РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

КӨШПЕНДІЛЕР ӨМІРІН ЕЛЕСТЕТЕР ЖӘДІГЕР

        Семейтау бөктерінен археологиялық керемет ескерткіш табылғанына біраз ғана уақыт өтті. Құс ұшар биіктіктен, жазбаша «г» әрпі тәріздес парабола геоглиф табылған екен. Осыған орай «Прииртышье»  өлкетану қоғамының төрағасы Марат Сасанов өлкетану жұмысының құпияларымен, Семей маңында табылған таңғажайып және сирек кездесетін заттар туралы қызықты оқиғалармен бөлісті.

Ол «Прииртышье»  өлкетану қоғамының мүшелеріне табылған заттардың суреттерін ұсынды.  Оларда тіпті көрмеге экспонат түрінде де табылған заттары өте көп жиналып қалған екен. Арасында жебеге арналған түрлі үшкір бастар да, аттың тағалары да кездеседі.

– Семей маңындағы  артефактілерді зерттеу барысында бірнеше жылдың ішінде мен жебеге арналған ұштарды молынан жинадым десем де болады, – дейді Марат Сасанов. – «Прииртышье»  өлкетану қоғамында  туған өлкенің археологиясына қызығушылық танытқан балалар мен ересектер өте көп. Адамдарға  біздің олжаларымызды өз көзімен көру тіпті қызық екенін байқадық. Жинаған экспонаттарымыз арқылы көпшілік қауым Ертіс өңірінің көшпенділері арасындағы қару-жарақ ісінің дамуы туралы мол мәліметке ие болды. Мен кәдімгі ат тағасын алып, оның тесіктеріне ағаш түйреуіштерді салып, оған жебелердің ұшын отырғыздым. Мұнда әртүрлі дәуірлер мен археологиялық мәдениеттер белгісі бар. Ең ежелгісі – тас кремнийден жасалған жебе ұшы. Оны біздің ата-бабаларымыз тас дәуірінде қолданған. Төртбұрышты ромб түріндегі қола жебе де бар. Онда қоладан жасалған жебе ұштарын көруге болады. Олардың әрқайсысы әр жерден табылғанымен, қазір бір құрамаға жинақталды. Мүмкін біреу мұның бәрін ғылыми емес деп айтып, дау шығарар. Бірақ мен ғылыми диссертация жазуды өзіме мақсат етпеймін. Көпшілікке түрлі дәуірлерде өмір сүрген көшпелі тайпалар үшін әртүрлі жебе ұштарын ұсыну өте маңызды. Өйткені бұл олжалар дәл біздің жерімізден табылды. Сондықтан да олар «Туған жеріміздің тарихының куәгерлері» деп білемін. Семей тарихқа толы өлке екендігі рас. Бұл ешкімді таңғалдырмайды, өйткені Семейден алыс емес жерде, яғни  Делбегетей тауларында қалайы шахталары ерте заманда болған. Сондықтан біздің ауданда қола кең таралды. Ал  қалайы дегеніміз қола жасаудың негізгі компоненттерінің бірі екендігі түсінікті. Сонымен қатар егер мыс кендері бүкіл әлемде жиі кездесетін болса, қалайы өте сирек кездеседі, демек, бағалы металл. Мысырда әйгілі пирамидалар тұрғызылған ежелгі уақытта қалайы алу мен өңдеудің екі ірі орталығы танымал болғанын айта кеткім келеді. Олардың бірі Персияда, ал екіншісі Делбегетей тауларында орналасқан. Ғажап қой.

Міне, Марат Сасанов бірнеше жылдан бері табылған экспонаттарды, археологиялық дүниелерді қайтадан жаңғыртумен айналысып келеді. Бұларды қайтадан қалпына келтіру туралы тарихи дереккөздерде қалған белгілі бір тақырыптың сипаттамаларына сүйене отырып ұзақ ойланады.

– Мысалы, қытай әмияны келесідей сипатталған, – дейді Марат Еркінбекұлы. – Ортасында арнайы  тесіктері бар қытай монеталары әдетте түйреуіштерге жинақталған. Ал бұл түйреуіштердің түрлері қандай болды? Қалай қарасам да табылмады. Сондықтан мен өз дизайнымды ойладым.

