«Дидардың» қонағы

 Кәдірбек Сезгізбаев, жазушы: Бізге рухани төңкеріс керек

 

Жерлес жазушы, қарымды қаламгер Зайсан ауданының тумасы Кәдірбек Сегізбаев ағамыз биыл сексеннің сеңгіріне шығып отыр. «Беласқан», «Аюдың өті», «Жол» қатарлы шығармалары арқылы жалпы жұртқа есім-сойы таныс қаламгердің туған жерге табан тірегенін естіп, сұхбаттасып қайттық.

 

 – Жазушылық жолыңыз қалай басталды?

– Жазушы болуыма қасиетті жылқы жануардың жүйріктігі әсер еткен тәрізді. Бала күнімде бәйге аттарын айдаушыға шыққан кісінің атының озып келгенін естігенде шабыттанып поэма жазғаным бар. Ол кезде тоғызыншы сыныпта оқитын шығармын. Ақын боламын деп алғаш еліктеп жүрген кезім. Оның енді өлеңдік қасиеті шамалы. Алайда сол бір оқиға жүректің төрінен орын алып, менің шығармашылыққа деген қабілетімді оятқанын білем.

Кейінгі кезде «Соңғы шабыс» деген әңгіме жаздым. Оның да сепебшісі – жылқы. Бала кезімде үш колхоздың біріккен тойы болып, соған 25 шақырымдық аламан бәйге өтетін болды. Мені айдаушыға жіберді. Астыма мінгенім әкемнің қой торысы еді. Содан астымдағы қой торым ат шығатын көмбеге жеткенше желігіп отырды. Бұрын аяғын баспайтын еді. Мен бұған не болды деп таңғалып қоямын. Біресе артқа тұра шауып 40 қадамнан кейін қайта кейін оралады. Шұлғиды. Жер тарпиды. Құмалақтайды. Сөйтіп қайтарда бәйгеге қосылып кетті. Сол жолы қой торы шауып келе жатқандай емес, жүзіп келе жатқандай көрінді маған. Көмбеге келіп өлді.

Кейін білсем Шіліктіден шыққан бір атбегі бұны құлын күнінде есік пен төрдей жуан атқа айырбастап алған екен. Сол кісі есік алдында жүрген жетім құлынның желқанат жүйрік екенін таныпты. Содан бәйгеге қосып тайында, құнанында Өскеменде бәйгенің алдын бермепті. Келер жылында бәйгеге келгенде Өскемендегі шешендердің көреген атбегісі танып қойып тізесінен темірмен ұрып шөкелетіп кетіпті. Кейін кемтар болып қой торыға айналып, қойшыдан-қойшыға өтіп менің әкемнің қолына жеткен екен. Сөйтіп 26 жасында бойындағы дарынын, қасиетін өлер алдында бір көрсетіп кетуді көксепті жануар. Соған жетіп өлді. Адам да өстіп өліп кететін болса арман болмас еді. Осындай оқиғадан кейін жазушы болып, мен де қабілетімді көрсетуім керек екен ғой деген ой келді. Өйткені өмірдің өзі маған осындай оқиға арқылы шығармашылық жолды көрсетіп тұрғандай болды.

 

Қаламыңызға төрт түлік пен табиғаттың тылсымы көбірек арқау болған сияқты?

Иә, тағдырымыз төрт түлікпен тамырласып жатыр ғой. Мен 52 күн аштыққа шыдаған түйе туралы «Бала бура» деген әңгіме жаздым. Бір кезде қазақ зиялыларымен қатар түйені де халық жауындай көрген. Қысқасы қырған. Біздің өлкедегі соңғы бураны Мәуітхан деген түйеші алып қалып бағады. Тұқымдастары құрыған түйе жануар қайғы шегіп жүрсе керек. Бір күні жүкті түйені иесі жүрмегені үшін қамшымен бастан тартып қалады. Адамдарға ызалы жануар соған шамданып үстіндегі жүгімен өзенге секіріп кетеді. Тірі болса да, өлі болса да осы тұстан шығар деген түйеші қысаңнан күтеді. Бірақ түйе шықпайды. Кейін 52 күннен кейін адам бармас өзеннің шетіндегі жардың қуысынан құр сүлдерін тауып алады. Осы оқиғаны  бір отырыста айтып едім Оралхан мен жазайын деп жабыса кетті. Бұл өзі өліп тірілген қазақтың тағдырына ұқсас дүние екен деді. Ол тұста бізде бәсекелестік деген болушы еді. Сол күні ала таңнан отырып «Бала бураны» жазып алып жұмысқа барсам «бурасын жетектеген қазақбай» деп айқайлап Оралхан жүр. Сөйтсем ол «Бура» әңгімесін жазып тастапты. Содан Шерхан Мұртазаға алып барып едім: «Шығыстың шырайлылары не болды бәріңе бураны жырлап» деп күлді. Екеуіңдікін екі номерге берсек болар еді, бірақ қазір түйе халық жауы сияқты. Сондықтан Оралханның шығармасын берейік, сенікін «Жұлдызға» сөйлесіп қойдым апарып бер деді. Осыны кейбіреулер кейін Оралхан Кәдірбектің идеясын ұрлап алыпты деп сөз қылды. Ол қате пікір еді. Бұл жердегі ұқсастық соңғы қалған жалғыз түйеге ғана қатысты болып отыр.

