Басты

Төтенше жағдай: қалжыңды қоя тұрыңыз

Аймақтағы бірнеше сауда және көңіл көтеру орындарының иелері төтенше жағдай режимін бұзған. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, өңірдегі кезекті рейдтік іс-шаралар барысында шағын және орта бизнес нысандары тарапынан бұзушылықтар анықталған.

Өскеменде, Семейде, сонымен қатар Глубокое ауданында көпшіліктің жиналуымен салтанатты және өзге де іс-шаралар өткізілген. Өскемен мен Семейдегі екі ресторанда Төтенше жағдай уақытындағы жұмыс режимін шектеуді бұзған іс-шаралар өткізілген. Екі ресторанның да иесіне қатысты әкімшілік өндіріс қозғалған, ары қарай шешім шығару үшін материалдар сотқа жолданған.

Сондай-ақ облыс орталығында компьютерлік клубтың жұмысына қатысты факті анықталған. Мамандандырылған әкімшілік соттың қаулысымен аталған мекеме иесі 26510 теңге көлеміндегі айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Облыс орталығындағы караоке-клуб та Төтенше жағдай режимін белден басқан. Наурыз мейрамы  күнімекеме өзінің қызметін 22.00-ден кейін де жалғастыра берген. Оның иесіне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің476 бабы бойынша ­– «Төтенше жағдай режимін бұзу» әкімшілік хаттама толтырылған. Ол 15 тәулікке қамауға алынған.

Сонымен бірге, сауда орталығында дезинфекциялық жұмыстарды жүргізу талаптарын сақтамағаны үшін заңды тұлға да әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында төтенше жағдай режимін бұзудың он фактісі тіркелген.

– Жеке және қоғамдық қауіпсіздік ережесін сақтау – бұл коронавирус инфекциясының таралуын болдырмаудың және алдын алудың бірден-бір жолы. Егер сіздер осыған ұқсас бұзушылықтардың куәгері болсаңыз, белсенді азаматтық ұстаным танытып, тиісті құзырлы органдарға хабарлауларыңызды сұраймыз, – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабына сәйкес төтенше жағдай режимін бұзу 10 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алуға әкеп соғатынын еске саламыз. Төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер үшін (ӘҚБтК-нің 478-бабы) – 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады немесе 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу қарастырылған.

Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық нормативтерді бұзу (ӘҚБтК-нің 425-бабы)– қызметін тоқтата тұрумен 2000 АЕК мөлшерінде айыппұл, ал бақылау органдарының талаптарын орындамау (ӘҚБтК-нің 462-бабы) қызметін тоқтата тұрумен қоса 500АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.Сол сияқты құқық бұзушылық салдарынан абайсызда адамдардың жаппай сырқаттануына, ауру жұқтыруына немесе адамның өліміне әкеп соққан жағдайда он жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады (ҚР ҚК-нің 304-бабы).

Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін Қылмыстық кодекс арқылыбұдан да қатаң жазалар көзделгеніне назар аударамыз.

Төтенше жағдай жарияланған жерде жасалған қылмыстар үшін негізгі қылмыстық-құқықтық шаралар Қылмыстық кодекстің 14-бабында жазылған.Олардың қатарында көрінеу жалған ақпаратты тарату (ҚК-нің 274-бабы 4 бөлігі бойынша – 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру), билік өкіліне бағынбау (ҚК-нің 379-бабы – 2 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру), билік өкiлiне қарсы күш қолдану  (ҚҰ ҚК-нің 380-бабы, 3 бөлігі бойынша – 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру), құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қолсұғушылық (ҚК-нің 380-1 бабы, 2 бөлігі бойынша – мүлкі тәркілеумен 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру), төтенше жағдай кезіндеұйымның жұмысына кедергi жасау (ҚР ҚК-нің 401-бабы – 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру) және сонымен бірге әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар бар.

Осы кезеңде басқа да әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасау әкімшілік жауапкершілік  пен қылмыстық жазаны ауырлататын мән-жайлар болып табылады (ҚР ӘҚБтК-нің 57-бабы, ҚК-нің 54-бабы).

 

Осы айдарда

Back to top button