Мәңгіліктің бекетінде (драма)
Сатыбалды: Иә, естігем. Сауатты жұмысшылардың біразын газетіңе алыпсың. Анау Ағзамның забойынан газетке ауысқан Бейсек сені «тілді, шешен жігіт, ақындығы да бар» деп мақтап отырады. Ол рас айтса, алдымен мені бір ауыз өлеңге қосып жібер. Сонда ғана сөйлесеміз.
Тайшыбаев: Жөн-ақ! Айтқаныңыз болсын, Сәтаға (қолын босатып, сәл шегініп, сахнадағыдай оңқолын көтеріп, соқтырта жөнеледі):
Тау қопарып, кен ағызған бұрғышымыз,
Қайта өрлеген Риддердің тұңғышымыз.
Таласып бозторғаймен таңнан тұрып,
Шалқытқан еңбек күйін жұмысшымыз.
Қалай?
Сатыбалды: Бәрекелді! Сендім. Енді сұрай бер.
Тайшыбаев: Сәке, сіздің цех, бригада туралы менің мәліметтерім жеткілікті. Өзіңіз туралы да «мықты бригадир, жанындағыларға қамқор, ортақ іске жанашыр» деген жылы пікірлерді көп естідім. Сондықтан да өзіңізге бір қолқа сала келіп отырмын. Мақала жазылар, өзіңізді жұмыс басынан осыншалық ерте жолықтырам деп ойламап едім, жолым болады екен. Болашақ мақаламның аты да тілдің ұшында тұр, «Бозторғай» деп атасақ…
Сатыбалды:Ол жағын қалам ұстаған өздерің білерсіңдер. Сен енді мені күпті етіп, үрейлендіріп қойған басты жұмысыңды айта отыр…
Тайшыбаев: Үрейленетін ештеңесі жоқ, Сәтаға. Бүгін түстен кейін бізге орталықтан, сонау Мәскеудің өзінен үлкен қонақ – Сергей Миронович Киров келеді екен. Заводты аралап, жұмысшылармен кеңеспек екен… Бірақ, жергілікті басшылар сорақымыз шығып қалмасын деп, сол үлкен адаммен кездесуге өздерінің сенімді адамдарын дайындап қойыпты. Заводты аралағанда, қонақтың алдынан солар ғана шығып, жаттап алған сөздерін сайрамақ екен…
Сатыбалды: Ойпыр-о-о-й де… Мұнысы қызық екен… Ал, сонымен…
Тайшыбаев: Қызық емес, қылықтары шыжық пен былық болып тұр ғой, Сәтаға. Сонымен… сіз солардың өтірігін шығарыңыз… Өзіңіз білесіз, жұмысшылардың халі өте ауыр, қазір өндіріс ісі де оңып тұрған жоқ. Осының бәрін үлкен басшының алдында жасқанбай айтып берер жұмысшы болса, ортақ іске оның орасан зор пайдасы тиер еді…
Сатыбалды (сәл ойланып): Мен дайынмын. Бірақ қалай, қайтіп жолығуым керек ол кісімен?
Тайшыбаев:Оған алаң болмаңыз, мен ұйымдастырамын. Тек түстен кейін өз пешіңіздің маңынан ұзап кетіп қалмаңыз.
Сатыбалды:Келістік..
7 – көрініс
Сол көрініс, түстен кейінгі мезгіл. Сатыбалды сынған колосниктерді ауыстырып, пеш аузынан үсті-басын күл, шлак басып шыға бергенде қонақтар да сау етіп келіп қалады. Алда – қыран кеуделі, ашық жүзді, гимнастерка, галифе киген, аяғында тоза бастаған хром етікті Киров, соңында – республика басшылығының өкілдері,облыс, қала, завод басшылары, фотоаппарат, қалам-қағаздарын ұстаған баспасөз өкілдері…
Тайшыбаев: (Сабырмен тосып тұрған Сатыбалдыны байқаған қонақ сәл іркіле бергенде, топтың алдында келе жатқан Тайшыбаев Кировқа қарата) Заводтың байырғы, тәжірибелі жұмысшысы – Бөлегенов…
Киров (Сатыбалдыға қолын созып, тұра қалады): Мұнда көптен істейсіз бе?
Сатыбалды:Екібастұздан осы заводпен бірге көшіп келдім. Пеште істегеніме он бес жыл болды.
Киров (өңі жылып): О, олай болса, сіз заводтың шын қожасы болдыңыз ғой… Жұмысыңыз қалай, Булегенов жолдас?
Сатыбалды: Менің бригадам жоспарын 110-115 процентке орындайды.
Киров: А, сіз бригадирсіз бе? Онда сіз жауапты адамның бірі екенсіз. Мына заводтарыңыз үш ай бойы тоқтап қалыпты, бұл қалайша?
Сатыбалды (қонаққа тура қарап): Завод үш ай тұрған жоқ. Небәрі қырық күн жөндеуде болды.
Киров: Кокс жоқ боп тұрған жоқсыздар ма?
Сатыбалды: Жоқ, кокстан тұрғамыз жоқ. Бұрыннан жатқан, шала жағылған коксты елеп, қайта жақтық. Жөндеу мерзімінен артық тұрғызбауға тырыстық.
