Денсаулық сақтау

Қандай вакциналар міндетті түрде салынады?

Айна Ескенқызы

 

Елімізде жаңа туған нәрестелерді 11 инфекцияға қарсы егу міндетті саналады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыс тұрғындары туберкулез, дифтерия, полиомиелит, қызылша, эпидемиялық паротит, қызамық, сіреспе, көкжөтел, В гепатиті, гемофильді инфекция және пневмококкты инфекцияға қарсы екпемен 100 пайызға таяу қамтылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина хабарлады.

Бір жасқа дейінгі балалардың 96,2%-ы БЦЖ екпесін алды, перзентханаларда туберкулезге қарсы 19 мың 606 нәресте егілді, жаңа туған нәрестелердің 96,3 пайызына В гепатитіне қарсы, 98,9%-на пневмококк инфекциясына қарсы екінші вакцина салынды. Бір жасқа дейінгі сәбилердің 97,6%-ы  пневмококк инфекциясына қарсы үшінші екпемен, қызылша, қызамыққа қарсы вакцинамен, эпидемиялық паротитке қарсы бірінші екпемен толық қамтылды. Екі жасқа дейінгі 18 мың 780 балаға ревакцинация жасалды, – деп атап өтті Сәуле Слямғазина.

Бұдан басқа, дифтерия мен сіреспеге қарсы 37 мың 223 ересек адамға екпе салынған.

Департамент басшысының орынбасары нәрестелерге екпе салу міндетті болса да балаларға вакцина салдырудан әртүрлі себептермен бас тартатын ата-аналар бар екеніне тоқталды. Сондай-ақ олардың  саны жылдан-жылға өзгеріп отырады екен.

Сәуле Слямғазина түсіндіргендей, балаға алғашқы екпе перзентханада жасалады. Алғаш рет жаңа туған нәресте туберкулез (БЦЖ), гепатит, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспеге (АКДС), В типті гемофильді инфекцияға, сондай-ақ пневмококкты инфекцияға қарсы және қызылша, қызамық және паротитке (ККП) қарсы вакциналар алады. Содан кейін балғындарға екпе екі және алты жасында  салынады.

– 2022 жылы 58 бас тарту фактісі тіркелді. 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіштің төмендегенін айта кеткен жөн. Екпеден бас тартушылардың 47 пайызы жеке себептерге байланысты, ал 17 пайызы вакцинаға деген сенімсіздіктен салдырғысы келмейтінін айтты. Бас тарту Өскеменде жиі кездеседі, одан кейін Глубокое  мен Алтай аудандары тұр, – деді Сәуле Слямғазина.

  • Қазақстанда иммундау мәселесі – денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі. Адамдарға екпе салу арқылы дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызамық, паротит, қызылша, В вирустық гепатиті, полиомиелит, туберкулез, гемофильді инфекция сияқты инфекциялармен сырқаттану деңгейінің айтарлықтай төмендеуіне қол жеткізілді. Гемофильді инфекцияға қарсы вакцинаны енгізу кезінде елде нәресте өлімі 20,2 пайызға төмендеді, – деп толықтырды спикер.

Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын 1,5 миллиардтан астам адам иммундау рәсімінен өтеді.

Қазақстанда жыл сайын бес миллионға жуық адам, оның ішінде 1,3 миллион бала жұқпалы ауруларға қарсы егіледі. Халықты вакцинациялау Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес тегін жүргізіледі, – деп қорытындылады облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.

 

Осы айдарда

Back to top button