Карина Абдуллина, әнші: – Ришат Абдуллин – менің есімде Халық әртісі емес, қамқор ата ретінде қалыпты
Өнерсүйер қауымға сазгерлік қырымен де жақсы таныс қазақстандық эстрада жұлдыздарының бірі, танымал әнші Карина Абдуллинамен Өскеменге ағайынды Мүсілім мен Ришат Абдуллиндердің 100 жылдық мерейтойына орай келгенде сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– «Мюзикола» – қазақ эстрадасындағы бірегей топтардың бірі. Тарихына тоқтала кетсеңіз.
– Топ 1993 жылы құрылды. Әу бастан, Болат екеуіміз гитаро-акустикалық еуро-поп бағытын ұстандық. Консерваторияда пианист мамандығында оқып жүрген кезде анама көмектесіп, қаражат табу үшін ән салатын едім. Өйткені, отбасылық жағдайларға байланысты әкем мен анам ажырасып кеткен болатын. Бірде Болат мектепке келіп, гитарамен ән салатын қыз іздеп жүргенін айтты. Бірақ ол кезде балалықпен дұрыс қабылдамадым. Кейін консерваторияға түскенде оның ұсынысына келістім. Бастапқыда қаржылық жағынан қиыншылықтар болды. 1996 жылы «Polygram-Russia» компаниясының қолдауымен «Девочка в платьице белом» атты тұңғыш ән жинағымызды жарыққа шығардық. Оған 10 ән кірді. 2003 жылы барлық дүкендерде біздің «Между Алматой и Москвой», 2004 жылы «Горький шоколад», 2007 «Певица и саксофон», 2008 жылы «Как всегда» атты ән жинақтарымыз сатылымға шықты. Қазір репертуарымызда 100-ден астам ән бар.
Біздің өнер жолымызда «Девочка в платьице белом» әнінің орны бөлек. Себебі, баяу лирикалық ән жарыққа шыққан бойда тыңдарман көңілінен шығып, үздіктердің қатарынан көріндік. Сондықтан бұл ән «Мюзикола» тобының бағын ашты десем қателеспеспін. Әнді естіген танымал продюсерлер бізбен шығармашылық байланыс орнатты. Сөйтіп, осы әнге Санкт-Петербург қаласында бейнебаян түсіріліп, мұны көрермен қауым жылы қабылдады. Бұдан соң бізге түрлі ұсыныстар мен шақыртулар түсе бастады.
Атамның атын ешқашан пайдаланған емеспін
– Алматыда өткен «Азия дауысы» фестивалінде «Девочка в платьице белом» әні 1996 жылдың үздік әні болып танылды. Топтың кеңінен танылуына арқау болған әннің сөзі мен әуенін кім жазды?
– Әнді Мәскеудегі студиялардың бірінде жаздырттық. Болат алдымен әннің сазын жазып, оны маған тыңдатты. Содан кейін екеуіміз біраз толықтырулар мен түзетулер енгізіп, Алматыдағы белгілі сазгер әрі ақын Еркеш Шакеевке хабарласып, әннің сазына мәтін жазып беруін өтіндік. Ақынның айтуынша, ол қолына қалам мен қағаз алып, әннің сөзін жазуға кірісер кезде оның жанына ақ көйлек киген кішкентай қызы Меруерт келіпті. Қызының үстіндегі ақ көйлекті көрген ақын оны әнге қосуды жөн санап, осылай «Девочка в платьице белом» әнінің сөзін жазып шыққан екен.
Ән сөздері дайын болған соң, Еркеш Мәскеуге хабарласып, Болатқа мәтінді жазып алуын сұрады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Еркешке «Девочка в платьице белом» әнін тыңдаттық. Сонда ол: «Бұл – нағыз хит!» деп жоғары баға берген еді.
– Жақында сәбилі болдыңыз. Өнер мен отбасыңызды қатар алып жүру қиындық туғызбай ма?
– Оңай емес! (күледі). Негізі жұмысты бірінші орынға қоятын едім. Қазір ұлым Альберт бірінші орында. Жасқа толмаған баламды ұзақ уақытқа қалдырған емеспін. Тек осы жолы Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан облыстық өнер училищесінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Тағдыры бір – екі жұлдыз» атты мерекелік шараға арнайы келдім. Асқаралы Алтайдан қанат қаққан қос жұлдыздың 100 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде өтті. Бұрын «Сіздің аталарыңызға арналған концерт болғалы жатыр. Келіңіз» дегенде мән бере қоймайтын едім. Алайда, адамның жасы өскен сайын көңілшек болады екен (күледі). Бұл байқауды тамашалай отырып, соңымыздан еретін, жолымызды қуатын талантты жастардың көптігін байқадым.
– Халық әртісі Ришат Абдуллин қандай ата болды? Атаңызбен бірге өткізген сәттер есіңізде бар ма?
