттеу үшін санэпидембақылау департаментіне жүгіне алады, – деді облыстың штаттан тыс бас инфекционисі Назигүл Сапарғалиева аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Эпидемиологтар кене энцефалитін жұқтыру қаупі жұмысы ағаш өңдеумен, көкөніс дақылдарын отырғызумен айналысатын тұрғындарда, сондай-ақ демалысқа баратын туристерде жоғары екенін атап өтті. Өткен жылы бір жерлесімізді шетелде кене шаққаны тіркелген болатын.

Мамандардың айтуынша, кене энцефалитінен ең тиімді қорғаныс – вакцинация.

– Өкінішке қарай, бізде кене энцефалитіне қарсы ақылы вакцинация жоқ. Өйткені ауруханалар препараттың белгілі бір партиясын сатып алуы керек, бірақ сұраныс аз болса, онда оны сатып алудың мағынасы жоқ. Шығысқазақстандықтар вакцинаны кене шағып алғаннан кейін ғана ала алады, – деп түсіндірді Назигүл Сапарғалиева.

Мамандардың болжамы бойынша, орташа алғанда, аймақта 2,5 мыңға дейін тұрғынды кене шағуы мүмкін. Алайда эпидемиологтар қалалардағы демалыс орындарында кенелерге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізеді.

– Сондай-ақ мамандар жыл сайын жәндіктерде жұқпалы инфекциялардың бар-жоғын зерттеумен айналысады, – деп қосты бас инфекционист.

Егер кене шақса не істеу керек? Облыстың штаттан тыс эпидемиологы Бұлбұл Сағидолданың сөзіне қарағанда, кенені өздігінен алуға әрекеттенуге болмайды. Ол үшін дереу травматологиялық пунктке жүгіну ұсынылады. Бұл жерде жәндік шаққан адамға алғашқы көмек көрсетіліп, кененің адамдар үшін қауіпті аурулардың қоздырғыштарын тасымалдайтын-тасымалдамайтынына талдау жүргізіледі. Егер кенені жарақаттану пунктіне түскенге дейін адам өз бетімен алса, жәндікті зерттеу үшін дәрігерлерге беру ұсынылады.

Кене шаққан тұрғындар аудандық медициналық орталықтарға, сондай-ақ  балалар Өскемендегі Ана мен бала орталығының 18 жасқа дейінгі балаларға арналған травматологиялық пунктіне (Қазыбек би даңғ., 11), ересектер №4 қалалық аурухананың травматологиялық пунктіне (Серікбаев көш., 1/5) жүгіне алады.

Осы айдарда

Back to top button