Күзгі науқан қызып тұр
Ала жаздай ерен еңбек еткен тарбағатайлық шаруалар ауылшаруашылық өнімдерін шашпай-төкпей жинап алудың қамына кірісіп кетті. «Қыстың қамын жаз ойлаған» еңбек адамдары әрбір шуақты күнде қамданып қалуға барын салуда.
Мәселен, Көкжыра ауылдық округінің әкімі Ғабитқазы Атыхановтың мәліметінше, «Көкжыра» өндірістік кооперативі мен жеке кәсіпкер Н.Садықов бітік өскен егінді төкпей-шашпай жинап алуды мақсат етіп отыр. «Көкжыра» өндірістік кооперативінің агрономы С.Құрмашевтың басшылығымен орылып жатқан 150 га бидайдың орташа түсімі 17-20 центнерден айналуда. Комбайнер Е.Байнуқов, А.Андреев және трактор жүргізушісі К.Сатин, Ш.Қапановтар уақытпен санаспай егіс алқабында қарқынды еңбек етуде.
«Ал жеке кәсіпкер Н.Садықовтың қырманшылары С.Абдрахманов, Б.Заманбековтар 50 га жүгеріні шауып сүрлемге дайындаса, 100 га бидайдың орташа түсімі 15-20 центнерден айналуда. Егінді жинауда жүргізуші Ж.Майданов, Н.Садықовтар еңбек етуде. Өнім мол болып, қамбамыз астыққа толарына сенім мол», – дейді ауыл әкімі Ғ.Атыханов.
Егін салып, мол өнім алуды, жемшөп тапшылығын болдырмауды қыс айынан бастап ұйымдастыруды қолға алған Ойшілік ауылдық округінің де биылғы өнімдері жаман емес.
Биыл 165 гектар жерге егін егілді. Жер жырту, тұқым әкеліп себу жұмыстары ұйымшылдықпен жүргізілді. Ең өзекті мәселе егінді суару еді. Ол үшін біз егінге кесте бойынша кезекпен су босатып отыратын «тоғанбасы» сайладық. Содан кейін егіншілер су келетін каналды тазалап, тесіктерін бітеді. Әр егінші егіннің көлеміне қарай су алу үшін «ҚазСуШар» мекемесімен келісімшартқа отырды. Соның нәтижесінде жаз бойы егіндерін үш рет қандырып суарды. Егілген егінді қоршап, қорыды. 16 тамыздан бастап егін ору науқаны басталды. Егін оруға «Алтын Алтай» шаруа қожалығымен келісе отырып, комбайнмен ору жұмыстары жалғасуда. Ең алдымен «Жақсылық» шаруа қожалығының (басшысы Ғабдуллин Әсембек) 10 гектарға салған арпасын орып, гектарына 2,5 центнерден өнім алды. Нәтижесі жаман емес. Бұйыртса, егінімізді шашау шығармай жинап алатын болдық», – дейді Ойшілік ауылдық округінің әкімі Ержан Құттыбаев.
Тарбағатай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әділ Балғабаев: «Биыл Тарбағатай ауданы бойынша 15380,2 га суармалы егістік жер көлемі игерілді. Оның ішінде 2542 га егістікке дәнді дақылдар, оның ішінде 1092 га бидай, 1026 га арпа, 60 га сұлы, 11 га дәнді бұршақ, 602 га картоп, 3 га майлы дақыл, 400 га жүгері, 342 га көкөніс, 337 га бақшалық дақылдар (қауын, қарбыз), 1358 га биылғы егілген көпжылдық шөп (жоңышқа), 10146,2 га өткен жылдардан келе жатқан көпжылдық шөптер егістіктері орналасқан.
Аудан бойынша 2020-2021 жылдардың қыстамасына 200 мың тонна қатаң мал азығы (табиғи шөп, жоңышқа) 26 265 тонна құрама жем дайындалатын болады. Бүгінгі күні ауылдық округ әкімдерінің берген мәліметіне сәйкес, 123,01 мың тонна қатаң мал азығы дайындалды. 1699 гектар дәнді дақылдар егістік алқабы орылып, орташа түсімі әр гектарынан 18-21 центнерден болып 3058,2 тонна дән жиналып алынды. 119 га картоп алқабынан орташа түсімі 220-230 центнерден болып, 2618 тонна картоп жиналып алынды. 201 га көкөніс алқабынан орташа түсімі 245-270 центнерден болып, 5333тонна өнім алынды. 327 га бақшалық дақылдар егістігінен орташа түсімі 400 центерден айналып, 13080 тонна өнім жиналды. Картоп, көкөніс, бақшалық дақылдар алқабынан жиналған өнімдерін шаруа қожалықтары ауданның базарлары мен дүкендеріне апарып, халыққа тиімді бағада сатуда және Өскемен, Нұр-Сұлтан қалаларына, көршілес Ресей елінің Барнаул қаласына да тасымалданып саудалануда», – дейді.
Жалпы, ауданға әкім болып таяуда ғана тағайындалған Асхат Сайдахметұлы су тоғамдарының әлеуетін толық пайдаланып, суармалы егістік көлемін арттыруды, сол арқылы жемшөп базасын нығайтуды тиісті сала басшыларына, жерді тиімді игерем деушілерге мықтап тапсырып отыр. Мал басы жылдан-жылға артып келе жатқандықтан, бұл мәселені уақыт создырмай шешуге прагматикалық іс-әрекет керек-ақ…
Ерлан Бапанов
Тарбағатай ауданы.