– Кәсіби музыканттардың отбасында дүниеге келгеніме қуанамын. Бірақ тағдырдың жазуы ма, кім білсін, әкем мен анам менің кішкентай кезімде ажырасып кетті. Алайда, анам маған туыстарыма барып тұруға еш қарсылық танытқан жоқ. Сенбі, жексенбі күндері атам мен апама барып тұратынмын. Есімде қалғаны, атам таңертең алтыда оянып, өзі еден жуып, тоғызда базарға азық-түлік алуға баратын. Атамның мұнысын апама деген ерекше құрмет пен сыйластық деп ұғамын. Өйткені, қазір мұндай отбасылар жоқтың қасы.
Атам базарға бармастан бұрын немелерін оятып: «не әкеліп берейін?» деп үнемі сұрайтын. Менің есімде, Ришат Абдуллин Халық Әртісі емес, қамқор ата ретінде қалыпты. Әсіресе, маған атамның аз сөйлеп, көп тыңдайтыны ұнайтын еді.
– Осындай өнерлі отбасында дүние келген сіздің өнер жолыңызда аса көп қиындықтар кездеспеген болар…
– Әкем – Заур Абдуллин кәсіби дауысты баритон әнші, Абай атындағы опера және балет театрында қызмет атқарған. Анам – Ольга Львова елімізге танымал пианист. Ал атамды барлығы жақсы біледі. Алғаш рет бес жасымда өлең жазғанда ешкім мән бермеді. Отбасы мүшелерінің барлығы өнер адамдары болғандықтан, мұндай дүниелерге көңіл бөле бермейтін. Қазір ойлап отырсам, бұл бір жағынан дұрыс та болған. Себебі, осы күнге дейін өнер жолындағы биік белестерді ешкімнің қолпаштауынсыз бағындырдым. Тыңдарман қауымға «Мюзикола» тобының құрамында жүріп, таныла бастаған кезде ғана Ришат Абдуллинің немересі екенімді айтқанмын.
– Ең алғаш жазған өлең жолдарыңыз есіңізде ме?
– Ең алғашқы өлеңдерімді атама арнап жазғанмын. Өйткені, атам маған әкемнің жоқтығын ешқашан білдірген емес. Мамыр айында атамның «Жеңіс» деген жазуы бар «Волга» машинасына мініп алып, екеуіміз қала сыртына балық аулауға барып, апталап шатырда түнейтін едік. Сонда атам соғыстағы майдангер жолдастарын жиі еске алатын. Қазір атамның Ұлы Отан соғысына қатысып, Берлиндегі майдан шебіне дейін барғанын мақтан тұтамын. Атам 96 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Монакоға Генадий Головкиннің өзі шақырды
– Балалық шағыңызда журналист болуды армандапсыз. Неліктен?
– Балалық шағымда журналист әрі шығыстанушы Фарид Сейфуль-Мулюковті үлгі тұттым. Журналистиканың ұнайтын тұсы адамдармен тіл табысуды, сауатты сөйлеуді үйретеді. Ал бұл – жақсы қасиет.
– Балалық шағыңыз Қазақ мемлекеттік Абай атындағы опера және балет театрында өтіпті. Киелі өнер ордасына жиі бас сұғып тұрасыз ба?
– Театр менің – екінші үйім. Өйткені, анам театрда концертмейстер болып жұмыс істеді. Өкінішке қарай, анам өмірден ерте озды. Бұл мен үшін орны толмас қайғы. Қаншама жыл өтсе де, әлі күнге дейін жаным ауырады. Театрға барған сайын бала күнімді еске аламын. Шынымды айтсам, театрға тек классикалық стильдегі концерттер мен симфониялық оркестрдің шығармашылық кештері өтетін кезде ғана барамын.
– Құпия болмаса, ұлыңыздың есімін неге Альберт деп қойдыңыздар?
– Жолдасым екеуіміз шетелге жиі шығып тұрамыз. Сонда өзге елдің адамдары біздің есімізді дұрыс айта алмай қиналып жатады. Сондықтан ұлымыздың есімін әлем тілдерінің барлығында еш кедергісіз айтылатындай болсын деген шешімге келіп, Альберт деп қойдым. Ұлым дүниеге келерден екі ай бұрын әріптесім Болат Сыздықов екеуіміз Геннадий Головкиннің шақыруымен Монако князьдығына арнайы іс сапармен бардық. Мұнда біз Гена рингке шығар алдында еліміздің Әнұранын орындадық. Боксты көруге Монаконың князы Альберт те қатысты. Сонда маған князьдің бойындағы қарапайымдылығы ұнаған еді. Сол сәтте, егер балам ұл болса, есімін Альберт деп қоямын деген шешімге келгенмін.
– Отандық әншілердің бірде-біреуі басқа мемлекетте Қазақстанның Әнұранын орындап көрген емес. Ендеше, кәсіпқой боксшының таңдауы неге «Мюзиколаға» түсті?
