Көрсеткіштер көңілге қонымды

Аягөздегі жол құрылысының сапасын тексеріп, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген Үкімет басшысы Асқар Мамин еліміздегі іргелі кен орындарының бірі – Ақтоғай кенішіне ат басын іркіп, «KAZ Minerals Ақтоғай» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

Көрсеткіштер көңілге қонымды

Ашық әдіспен алынатын бұл кен орны жер бетіндегі игерілмей жатқан мыс қоры тым мол кеніштер қатарынан саналады. Ақтоғайдағы жоба екі бағыт бойынша іске асырылады. Олар: тотыққан және сульфидті кеніштерді игеру. Кеніштегі минералды шикізат қоры 1,7 млрд. тоннаға дейін жететін көрінеді. Оның ішінде мыстың үлесі – 5,8 млн. тонна.

Премьер-Министр кәсіпорынның өндірістік инфрақұрылымын аралап көріп, жұмысшылардың еңбек жағдайымен және тұрмысымен танысты.

«KAZ Minerals Тобы» директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук Үкімет басшысы Асқар Мамин мен облыс әкімі Даниал Ахметовке кен өндіретін карьерлердің, сульфидті және байыту фабрикаларының, катодты мыс өндіру бойынша кешеннің жұмысы туралы баяндап, салынып жатқан нысандардың құрылысынан мәлімет берді.

Компания басшысының дерегіне сүйенсек, биылғы бірінші жартыжылдықта Ақтоғайдағы кен өндіру көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 27 пайызға өскен. Оған себеп – негізгі кен байыту фабрикасына арналған сульфидті кенді қазу көлемі мен Ақтоғай кенішін кеңейту жобасына дайындық аясындағы қосымша тау-кен жұмыстары.

Жұмысшылар тұрып жатқан вахталық кентті аралап шыққан Үкімет басшысы ол жерде кеншілерге шетелдің жетекші тау-кен өндіру компанияларындағы сияқты жайлы жағдай жасалғанына көз жеткізді. Жұмысшылар екі адамдық бөлмелерде тұрып жатыр. Керек десеңіз, мұнда кітапханадан бастап, жаттығу залы, демалыс бөлмесі, кір жуатын бөлме сияқты арнайы бөлмелер қарастырылған. Ал ауқаттанатын асханасы 1200 адамды еркін сыйғыза алады. Тау қопарып, тас үгітіп жүрген ауыр жұмыс иелеріне үш мезгіл құнарлы тамақ беріледі.

– Бұл кәсіпорында әлемдік талаптарға сай келетін озық технологиялар қолданылады. Бүгінде біз сұранысқа ие кәсіби біліктілігі жоғары жұмысшы мамандарды өңірдің колледждері мен жоғары оқу орындарында оқытып жатырмыз. Солардың ішінен қажетінше «KAZ Minerals» компаниясы мамандар таңдап ала алады, – деп атап өтті аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Ақтоғайдағы атқарылып жатқан жұмыстарға риза болған Премьер-Министр кәсіпорынның қызметіне оң бағасын берді.

– Нақты көрсеткіштерге қарайтын болсақ, өндіріс көлемі жылдан-жылға өсіп келе жатқанын байқау қиын емес. Бұл өте жақсы. Сонымен қоса жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажет, – деді Асқар Мамин.

Естеріңізге сала кетейік, «КAZ Minerals» – Қазақстан, Қырғызстан және Ресей елдерінде жұмыс істейтін, аз шығынмен аса ірі ауқымда карьерлік типтегі тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған, әлеуеті зор мыс өндіруші компания.

“Дидар”-ақпарат.