ҚАЛЖЫРДА АМБУЛАТОРИЯ АШЫЛДЫ
Аудан орталығынан 162 шақырым қашықта, шекара аймағында жатқан Күршім ауданының Қалжыр ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді.
Қалжыр ауылдық округінің тұрғындары өздерінің игіліктері үшін салынған нысанның салтанатты ашылуына жиналып, ауылдың еңбек ардагері Ханыша Әубәкірова жерлестерін көптен күткен қуаныштарымен құттықтады. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құмарбек Қонақбаев пен денсаулық сақтау саласының ардагері Күләш Нұрсұлтанова дәрігерлік амбулаторияның лентасын қиып, ақжаулықты аналар шашу шашты.
Қазіргі күні Қалжыр ауылдық округінде 1374 тұрғын бар. Округ аумағындағы Жаңаауыл, Қазақстан, Тақыр ауылдарының тұрғындары енді Қалжырдағы амбулаторияға қаралып, ем-дом алады. Бір дәрігер, тоғыз орта медицина қызметкері, бір кіші медицина қызметкері қызмет көрсететін амбулаторияда бес төсектік күндізгі стационар бар. Жаңа ғимарат ішінде дәріхана да бар.
Қалжырға таяу жатқан көршілес Боран ауылдық округінде дәріхана ашылып, тұрғындардың талайдан бері айтып келе жатқан өтініш-тілектері орындалды.
Боран ауылдық дәрігерлік амбулаториясы жанынан ашылған дәріхана – Күршімдегі «Айболит» дәріханасының филиалы. Дәріхана иесі кәсіпкер Гүлмира Беспаева тұрғындарға ауыл дәріханасының халыққа қажетті дәрі-дәрмекпен тұрақты қамтамасыз етіліп отыратындығын жеткізді.
Жамал Ермен