Өзекті

Кәсіпкер сөзінде тұра ма?

Облыс орталығындағы үш мектептің асханасы  екінші қыркүйекте балаларды тамақтандыруға  дайын емес. Бұл жайында біз газетіміздің 22 тамыздағы санында жазған болатынбыз. Осыған орай қалалық қоғамдық кеңестің төрайымы, «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Елена Березинская-Абилова, қалалық білім бөлімінің басшылығы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілінен тұратын топ аталмыш мектептерді аралап, жағдаймен танысып шықты.

Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейдің директоры Есім Әкетпаев асхананы жалға алушы «Profo» ЖШС-нің  өкілі, өзін атқарушы директор деп таныстырған Виталий Барщукпенкеше ғана танысқанын айтты. Асхана бөлмесі  біз көргендегідей жайрап жатыр, ешқандай жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Өздерін «Востокэлектромонтаж» ЖШС-нің жұмысшылары деп таныстырған жігіттер жұмыссыз отыр, өйткені құрылыс материалдары әлі жеткізілмеген.

Павлодар қаласынан арнайы ұшып келген «Profo» ЖШС-нің атқарушы директоры Виталий Барщуксалған жерден қалыптасқан жағдайда өздерінің еш кінәсі жоқ екенін айтып, ақталуға тырысты.

-Алдымен келісімшартқа келсек, біздің келісімшартымыз әлі өз күшіне енген жоқ. Өйткені құжат осы уақытқа дейін қазынашылықта тіркелмеген. Қазынашылықта құжат екі тілде тіркелуі керек. Ал біз қазақ тіліндегі нұсқасын көрген де жоқпыз, қол да қойған жоқпыз.Соған қарамастан, жөндеу жұмыстарын бастап кеттік. Заң бойынша мен қол қойған күннен бастап екі ай мерзімде бітіруім керек, – деп бастады сөзін атқарушы директор.

Алайда қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Айтпаеваның сөзіне сенсек, келісімшарт қазынашылықтан өткен, ол туралы облыстық білім басқармасының анықтамасы бар. Құжаттың екі тілдегі нұсқасының күші бірдей. Оның үстіне келісімшартта қаржылық-экономикалық қатынастар жоқ, сол себепті ол қазынашылық органда тіркелмейді, бар болғаны белгіленген.

Ресми құжаттар жайыазды-көпті анықталғандай болғаннан кейін әңгіме ауаны енді жұмыстың аяқталу мерзіміне, асхананың жабдықталуына қарай ойысты.  Бұл жерде де мердігер мандытып ештеңе айта алмады. Жалға алушы компания асханаларды құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету туралы пунктті де өзінше түсінген. «Құжатта алатын құрал-жабдықтарды мектеп директорымен келісу керек делінген. Оған да енді уақытымыз жоқ» деп төтесінен кетті кәсіпкер.  Бір сөзбен айтқанда, биылша асханаға ешқандай жаңа құрал-жабдық, үстел-орындықтар алынбайтын, кәріз жүйесіне жөндеу жүргізілмейтін сияқты. Егер оқу жылының басына әрлеп-сырлап, кафельдерін жапсырып үлгерсе, оған да шүкіршілік.

  • Конкурстық құжатта қандай жұмыстар жүргізілу керектігі, қандай құрал-жабдық алынуға тиіс екені анық көрсетілген. Келісім туралы айтсақ, егер алған құрал-жабдықтары ас бөлмесіне сыймай жатса, сонда ғана мектеп басшысымен келісіп, бір-екі құралды әзірше ауыстырмау туралы айтылған. Егер сіз бірінші қыркүйекке дейін үлгермейтін болсаңыз, қазірден бас тартуыңызды сұраймын. Онда біз шұғыл шара қолданып, басқа мердігерлерді жұмылдырар едік, – деп тағы да сөзге араласты Жанат Айтпаева.

Бұл жерде мердігердің өз қызметіне жауапсыздықпен қарағаны, келісімшартпен дұрыс таныспағаны тайға таңба басқандай көрініп тұр.Бірақ Виталий Барщук жалға алған үш мектептің асханасында жөндеу жұмыстарын  бірінші қыркүйекке дейін аяқтап, уақытында пайдалануға беретініне уәде етті.

-Қазір қалалық білім бөлімі шұғыл жұмыс комиссиясын құрып,қатерлерді анықтауы тиіс.Мысалы, сыбайлас жемқорлықтың ішкі немесе сыртқы қатерлері бар ма, жоқ па?Меніңше, бұл жерде мектеп директорларын кінәлау дұрыс емес. Бұған дейін де айтқам, тағы қайталаймын, жобаны ұсынушылар мен жалға алушылар тарапынан жобаның қатерлері алдын ала ескерілмеген, стратегиялық жоспар жасалмаған. Мысалы, мерзімі аз екен, демек жұмысты бір мезетте бірнеше бағытта ұйымдастырып, бірнеше бригаданы жұмылдыру керек еді, – деген пікірін білдірді Елена Березинская-Абилова.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button