Қарапайым әрі жылдам
Ынтымақ Толқын
Жасанды интеллект негізінде жасалған Wonder Studio кадрдағы актерді аз уақыт ішінде анимациялық кейіпкерге айналдыра алады.
Кино саласына жаңалық әкелген стартаптың басты ерекшелігі –қарапайым әрі жылдамдығында. Wonder Dynamics ұсынған ақылды бағдарлама кез келген бейнероликтегі актерлерді әртүрлі роботқа немесе ертегі кейіпкерлеріне әп-сәтте айналдырады. Wonder Studio кейіпкерді анимациялау үшін бір ғана камераны қолданады. Алайда ол жұмыс нысанын толық зерделеуге кедергі келтірмейді. Бүгінде бағдарламада көшіріп ала салатын дайын кейіпкерлер аз. Жоба әзірлеушілер оның да шешімін ойластырған. Wonder Studio-ны пайдалана отырып, тұтынушы өз ойындағы кейіпкерді суретке салып, бағдарламаға жүктейді. Ерекшелігі де осында жатыр. Жаңа кейіпкер ойлап тапқысы келген әр тұтынушы өз қиялындағы суретті қағазға түсіріп, қозғалысқа келтіруге мүмкіндік алады.
Wonder Dynamics пайымдауынша, жасанды интеллект суретшілерді жұмыссыз қалдырмайды. Керісінше, жеңілдететін көрінеді. Қазіргі таңда фантастикалық жанрдағы кинолардың ешқайсы шынайы түсірілмейді. Барлығы да компьютерлік графиканың көмегімен жасалады. Сондықтан да кез келген VFX студияға барсаң, жылдап кезек күтуге тура келеді және шығын да көп. Ал бұл салада ақылды интеллекті пайдалану анағұрлым арзан әрі графикаға кететін уақытты үнемдейді.
Актердің әр қимылын айнытпай қайталайтын студио әлемдік алпауыттардың қызығушылығын тудырған. Платформа әзірге бета-нұсқасында болса да, әйгілі Netflix Wonder Studio-ның көмегімен кино түсіруді бастап кеткен. Алдағы жылдары жасанды интеллектің көмегімен түсірілген алғашқы фильмді де көріп қалармыз.