Қамқорлық

Қарашасына қарайлаған Қаратал

Қайырымдылық пен қамқорлық жасау – қазақтың қанында бар қасиет. Сонау ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдары өзі аш құрсақ отырса да жер ауып келген сан ұлттың өкілдерін бауырына басып, бір сиырдың ағын бөліп ішіп, бір шаңырақта берек-бірлікте өмір сүрді. Оған тарих куә.

Ал қазір ше? Бүгінгі ұрпақтың бойынан осы бір адамгершілік қасиеттерді көре аламыз ба? Әрине. Оған мысал жетерлік. Әлеуметтік желіде қайырымдылық істеп, қаражатқа зәру жандарға, баспанасыз жүрген қаншама бауырымызға халық болып жәрдем беріп жатқан талай-талай оқиға көз алдымызда болып жатыр.

Жуырда Зайсан ауданы, Қаратал ауылының азаматтары осындай игілікті іске мұрындық болды.

Негізі қараталдық тұрғындар ауылға деген қайырымдылық іс-шараларына келгенде өте белсенді. Елдің береке-бірлігінің арқасында әр жылдағы мектеп түлектері мен ауыл жұрты бірігіп қаражат жинап, мешіттің терезелерін, ішкі жабдықтарын жаңартты, қасынан үлкен қатымхана салды. Ауылдың кіреберісіне әдемілеп елді мекеннің атауын жазып, қасына самалжай тұрғызды. Әр жылдары бітірген мектеп түлектері Қаратал орта мектебіне де түрлі көмектерін көрсетіп, қолдау білдіріп отырады.

Осы жолы Болат Қабдылов бастаған ауылдың белсенді азаматтары Қ.Құрманғалиев, М.Есжанов, Қ.Сәмілтіров, Б.Бейсенбаев, Е.Баймолда, Е.Құдайбергенов, Б.Мағазбеков, Б.Рүстемов, Ю.Ашимұлы, А.Бітімбаев, М.Рамазанов, А.Көгіловтер баспанаға мұқтаж екі отбасына үй алып берді.

– Ауылдағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына, баспанаға зәру жандарға үй алып беру үшін, ауыл болып атсалысып жатырмыз. Осы жолы екі отбасына газы мен суы қосылған баспана алып бердік. Алда ауылдың тағы бір отбасына газ кіргізіп беруге, ішкі батареяларын тартып, газ пешін орнатып, толық газ жылуымен қамтуға көмектесеміз. Бұл игі шарамыз ары қарай өз жалғасын таба бермек, – дейді жеке кәсіпкер Қайрат Сәмілтіров.

Жалпы, бұл ауылдың береке-бірлігі мығым. Өсіп келе жатқан жас буынға үлгі боларлық істер көптеп атқарылып жатыр мұнда. «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» демекші ауыл азаматтары ынтымақ пен берекенің арқасында туған жерінің көркейіп, әлеуметтік жағынан дамуына өз үлесін қосып келеді. Наурыз мейрамында, күзгі жиын-терін аяқталғанда атап өтетін Сабан тойда ұлттық спортты ұлықтап, көптеген қайырымдылық іс-шара атқарады.

«Елде болсам, өлтірмес» деген мәтелді қаладан қайтқан ағайын жиі айтатыны анық. Әрине, қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдарда ағайынға қарайласып, қамқорлық таныту қасиеті әлі де жоғала қойған жоқ. Береке мен бірлік ынтымақ пен қамқорлылық бар қоғамда алға басу да, гүлденіп, даму да болатыны күмәнсіз.

Еркебұлан Зағыпаров

Зайсан ауданы.

 

Back to top button