Қар күреуге қомақты қаржы бөлінді
Азамат Темірбеков
Биыл Күршім ауданындағы көшелер мен жолдардың қысқы күтімін қамтамасыз етуге 97 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаевтың хабарлауынша, бұл қаражаттың 15 пайызы елді мекендердің көшелерін, ал 85 пайызы ауыларалық жолдарды тазалауға бөлінген. Жалпы, бүгінгі таңда аудан бойынша қар шығарумен айналысатын техникалардың барлығы қыс маусымына дайындалған, қосымша жеке шаруашылықтардың техникаларын жұмылдыруға келісімшарттар жасалған.
– Күршім ауданы аумағына түскен қардың қалыңдығы 30-40 сантиметрге жетеді, – дейді Қайрат Әзімбаев. – Бүгінгі күні аудан аумағында 44 елді мекен болса, олардағы жолдардың қысқы күтімін «ОблШығысЖол» мекемесі мен «Күршім» және «Теректі» коммуналдық шаруашылықтары қамтамасыз етеді.
Жауапты тұлғаның айтуынша, аудандық маңызы бар 304 шақырым жолдың тең жарымын «Күршім» коммуналдық мекемесі күтіп ұстаса, қалған бөлігінің күтімін қамтамасыз етуге «Теректі» мекемесі жауапты. Оған қоса, тоғыз жеке шаруашылықтың техникаларын пайдалануға байланысты келісімшарттар бекітіліп, олардың 13 техникасы осы іске жұмылдырылған.
Аудан тұрғындары тарапынан қар күреу мәселесіне байланысты арыз-шағымдардың келіп түспегенін алға тартқан әкімдік өкілі, қазіргі уақытта аудандағы көпқабатты тұрғын үйлер мен мекемелерге тиесілі ғимараттардың шатырларынан қар және мұз түсіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.