Айтуынша,  ол қолайлылау деген бір  тақтайшаны алады.  Қолға ұстауға ыңғайлы болу үшін оған тұтқа бұрап жасайды. Биіктігі 50 қытай монетасына сәйкес келетін бірнеше ағаш таяқшаны өлшейді. Нәтижесінде осындай қызықты қытайлық әмиян пайда болады. Балалар осы қытай монеталары жинақталған тұтқа бекітілген тақтайшаның әр бөлшегін зерттей отырып, оны қарастырып, қолына ұстап көріп, қызықтайды екен.

– Интернеттен Қазақстанның әр өңіріндегі өлкетанушылар өздері тауып алған дүниелерін қалай жаңғыртып, реттеп, жасап қоятынын көремін, – дейді Марат Сасанов. – Негізінен, олар белгілі бір тақырып бойынша жинақталған әртүрлі заттардан панно немесе кескіннің кейбір түрлерін жасайды. Мысалы, ат әбзелдерін, оларды кенепке немесе жалпақ негізге желімдейді немесе тігеді. Мен сондай-ақ дәл осындай паннолардың ортасында саңылауы бар қытай монеталарынан жинақтап, тігуге тырыстым. Маған үш өлшемді экспонаттар жақсырақ ұнайды. Мен ат әбзелдерінің жиынтықтарын түрлеріне қарай ілуді жөн көрдім. Менің осындай жұмыстармен айналысатынымды біліп, әріптестерім мен достарым да көптеген заттарды ұсынып жатады. Өткенде менің қызығушылығымды білетін олар біраз дүние табыстады. Өзім тапқан заттардың ішінен шам ұстағыштарды қайтадан жаңғыртып, қалпына келтіруге тырыстым. Бұндай істермен көбінесе мен ұзақ қысқы кештерде айналысамын. Яғни іздеу маусымы аяқталған кезде, жер қатып, ұзақ уақыт қармен жабылған кезде үйде отырып, табылған заттарыңды қарап, зерттеп, қалпына келтіріп отырғанға не жетсін. Қола – өте жақсы сақталатын дүние. Мысалы, сол жебе ұштары екі-үш мың жыл бойы жердің астында жатып қалуы мүмкін. Бірақ олар өте жақсы сақталған болып шығады. Олар көп  уақыт құмда жатып қалғандықтан, оларды аса тазалап та қажеті жоқ. Тек сақтықпен шаю керек. Тазартуды ескі қолада пайда болған асыл дүниенің түр-келбетін бұзбау үшін өте мұқият жасаймын. Барлық материалдар дайын болған кезде мен шамды, шам ұстағышты жинақтауға кірісемін. Бұған кейде мүлдем басқа заттардың бөлшектері болған материалдарды жиі қолданамын. Бұл самаурын мұржаларының тұтқалары мен қақпақтары, тіпті қоладан жасалған басқа заттар мен бөлшектер де болуы мүмкін. Құрастыру кезінде мен элементтердің пішіні мен мөлшерін ескеремін. Олар бір-бірімен үйлесімді, бір зат сияқты болып көрінуі керек. Мен болашақ шамның қажетті бөлігін өте ұзақ уақыт таңдаймын. Өйткені бұл табылған заттар – кездейсоқ нәрсе.

Марат Еркінбекұлы, сіз осындай көне дүниелерді қайдан тауып аласыз? деп сұрадым өлкетанушыдан.

– Бұлар ескі қыстаулар немесе тұтас ауылдар орналасқан ежелгі қоныстардың орындарында көптеп кездеседі. Жалпы, іздеу деген негізі белгісіз мәселе ғой. Қай жерден не табарыңызды алдын ала  болжау мүмкін емес. Далада бір үйдің іргетасының қалдықтарын көресіз. Ойлайсың, «Бұл жерден не анықтауға болады екен?» деп.  Мүмкін ол жерден табылатын дүниелер тым жеткіліксіз. Немесе, керісінше, ол жерде құнды және сирек кездесетін заттар кездесіп қалуы мүмкін. Бір кездері біз өлкетану қоғамымыздың қонақжай  бөлмелерінің бірінде семейліктерді «Фарфор таңбалардың» керемет коллекциясымен таныстырдық. Мұндай таңба белгілер білетін адамға таңғажайып және танымдық оқиғаларды айта алады. Мен олардың үлкен коллекциясын жинадым және оны үнемі толықтырып отырдым. Айтпақшы, біздің аймақтағы кейбір іздеу жүйелері де өз коллекцияларын жинау үшін осы тақырып барысына қызығушылық танытты. Тіпті оларды жүйелеуге және жіктеуге тырысты.

