Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында шағын және орта бизнеске ерекше назар аудару керектігін айтты. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші шағын және орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді.
Мұндай компаниялар ішкі нарыққа ғана емес, сыртқы нарыққа да бейімделуге тиіс. Олардың экспорттық әлеуетін арттыру үшін қолдауды күшейту, шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек, деген еді Президент. Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болатынын еске салды.
Осы бағытта Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры жемісті жұмыс атқарып келеді. Қор «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл мен қала кәсіпкерлерін шағын несиемен қаржыландырып, кәсіпкерлер санының артуына және жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне едәуір үлес қосуда. Ауылдан бөлек, моноқалалардағы кәсіпкерлердің жеке бизнестерін дамытуға, ұйымдастыруға атсалысады.
Бағдарлама аясында берілетін несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%-ды құрайды. Ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,7%-дан аспайды. Несиенің негізгі борышын өтеудің екі жылға дейінгі жеңілдік кезеңі бар.
Биыл бағдарлама аясында Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Шығыс Қазақстан филиалы Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалаларындағы кәсіпкерлерге 1,3 миллиард теңгенің жеңілдетілген шағын несиесін беруді жоспарлап отыр. Бағдарламаға кәсібін жаңа бастаған немесе жұмыс істеп тұрған бизнесін дамытуды жоспарлаған кәсіпкерлер қатыса алады.
Несие алушы кәсіпкерлерге қойылатын талаптар да бар. Несиеге өтінім берушілердің кәсіпкерлік негіздерін оқығаны туралы сертификаты, жағымды несие тарихы, кепілдікке қоятын мүлкі болуы керек және бюджеттік, басқа да қаржы ұйымдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс.
Барлық сұрақтар бойынша Өскемен қаласы, Қабанбай батыр көшесі, 87/2 үй, 3 қабат, тел: 8 7232 70-10-09 мекенжайына немесе Семей қаласы, Мәңгілік Ел көшесі, 9 мекенжайы бойынша филиал бөлімшесіне хабарласуға болады.
Асылхан Смайылов.