Катонқарағай ауданында өлім-жітім көрсеткіштері төмендеді
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда барлық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіштері төмендеген.
Облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Райфа Сафиоллинова Катонқарағай аудандық ауруханаларының кураторы ретінде Үлкен Нарын аудандық орталық ауруханасына барды, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Катонқарағай ауданында 20 мыңға жуық адам тұрады, оларға екі аудандық аурухана, алты дәрігерлік амбулатория, үш фельдшерлік-акушерлік пункт, 20 медициналық пункт қызмет көрсетеді.
Ауданда анестезиолог-реаниматолог, хирург, акушер-гинеколог фтизиатр, онколог-маммолог, психиатр-нарколог, педиатр, терапевт, дәрігер-зертханашы сияқты дәрігерлік кадрлардың тапшылығы байқалады.
Медициналық-демографиялық көрсеткіштерге сәйкес өңірде халықтың табиғи өсуінде оң динамика (+0,3) байқалады.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда барлық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіштері төмендеген, оның ішінде жүрек және қан ауруларынан болатын өлім саны екі есе азайған, жарақаттардан және уланудан болатын өлім-жітім көрсеткіші 9% – ға төмендепті, ана мен бала өлімі тіркелген жоқ.
Үлкен Нарын аудандық орталық ауруханасындағы перинаталдық қызмет медициналық көмек көрсетудің 2-ші деңгейіне көшкелі әйелдердің 60%-дан астамы өз ауданында босанады.
Әріптестермен кездесу барысында аудан кураторы шалғайдағы тұрғындарға уақтылы медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту мақсатында басқарушылық шешімдер қабылдау үшін бірқатар ұсыныстар берді.
– Халықтың нысаналы топтарын, әсіресе 65 жастан асқан адамдарды профилактикалық тексеруге, онкологиялық аурулар мен скринингке, туберкулезге қарсы іс-шараларға, «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы көрсеткіштерінің жақсаруына, аудиологиялық скринингке және балаларды оңалтуға ерекше назар аудару қажет, – деп атап өтті Райфа Сафиоллинова.
Кәмал Естай