 

Бізге төңкеріс керек

 

– Оралхан Бөкеймен көп жыл сырлас болдыңыз ба?

– Біз бұрынғы «Комунизм туы», қазіргі «Дидар» газетінде жүріп шығармашылық арнада тоғыстық. Ол кезде Мүсілім Құмарбеков үш бөлмелі үйде тұратын. Үшеуіміз үнемі бірге жүреміз. Тамақ істеп, ыдыс жуу үшін шахмат ойнайтын едік. Көбінде сорым қайнап мен жеңілетінмін. Ал Оралхан болса Мүсілімге «тасымды ұрлап қойдың» деп дауласып жататын екеуі. Мен ол кезде газеттен өндірістік тәжірибеден өтіп жүретінмін. Кейін «Лениншіл жас» газетіне қызметке тұрып, Оралханның «Алтай жаңбыры» әңгімесін бастырып, Шерағаңа алып бардым. Оны оқыған Шерхан: «Мына баланы шақырыңдар осында», – деді. Осылайша Оралханның Алматыға аттануына сепебші болдым.

 

 – Қарт қаламгер ретінде қоғамның қордалы мәселелерін қазір де қозғап жүрсіз бе? Ел мен жер мәселесі?

Мен еліміздің экологиясы туралы үлкен-үлкен мақала жаздым. Бізде қазір мұнай, алтын, мыс, көмір, тағы басқа қазба байлықтар бар. Алайда оның қанша жылға жететінін, болашақ ұрпақ қайтып күн көретінін ешкім есептеп отырған жоқ. Қырымға, қытайға, Америкаға, орысқа сатып жатыр. Осының бәрі ессіздік һәм есепсіздік. Қазір Аягөз бен Алтайдың арасын алтын іздеушілер қорыс-қопасын шығарып қазып тастаған. Оны орнына келтіріп жатқан ешкім жоқ. Жерді жауымыздай талқандап жатырмыз. Осыны мен «Егемен Қазақстан» газетінде жаздым. Бұған мән беріп, құлақ асқан ешкім жоқ. Жалпы бізге үлкен төңкеріс керек.

 

– Қандай төңкеріс керек?

– Бізге рухани төңкеріс керек. Біз ақша табуды ғана көздеп қалдық. Тілің мен ділің, дінің де қазір оңып тұрған жоқ. Ұлттық идеология деген әдірам қалды. Салт-дәстүр, ұлттық музыка, ұлттық құндылық  деген қазір бос сөз ғана болып қалды. Жастарымыз еуроапаға қарап есін жия алмай жүр. Біз еуроапаға еліктесек ешқашан ел бола алмаймыз. Көгілдір экрандағы жарнаманың өзінде бірде-бір қазақылық негіз жоқ. Оның өзі бүгінгі ұрпақтың тәрбиесіне үлкен әсер етеді.

– Руханият пен саясатта рушылдық, жершілдік рөл ойнап кеткен жоқ па?

– Рушылдық руханияттан көрі саясатта көбірек рөл ойнап тұрған секілді. Жалпы, осы рушылдық құрымай ел болмаймыз. Ал руханиятта да жоқ емес, әркім өзінің жерлесіне, руласына, құрдасы мен құдасына сыйлық беруді көздейтінін көріп жүрміз. Баяғыда Асқар Тоқпанов сахнада тұрып: «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін, руға бөлінгеннің руының рухы өшсін» дегенде бәріміз бәркелді деп қуанып қалдық. Ал сахнадан түсіп сыртқа шығып бара жатқанда қасындағыларға «найманды құртпай қазаққа жақсылық болмайды» деді. Мен жағамды ұстадым. Ол кісі қазақтың ұлы режиссері. Ал рушылдығы сол жерде пенделігін көрсетіп берді. Міне, рушылдық деген осындай болады.

Менің «Беласқан» деген романым мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған болатын. Сол жылы Ақселеу Сейдімбек пен Мұхтар Мағауин екеуінің ортасында рухани тартыс жүріп жатқан болатын. Ақселеу Мұхтардың бірқанша кемшілігін, Әлкей Марғұланды қалай алдағанын бәрін жазып алып келіпті. Біз жетеуіміз ақыладаса келе «Аласапыранды» күллі халық мойындады. Кісілігіне бола шығармашылығына тиісуге болмас» деп Ақселеуді тоқтаттық. Соған ерегескен Мұхтар жетеуіңді де мен қаңғытам деп менің мемлекеттік сыйлық алмауыма себепші болды. «Беласқан» романында құс баптау, жүйірік баптау, балуандарды тәрбиелеу туралы дүниелерді менен ұрлап алды деген кінә тақты. Қазір сол бір мемлекеттік сыйлыққа қызықпаймын. Әлібай мерген туралы жазып жатырмын. Соны ұсыну керек деп қаламгерлер айтқан. Бірақ өзімде соған деген құлық жоқ.