Киров: Бірақ, кокстың болмағаны рас қой?..
Сатыбалды: Рас. Бұған облыстың басшылары кінәлі. Солардың сөзіне сеніп, кокссыз қалдық. Өтірік десе, өздері айтсын…
Киров (артына мойын бұрғанда, облыс басшылары жерге қарайды): Ал, Бөлегенов жолдас, тұрмыс жағы қалай? Азық-түлік жөнін айтыңыз. Шынын айтыңыз.
Сатыбалды: Айтуға болады. Тәулігіне 900 грамм қара нан аламыз. Асханадан бір аяқ картоп көже береді.
Киров: Қазақстан малға бай. Ет бермей ме сіздерге?
Сатыбалды: Жоқ, ет көрмейміз.
Киров: Сіздің облыста балық та көп қой…
Сатыбалды: Балық та көрмейміз. Май мейрамында 500 грамнан селедка алғамыз…
(нөкерлердің кейбірі еріксіз күліп жібереді, бірақ қонақ күлмейді, қабағын одан сайын түйе түседі. Осы кезде Бөлегеновтың жанына келіп тұра қалған орыс жұмысшыға қарап)
Киров: Сіз орыс адамысыз. Жерлеріңіз қара топырақ, құнарлы екен. Картоп неге екпейсіздер?
Жұмысшы: Тұқым жоқ. Аз-маз болған, қыста жеп қойдық. Бала-шаға шыдамады.
Киров:Қосалқы шаруашылық жоқ па қалаңызда?
Жұмысшы: Жоқ…
Киров (қатты түнеріп, артына бұрылып, даусын қатайтып): Неткен қырсыздық! Жұмысшылар қалай төзіп жүр десеңші! Көрдіңдер ме, мына жұмысшы (Бөлегеновке қарата) мемлекеттік қайраткерше ойлайды. Міне, кіммен бірге ақыл қосып істеу керек, сіздерге… (жұмысшыларға рахметін айтып, қоштасып тұрып) Бәрін де жөндейміз, Алаңдамай, жұмыстарыңызды істей беріңіздер…
Оның соңынан қарап, аңырып қалған жұмысшылардың жанына Тайшыбаев келіп, Бөлегеновтың қолын қысып тұрып
Тайшыбаев: Әй, Сәт аға-ай. Қатырдыңыз – ау… бәрін бірақ сілейттіңіз, облысын да, қаласын да… Мың да бір рахмет сізге. Уақытша болса да енді жағдай оңала бастайды, көріңіз де тұрыңыз…(топтың соңынан кетеді).
8 – көрініс
«Жұмысшы» (латын әріптерімен)газетінің редакциясы. Іші жұпыны, үш стол тұр Қабырғада – ұңғысындағы Қызыл ту. Төрде – Сталиннің портреті. Редактордың столын айнала – 5-6 журналист, алдарында қалам, қағаз, «Жұмысшының» кезекті саны. Тайшыбаев «летучка» өткізіп отыр.
Тайшыбаев: Жігіттер, кеше халық ағарту үйінде өздеріңмен кездесіп қайтқан Мұхтар Әуезов біраз ақыл-кеңестер айтып кетті, оны естідіңдер. Қазір қазақ жеріндегі Сәкенмен, Сәбитпен қатар келе жатқан пролетариат жазушыларының ішіндегі мықтының бірі – осы, Мұхтар. Әңгімелері, мақалалары «Абай» журналында, «Таң», «Шолпан» журналдарында жиі жарияланып тұрады. Оның жанашырлық ақылы – талапты жастардың кәсіби білім алуы. Бұл мәселе горкомда да сөз болды… Міне, сондықтан, арамыздан осы күзде Бейсек Исабековты Алматыдағы Коммунистік Журналистика институтына оқуға жіберуді ұйғарып отырмыз. Бұған қалай қарайсыңдар?
Қозғалыс, дуылдасу, «дұрыс-ақ» деген дауыстар, Бейсектің қолын алып, құттықтап жатқандар да бар.
Ал, енді ішкі жұмысымызға оралайық, жігіттер. Газет, ең алдымен, қалың бұқараның, жұмысшылардың мүддесін көздеуі керек. Стахановшыларды, үздіктерді мақтап жазған дұрыс – ақ, бірақ кемшіліктерді көрсетіп, сынап, отыруымыз да керек… Мәселен, екі жұма болды, кемі 30 вагон қорғасын стансада қаңтарылып тұр. Өскеменге вагондар бос кетіп жатыр, ал қорғасынды жөнелтейік-ау деген жан жоқ… Бейсек, сен осы қорғасын заводы бастықтарының салақтығын, бассыздығын нақтылап тексеріп, алдағы емес, одан кейінгі нөмірге бір мақала бер…(Бейсек орнында отырып, «Жарайды» деп басын изеп, қойын кітапшасына түртіп алады).
