Карантинде жатқандардың денсаулығы қанағаттанарлықтай
Өңірде бүгінгі таңда 14 адам карантинге жатқызылып, сегіз адам үйде оқшауланған. Олар Қытай, Италия, Германия және Оңтүстік Корея мемлекеттерінен келген азаматтар. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ, оқшауланған жандардың барлығының денсаулығы жақсы. Бұл жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан аймақтық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған тікелей эфирде мәлім етті.
Басқарма басшысы бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысымен қауіпті мемлекеттердің қатары қайта қаралып, өзгергенін ескертті. Атап айтқанда, келген азаматтар 14 күндік карантинге жатқызылуы тиіс 1 «А» санатындағы мемлекеттерге Франция, Иран, Италия, Испания және Германия енгізілді. 1 «Б» санатына Қытай, Корея және бүкіл Шенген аймағындағы мемлекеттер жатқызылды. Бұл елдерден келген азаматтар міндетті түрде 14 күн үй карантинінде болуы керек. Ал 2-санаттағы Филиппин, Қатар, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Әзербайжан, Таиланд және АҚШ сияқты елдерден келетін азаматтар медициналық мониторингке алынады. Олар 14 күн бойы жергілікті жерлеріндегі емхана қызметкерлерінің бақылауында болады. Медицина қызметкерлері күніне екі рет телефонмен хабарласып, денсаулықтарын тексеріп тұруға тиіс. Облыстың бас дәрігері өңірімізге 20 ақпаннан бастап 1 «А» санатындағы мемлекеттерден 79 адам келгенін, карантин уақыты бітуімен байланысты 65 адам шығарылып, 14 адам әлі карантинде жатқанын жеткізді. Бұл азаматтардың әзірге ешқандай шағымдары жоқ, денсаулықтары қанағаттанарлықтай. 1 «Б» санатты елдерден келген тағы сегіз адам өз үйлерінде оқшауланған, олардың да жағдайы жақсы. 2-санат бойынша 73 адам бақылауда тұр. Басқарма басшысының айтуынша, карантинге іліккен тұлғалар Қытай, Италия, Германия және Оңтүстік Кореядан келген.
Коронавирусқа сынама өзімізде жасалады
Облыстың бас дәрігері медициналық персоналдың жағдайдың кез келген қалыптасу нұсқаларына сақадай-сай екеніне сенімділік білдірді. Коронавирус инфекциясы анықталған күнде соған сәйкес қандай іс-әрекет жасаудың алгоритмі жасалған.
Қазіргі таңда облыста 500 инфекциялық орын бар, қажет болған жағдайда қосымша 413 төсек ашылады, 600 провизорлық төсек, 2505 обсервациялық орын дайын.
-Бұрынғы жедел жәрдем ауруханасының аумағындағы №2 перзентхананы біз алгоритм бойынша арнайы провизорлық стационар ретінде әзірлеп қойдық. Емдеу орны барлық құрал-жабдықтармен жабдықталған, мамандар жеткілікті. Ал жүкті әйелдердің барлығы облыстық ана мен бала орталығына ауыстырылды. Ол жақта да болашақ аналар үшін барлық қолайлы жағдайлар қарастырылған, – деді Ілияс Тұңғышқанұлы.
Өңірдің медициналық ұйымдары жеке қорғаныс құралдарының екі айға жететін қорымен қамтамасыз етілген, вирусқа қарсы препараттардың азаймайтын, үнемі толықтырылып тұратын қоры бар.
Ілияс Мұхамеджан тұрғындар арасында коронавирусқа күдікті деген адамдардан алынған 42 сынаманың барлығы теріс нәтиже көрсеткенін айтты.
-Осы жерде халыққа бір өтініш айтқым келеді. Бүгінгі таңда тұрғындар арасында дәрігерлерден коронавирус жұқпасына сынама алуды талап ететіндердің көп екені белгілі болып отыр. Бұл анализдер тек көрсетілім бойынша алынатынын ескерткім келеді. Науқастан анамнез жиналады, яғни, қалай ауырды, кімдермен байланыста болды, шетелден келген азаматтармен жолықты ма, шетке шықты ма деген сияқты сауалдарға жауап алынады. Егер азамат өз мекенжайынан ұзап шықпаса, инфекцияны жұқтыруы мүмкін азаматтармен кездеспесе, ол күдікті болып саналмайды. Егер суық тию белгілері байқалса, емханаға барудың қажеті жоқ. Үйге жедел жәрдем шақырса жеткілікті, – деп түсіндірді облыстың бас дәрігері.