Айта кету керек, дүниежүзілік тарихтағы Сидор Кузнецов кезеңінің өте сирек кездесетін фарфор таңбаларының белгілері де осындай ұзақ зерттеулер нәтижесінде пайда бола бастаған екен. Соңғысы фарфор өндірісімен тіпті Еуропа, Азия және Қытай нарығында сәтті бәсекелескенін де айта кеткен жөн.

– 2014 жылы мен Семей қаласының жанындағы Семейтаудан керемет геоглиф таптым, – дейді «Прииртышье» өлкетану қоғамының төрағасы. – Таңданысымда шек болмады. Семейтаудың етегінде 15 жеке-жеке орналасқан қорған тұр. Кәдімгі «г» әрпі сияқты салынған. Әдемі қорғандардың мұндай кейпін аспан астынан ғана көруге болады. Қорғандардың алып жатқан ұзындығы жарты шақырымдай.

Өлкетанушының айтуынша, бұл қорғандарды тұрғызған адамдар алгоритмді жақсы білген. Геометрияны есептей алған, математикалық ғылымды терең игерген. Егер осы қорғанның біреуін әрі не бері жылжытса, жаңағы бұйралау пішіні жойылып кетеді. Яғни осыдан мыңжылдықтар бұрын өмір сүрген адамдар геоглиф жасаудың қыр-сырын жақсы білген. Семейлік өлкетанушылардың пікірінше, бұл жерде екі ұйғарым жасауға болады: біріншіден, бұл – діни рәсімдерге арналған орын. Себебі осы геоглифтің қасында патша қорғаны тұр. Биіктігі 3 метр, диаметрі 25 метр. Бірақ патша қорғанын тонап кеткен. Айналада шашылып қалған тастарға қарап, қарақшылардың қалай тонағанын көруге болады. Өлкетанушылар қоғамының мүшелері қорғанның ішінен белдіктің қола айылбасын және қара түсті олжасын түсіріп алған.

– Біз тауып алған белдіктің айылбасының өлшемі 2х3 см, әдемі мүсіншесі, оның иесі өте мықты біреу болғандығын дәлелдейді, – дейді Марат Сасанов. – Қоладан жасалған, темір тілі бар. Осыған қарап біздің эрамызға дейінгі алғашқы мыңжылдықтың дүниесі екендігін байқатады. Темір ғасырының туындысы сияқты. Тағы бір ұйғарым, сақ тайпалары бұл жерде аспан астын зерттеу үшін обсерватория есебінде пайдаланған. Осы жерде өмір сүрген адамдар Айдың, Күннің қозғалысын, жұлдыздардың бағытын жақсы түсініп, зерттеген. Бұған дәлел – «мұртты обаның» қасында бес қорғанның орналасуы. Көптеген адамдар біз осындай тамаша сақ заманының дүниесін 2014 жылы тауып алсақ та, біраз  жыл өткенде барып, басын ашып, жария етіп отырғанымызды таңданып сұрайды. Біз екі жыл бойы зерттеумен айналыстық. «Осындай геоглиф біздің жерімізде ғана ма, әлде бізбен тұспа-тұс, шет елдерден де шығып жатыр ма?» деп тексердік. Бірақ дәл қазіргі уақытта осындай геоглиф тек Семейде ғана екен. Өткен ғасырда, әрине, біраз геоглифтер табылған. Біз тауып алған осы олжамызды Әлкей Марғұлан атындағы археология институтына хабарладық. Енді археолог-ғалымдар біз тауып алған жерлерде қазу жұмыстарын жүргізеді. Сол арқылы осы геоглифтің сырын толық ашады деп үміттенеміз.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

Семей.

Осы айдарда

Back to top button