Қабиден: Мәке, сіз айтқан соң, мен комбинаттың дәрігері Колосовпен жолығып, сөйлесіп едім. алтыншы барақтағы жұмыссыз қалған 26 қазақтың ешқайсысымен есеп айырысу жасалмаған… «Комиссияның қорытындысын мен берейін, бірақ газеттеріңе оны басқызар ма екен?» – дейді Колосов. Сіз қалай ойлайсыз?
Тайшыбаев:Жағдайлары өте қиын екен, мен өз көзіммен көрдім ғой… Қабиден, сен сол қорытындыны алып, өткір мақала етіп әзірле. Сталиннің алты шартының бірі – жұмысшылардың тұрмысы, қазақ жұмысшыларын тұрақтандыру. Дұрыс жағдай туғызып, қамқорлық жасамаса қазақ қайдан тұрақтасын. Сен соған барақ комитетінің көңіл бөлмей отырғанына екпін жасай отырып, сына. Прокурор біледі, енді горкомның бюросына қойғызатын боламыз.
Бейсек: Мәке, тағы бір мәселе. Үйінде пеші жоқ болған соң атқорадағы Ыбырайдың қатыны желден ық болсын деп, жарқабақтың астында қазанға тамақ істеп жатпай ма…
Журналист (қалжыңдайды): Сен не, жанында тұрып па ең? (Мырс-мырс күлкі)
Бейсек: Әй, осы қылжақты қойсаңдаршы…Сол кезде екі орыстың жігіті оған тас атып, тамақты алып кетпек болады. Жұмыстан келе жатып кездескен бес қазақ аналарды ұстап алып, итше тепкілейді… Осы арада Голдин деген милиционер килігіп, тапаншасымен атып,қатынның қазанын жарып, екі орысты босатып, бес қазақты апарып, абақтыға тығады… Мұны не істейміз?
Тайшыбаев: Не жазсаңдар да, қайсы дұрыс, қайсы бұрыс екенін байыппен, сабырмен анықтап алыңдар. Сынағанды қай басшы тәуір көрсін. «Социалистік Қазақстанға» жазған фельетон үшін комбинат директоры Духанов «Риддерский рабочийге» 1000 сом сыйлық беріп тұрып, «Жұмысшы» мені әлі де сынай түссін» деп бізге ештеңе бермегені естеріңде болар… Қалалық Советтің бастығы Асқаров «Газетіңде сынайсың, қалалық Советтің үйінен «Жұмысшыны» көшіріп жіберем» деп үстел, жәшігімізді көшеге шығартып, қираттырып тастағанын көздеріңмен көрдіңдер емес пе!..
Журналист: Қазақ әріптерінің көпшілігі мүжіліп қалды, мүлде жеткіліксіз. Бір лаж жасамасақ, газетімізді шығара алмай қалуымыз мүмкін…
Тайшыбаев: Шыдайық, жігіттер! Мынау қиын кезең де өтер, әлі біздің де күніміз туар…Ал, енді іске кірісейік…!
Барлығы қағаз-қаламдарын жинап, бөлмеден шығады. Тайшыбаев жалғыз. Ой үстінде. Алдында – «Қазақ әдебиеті», «Правда газеттері».
Тайшыбаев (ойы, өзімен өзі сөйлескендей дауыс): Соңғы кездері жауабы жоқ сауалдар тым көбейіп кетті. ҚазЦИК-тің төрағасы болған, көзіммен көріп, сөздерін тыңдаған Ұзақбай Құлымбетовтың «халық жауы» болып шыққанына сенер-сенбесімді білмеймін. Енді міне, халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов те соның аяғын құшты… Ал, мына «Правдаңыз» (газетті қолына алып) тіпті «…Қазақстанда буржуазияшыл ұлтшылдар басынып барады, бұған қашанғы төзу керек» деп бүкіл бір халықты кінәлайды… Қайта өз жерінде өздері өгейлік кешіп жүрген қазақтар «ұлы халықтың» шовинизміне қашанғы төзбек!?..Тіпті бір-бірімізге қатынасудан қалып барамыз. Екі-үш жолдас, көрші-қолаң бас қосып бір шәугім шай ішсе де жиын өткізіп, қастандық жасамақ сияқты…Түсініксіз, тіпті санаға сыймайды. Жеке бұлардың ғана емес, иісі ұлтымыздың қасіреті болып жүрмесе екен. Заман дегеніңіз тым ұза-а-қ сұрыпталатын кезең екен-ау… Е-е-еһ, өмір – жалған деген осы да…
(столының үстін жинастырып, кейбір қағаздарын портфеліне салып, кабинетінен шығады).
9 – көрініс
Горкомның акт залы. «Қазақ активінің» жиналысы. Қабырғада – Қызыл ту, Сталиннің портреті және «Да здравствует великиий вождь – Сталин! Да здравствует Сталинская Конституция!» деген ұран жазылып, ілінген. Президиумда – Таганский, Мәдалиев, Сүйіншалин, Тайшыбаев. Жиналысты горкомның нұсқаушысы Әлібаев жүргізіп отыр. https://shop.kz/noutbuki/igrovye-noutbuki/
(Жалғасы. Басы сайтта 17 қыркүйекте жарияланды. Жалғасы бар)
Айтмұхамбет Қасымов