Сынамалар екі дәрежелі тексерістен өтеді екен, сол себепті оның қорытындыларына күмәнданып керегі жоқ. Алдымен Ұлттық экспертиза орталығының Өскемен қаласында орналасқан филиалында, одан кейін Алматыдағы М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялардың ұлттық ғылыми орталығында зерттеледі.
Дәрігерлердің қорғаныш құралдары жеткілікті
Аса жұқпалы дертпен алдыңғы шепте медициналық қызметкерлер тұрғандықтан, облыста олардың қорғаныш құралдарымен қамтылуына барынша назар аударылған. Біздің емдеу ұйымдарында медперсоналдарға қорғаныш костюмдері, бетперделер мен бірреттік костюмдер мен қолғаптар жеткілікті көлемде екен, ол жағынан уайымдамау керектігін айтты басқарма басшысы. Семей медициналық университеті инфекциялық кафедрасының оқытушылары біздің дәрігерлерге инфекциямен қалай күресу, диагнозды қалай қою керектігі жөнінде дәрістер оқып, практикалық сабақтар өткізген. Қазір онлайн сабақтар ұйымдастырылып тұрады. Әр ауруханада алгоритмге сәйкес емнің тәсілдерін қосымша оқытып жатыр. Облыста инфекциялық аурумен күресетін, толық дайындықтан өткен дәрігерлер мен медбикелерден үш бригада жасақталыпты. Сонымен қатар КВИ жұқпасына күдікті науқастарды тасымалдау үшін жедел жәрдем стансасының ішінен арнайы бөлек бригада құрылған.
Ілияс Мұхамеджан инфекциялық стационарлардың құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне де тоқталды. Баршамызға белгілі, шетелде, оның ішінде медицинасы озық Италияның өзінде жұқпаның шексіз таралып кетуінің салдарынан өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараттарының тапшылығы сезілген болатын. Басқарма басшысы біздің инфекциялық, провизорлық стационарлардың бұл аппаратпен толық қамтамасыз етілгенін айтты. Облыс әкімі тағы қосымша 50 дана осындай ИВЛ аппаратын алуға тапсырма беріпті. Тұрғындар тарапынан инфекциялық стационарға карантинге жатқызылған азаматтардың инфекция бөлімінде жатқан басқа науқастарға қауіптілігі туралы наразылық айтылып жүргені шындық. Басқарма басшысы Ілияс Мұхамеджан бұл күдікті де сейілтті.
-Біріншіден, карантинде жатқан адамдардың барлығының дені сау. Екіншіден, біз бұл екі лекті бөлдік. Алда-жалда маусымдық тұмау, қызылша сияқты жұқпалы дерттер анықтала қалса, науқастар инфекциялық ауруханаға жолданады, олар инфекциялық стационарда жатқандармен мүлде кездеспейді, – деп сендірді облыстың бас дәрігері.
Жедел жәрдем қызметіне түсетін жүктемені азайту мақсатында және тұмау, жіті респираторлық вирустық жұқпалар бойынша эпидемиологиялық маусымға байланысты емханалар мен амбулаторияларда қосымша көліктер ұйымдастырылған. Жедел жәрдем қызметін көрсетудің 4-санатына ( қан қысымын, дене қызуын өлшеу, өміріне қауіп төніп тұрмаған жағдай) жататын азаматтарға қызмет көрсету үшін облыста 100 көлік бөлінген.
Әрине, салалық басқарманың басшысы жыр болған бетперде мәселесін де айналып өткен жоқ. Семей қаласындағы кәсіпорындардың бірінде тігіліп жатқан көп рет пайдалануға болатын бетперде таяу күндері тұтынушыларға жетуге тиіс.
Облыстың бас дәрігері коронавирус жұқпасынан сақтану үшін жеке бас гигиенасын сақтау, қолды жиі жуу, адам аяғы көп жерлерге барудан бас тарту сияқты сақтық шараларын ұмытпауды ескертті. Егер дене қызуы көтеріліп, өзін жайсыз сезінген азаматтар болса, емханаға барудың қажеті жоқ. Үйге 103 нөмірімен жедел жәрдем шақыртуға болады не болмаса 1406, 701131 телефондарына хабарласса, жеткілікті.
Айна Ескенқызы