Облыс әкімі: бағыт-бағдар

Қарғын суға қарсы әзірлік қарқынды

Облыстағы барлық гидротехникалық құрылыстар мен тасу қаупі бар өзен-көлдер толықтай тексеріледі. Коммуналдық қызметтердің және төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерімен су тасқыны кезеңі бойынша кеңес өткізген өңір басшысы Даниал Ахметов осындай міндет жүктеді.

Аймақтың кей аудандарында қар қалыңдығының биіктігі 115, ал мұз қалыңдығы 70 сантиметрге жеткен. Жарылыс жұмыстарын қажет ететін жерлер қазірдің өзінде анықталып отыр, сондықтан қауырт кезеңде алаңдамас үшін тендерлік процедуралар алдын ала жүргізілетін болады.

– Қаңтар айының соңында әуеден бақылау, сондай-ақ барша 131 гидротехникалық құрылысты тексеру басталуы тиіс. Зайсан ауданындағы Үйдене су қоймасы мен Самар ауданындағы бөгетке қатысты қауіп бар. Он күн ішінде барлық деңгейдегі әкімдер қай жерде қандай мәселе бар екені туралы ақпаратты жинақтап беруі қажет, – деді облыс әкімі.

Бүгінде арналар, бұлақтар, су өткізгіштер мен көпірлердің асты тазартылып жатыр. 130 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Төтенше жағдайлар қызметінің мобильді бригадалары барлық қажет жабдықтармен жарақталып, эвакуациялық бекеттер дайындалған.

Тоғыз қоймадан артылған суды төгу басталып та кетті. Барынша алаңдаушылықты қары қалың Шемонайха, Глубокое, Ұлан және Алтай аудандары тудырып отыр.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button