 

Бірде-бір кітабымның тұсаукесерін өткізбеппін

 

– Көгілдір экраннан көп көріне бермейсіз?

– Жарнаманы онша ұната бермеймін. Отызға жуық кітап жазсам да біреуінің тұсаукесерін өткізбеппін. Бірде-бір рет мерейтойымды дүркіретіп тойламаппын. Биылғы сексен жасымды да кішігірім қылып ғана тойладым. Егер құдай ғұмыр беріп тоқсанға келсем де селкілдеп сахна төрінде отырмаймын.

 

– «Жеті жетімнің» нешеуі қалды?

Жалпы, біз Шерханның шарапатын көп көрдік. Сол кісі көбімізді жұмысқа алып, рухани ортада тоғыстырды. Біз жетеуіміз жұмыстан кейін айтшылап кететін едік. Күнде бір үйден тамақ ішіп дегендей. Бір күні сондай отырыстардың бірінде Оралхан: Әй, жетімдер,  деп қалды. Әке-шешеміз барымыз ду ете қалып едік, рухани жетімсіңдер ғой деп қысқа қайырды. Сол күннен бастап осы атау қалыптасты. Қазір сол жеті жетімнен екеу ғана қалдық. Бертінге дейін жиыла қалсақ, мынау Оралханның орны, мынау Ақселеудің орны деп орындықтарды қасымызға қойып қоятын едік. Сағынамыз ғой!

 

– Шығармада қайшылық көрген кезіңіз болды ма?

– Болды. «Ошаған бүлігі» деген әңгімем жарық көрді. Төрелердің билігінің наймандардың арасында тоқтатылуы туралы. Осы әңгімеден кейін маған күніне 20-30 төре телефон соқты. Тарихи шындықты мойындағысы келмейді. Сотқа беріңдер, дәлелдеп шыға алам дедім. Жалпы, төрелер әлі күнге дейін өздерін қазақтың қожасы сезінетіндей. Бұл да рушылдықтың кішігірім көрінісі.

 

– Ойлы оқырман азайып кеткен сияқты?

– Бұл уақыттың трагедиясы. Кітапсыз болашақтан үміт күте алмайсың. Қазір кімнің не жазып жатқанынан халық бейхабар. Өйткені кітап оқымайды. Тіпті газетті де оқудан қалды. Мен қазір 4-5 газет алам. Егер оқымай қалсам менсіз бірдеме жазылып кеткен сияқты болып тұрады. Қазір 24-32 бет болып шығатын Егемен Қазақстан газеті мені шаршатты. Сол сияқты кейбір газеттерден сапа кетті.

 

– Туған жерде сексен жасыңызды тойлайтын шығарсыз?

– Жоқ. Шақырған соң бұлданғандай болмайын деп келіп қалдым. Баяғыда 70 жасымда осында үлкен іс-шара болады деп шақырған. Содан Әлібек оған дейін Катонқарағай ауданын аралап қайтайық деген соң кетіп қалғанбыз. Сөйтсек маған айтпай аралап кеттіңдер деп Сапарбаев кездесуді сызып тастапты. Артынан досым Дулат Исабеков телефон соғып: «Кәдаға қызықсың! Туған жерге барарда маған неге айтпайсың? Мен айтып қояр едім ғой. Олар саған машина мінгізу керек» дейді. Зайсаныма бардым. Рақмет дедім. Жалпы оңтүстік солай, барған жерінен машина мініп қайтады. Ал біздің шығыста ондай жоқ. Олардың кез келген қаламгері өңірінің «Құрметті азаматы». Біздің ел тегін берілер сол бір атаққа да сараң. Жалпы жұрттың мінезін айтқаным ғой. Әйтпесе маған жалпы сыйлығының көк тиын қажеті жоқ.

 

– Алдағы шығармашылық жоспарыңыз қандай?

Адамның жасы келген сайын жазатын дүние көбейіп кетеді екен. Соңғы рет Алматының тарихы туралы бір кітап жазып шықтым. Ол қазір қытай тіліне аударылып жатыр. Әлібай мерген аяқталмай қалған шығарма болмасын деп оны да аяқтадым. Енді Мағауин «Мен» деп жазып еді, мен «Біз» деген шығарма жазсам деп отырмын. Ол енді үш бөлімнен тұратын ғұмырнамалық шығарма болатын шығар. Құдай ғұмыр берсе!

– Сүбелі сұхбатыңыз үшін рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button