– Гена – біздің досымыз, Болат Сыздықовтың жерлесі. Меніңше, боксерлік пен әншіліктің ұқсайтын тұсы бар. Мысалы, боксер болу үшін бала күннен шынығу қажет. Музыкада да тура солай. Монте-Карлодағы бокстың алдында Гена бізге қоңырау шалып, еліміздің Әнұранын орындауды өтінді. Бұл біз үшін үлкен құрмет болды. Өйткені, отандық әншілердің бірде-біреуі мұндай байрақты бәсекеде Әнұран орындап көрген жоқ. Боксты 60-тан астам телеарна тікелей эфирден көрсеткендіктен, Әнұранның сөзін ұмытып қалмайын деп қатты қобалжыдым. Сәтіне қарай, бәрі ойдағыдай өтті.
– Ұлыңыз кімге ұқсайды?
– Таңғалатыным, ұлым атам Ришат Абдуллиннен аумайды. Бірақ уақыт өте келе өзгеретін шығар. Бұл қалыпты жағдай ғой. Бастысы, кімге ұқсаса да, адам болса екен.
– Сіздің әулетіңіздің барлығы музыканттар. Ұлыңыз өнер жолын таңдайтын болса, оған қолдау көрсетесіз бе?
– Бұл туралы бірдеңе деудің өзі қиын. Иә, біздің отбасымыздың барлығы өнерлі адамдар. Алайда, бұл Альберттің бойында да музыкалық қабілет болады дегенді білдірмейді. Ал егер ерекше дауысы бар, тасты жарып шығатын талант иесі болса көмегімді көрсетемін.
Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің Әнұранын жазғанмын
– «Мой огонек» әнін Францияның эстрадалық бағытында орындап көрдіңіз. Болашақта шансоне стилінде ән салу жоспарыңызда бар ма?
– Жоқ. Бұл әннің тыңдарман тарапынан ерекше ықыласқа бөленгені рас. Алайда, мына әнді міндетті түрде былай орындаймын деп алдын ала ешқашан дайындалмаймын. Өйткені, әннің ритмі сол сәтте келеді де кетеді.
– Көрермен тарапынан әннің мәтініне байланысты сын естіп көрген кезіңіз болды ма?
– Жоқ. Көбінесе, тапсырыспен жазамын. Қазір ресейлік әнші Зарамен тығыз байланыста жұмыс істеймін. Зараның орындап жүрген әндерінің 30 пайызы менікі. Тіпті, Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің Әнұранын да жазып бергенмін.
– Сахнаға шығар алдында қобалжисыз ба?
– Шынымды айтсам, сахнаға шығар алдында әлі күнге дейін қобалжимын. Жалпы, өнер адамына қобалжуды қойған сәттен бастап карьераны аяқтау қажет деп жатады. Соған қарағанда, маған әлі сахнадан кетуге ерте (күледі).
– Кітап оқисыз ба?
– Фантастикадан басқаның барлығын оқимын. Әсіресе, ұлы адамдардың өмірбаяны жазылған автобиографиялық кітаптарды ұнатамын. Соңғы рет Эдит Пиаф, Элизабет Тейлор, Светлана Аллилуеваның «Двадцать писем другу» деген кітабын оқыдым.
– Автобиография жазу жоспарыңызда бар ма?
– Жоспарда бар. Бірақ мұндай дүние жазуға әлі ертерек деп ойлаймын. Егер ұзақ ғұмыр сүріп жатсам жазатын шығармын (күледі). Басымнан өткен оқиғаларды шағын әңгіме ретінде жазу ойымда бар. Кейде «Facebook» әлеуметтік парақшасына жазып отырамын. 8-10 жасар кезімде пионерлік лагерьге барғанымда, менімен ешкім араласпайтын. Өйткені, жасым кішкентай еді. Бірде лагерьде Квн ойнайтын балаларға ән салатын қыз керек болып, ән айтқаным бар. Содан кейін балалармен достасып кеттім.
– Сіз бүгінгі күнмен өмір сүресіз бе, әлде болашақты алдын ала жоспарлайсыз ба?
– Бүгінгі күнмен өмір сүру қажет. «Өмірдің әр сәтін бағалап, қуана білу қажет» деп жағымпазданбаймын. Мен реалистпін. Мысалы, 2006 жылы дағдарыс болған кезде концерттер болмай, үйде отырып қалған кездер болды. Сонда уақытымды босқа өткізбес үшін француз тілін меңгеріп алдым. Қазір Францияға барып өнер көрсеткенде еш қымсынбаймын.
– Сіз үшін талант деген не?
– Бұл ген арқылы беріліп, атадан балаға жалғасатын қасиет. Мысалы, қазақ халқында «Адамды киіміне қарап қарсы алып, ақылына қарап шығарып салады» деген сөз бар. Егер талант пен ақыл бір арнаға тоғысса, бұл нағыз – бақыт.
– Өнер жолын таңдаған жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең бастысы – тынбай еңбектену қажет.
– Өскеменнен алған әсеріңіз қандай?
– Өскемен көрікті қала екен. Маған ұнады. Бұл қалаға келген бойда ерке Ертістің жағасында, асқақ Алтайдың аясында өскен менің аталарымның арманы жоқ екен деген ой түйдім.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Ажар Сағатбекова