Қамқорлық

Қауіпсіздік қызметкерлері балалар үйіне көмек көрсетті

«Қуантсаң, баланы қуант» деген сөз бар қазақта. Иә, көкірек көзімен көре білген адамға бұл бірауыз сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Жуырда ҰҚК облыстық департаментінің қызметкерлері Өскемен қаласының мамандандырылған балалар үйіне келіп, кішкентай балдырғандарды қуантты. Олармен бірге біз де қуандық.    

Қауіпсіздік қызметінің өкілдері балалар үйіне өздерімен бірге ала келген қажетті заттар мен тұрмыстық техникаларын табыс етті.

– Мекеме әкімшілігі бізді үнемі осында өтетін іс-шараларға шақырады. Мүмкіндік болса әр мереке сайын кішкентай сәбилерді қуантуға тырысамыз. Әсіресе Жаңа жыл мен Балаларды қорғау күнінде міндетті түрде келіп, қажетті заттар мен сыйлықтар табыстаймыз. Өкінішке қарай, биыл мекемедегі карантиндік шараларға байланысты балалардың жаңажылдық кешіне қатысу мүмкін болмады, – дейді ҰҚК облыстық департаментінің қызметкері.

Қазір бұл балалар үйінде жаңа туған нәрестеден 4 жасқа дейінгі 43 бала бар. Оларды жас ерекшеліктеріне қарай төрт топқа бөлген, яғни 0-1 жас және 1-2 жас аралығындағы екі топ, 4 жасқа дейінгі балдырғандар кіретін екі топ жұмыс істейді.

– Біз осындай балалардың тағдырына бейжай қарамайтын жанашыр жандар барына шын қуанамыз және демеушілерімізге ұжымның атынан шексіз алғыс айтамын, – деді мекеменің аға тәрбиешісі Ольга Коркишко.

Ләззат Қанатқызы

Back to top button