Тұңғыш Президент

Көркейген Көкжыра, жаңарған Жәнтікей

Тұңғыш Президент күніне орай, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының Тарбағатай ауданына келіп, жұртшылықпен ерекше бір жылы жүздескен ұмытылмас оқиғаның төңірегінде ой қорытқанды жөн санадық.

Табиғаттың тосын мінезі

     Желдің өтінде, шекараның шебінде жатқан Көкжыра мен Жәнтікей ауылының тұрғындары үшін 2010 жылдың наурыз айы есеңгіреткен естен кетпес тосын оқиғамен есте қалды. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында табиғат тосын мінез көрсетті. Жыл­­­дағыдан төрт-бес есе қалың түскен қар күн күрт жы­­­лынған кезде әп-сәтте еріп, қарқыны күшті қарғын су Көкжыра мен Жәнтікейді тұтас басты. Жүздеген тұрғын үйлер, шаруашылық ғимараттары қирап, жарамсыз болып қалды. Қаншама мал басы күндіз тасқын суға малшынып, түнде аяз қысып қатқан мұзда төртаяқтап қозғалыссыз қалды. Көктемнің көк майсасына аузы ілінбеген малда қайбір күй бар дейсің, басым көпшілігі қырылды. Ал адамдар үйлерін тастап, бас сауғалауға мәжбүр болды. Ең бастысы, адам шығыны болған жоқ. Дейтұрғанмен, бәрібір қиратушы, бүлдіруші алапат су тасқыны жұрттың зәресін алғаны, шарасыз күйде қалдырғаны көпшіліктің әлі күнге есінде. Көктүбек, Ойшілік, Шорға, Тәуке, Уаң, Қызылкесік, Қызылжұлдыз ауылдарын да ішнара су шайып кетті. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, әсіресе, Көкжыра, Жәнтікей тұрғындары көп зардап шекті.

«Апат айтып келмейдінің» нақ өзі болды» деп еске алады су тасқынын көзбен көріп, оқиғаның бел ортасында болған Көкжыра ауылының тұрғыны Ержан Смаилов. Айтуынша, судың молдығы сонша, құжаттарды үйден атпен  жүріп әрең алып шыққан. Дүние-мүлікті алып шығуға мүмкіншілік болмапты. Су басқан ауыл тұрғындары Сәтбаев, Ақсуат және Қарғыба ауылдарындағы мектептерге уақытша тұруға көшірілген.

Мемлекеттің шынайы қамқорлығын сезіндік

–         2010 жылғы сол оқиға әлі күнге есімде, – деп бастады әңгімесін жасы 83-ке аяқ басқан,  Көкжыра ауылында тұратын ақсақал Социал Садықов. – Әрине, ол бір алапат оқиға еді. Енді қайттік деп абдыраған  халық шулап қалды. Тіпті, түңіле бастады. Ертеңге деген үмітінен күдігі басым болды. Дегенмен, сол кездегі  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жағдайды тікелей бақылауына алды. Барлық қажетті деген көмектер көпке создырмай атқарылды. Облыс әкімі де апта сайын келіп, жұмысты пысықтап, үйлестіріп, қадағалап отырды. Халықпен бірге болды.  Аудандағы барлық сала басшылары мен мамандар бір жұдырықтай жұмыла білді. Республиканың түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмектер ағылды. Жер кебісімен құрылыс қарқын алды. Көрсе көз тоятын 210 баспана қаз-қатар салынғанда, Көкжыра бұрынғысынан да көріктеніп шыға келді. Пошта, әкімдік ғимараты бой көтерді. Елдің еңсесі көтеріліп, мемлекеттің шын қамқорлығын сезінді. Кейін Елбасымыздың тікұшақпен келіп қонғаны, тұрғындармен емен-жарқын сөйлескені, естелік суретке түскеніміз – бәрі көз алдымда. Дәрігерлік амбулаторияны көрді.  Бір миллиард теңгеге жуық қаржыға еңселі, су жаңа мектептің құрылысы жүріп жатты. Қазір сол мектепте қаншама ұстаздар еңбек етіп, қаншама оқушылар білім алуда.

Тұңғыш Президент туралы көп айтуға болады.  1970 жыл. Комунистік партияның заманы. Туристік сапармен Польшаның Варшава қаласында болдым. Сол кездің өзінде бұл елдің алға озғанын аңғардым. Дүкендеріне кіріп таңғалдым, не жоқтың бәрі бар, кеңес өкіметінде ондай болған жоқ. Польша соғыстан кейінгі 30 жылда соншалықты дамып кетіпті. Комунистік партияның тұсында 15 одақтас ресупуликаның бірі де оған жете қоймады. Қазір тіптен өзгерген болар. Айтпағым, Тәуелсіз ел болудың арқасында сол Польшаның жағдайына біз де жеттік деп ойлаймын. Тұңғыш Президентіміз өз еркі өзіне тиген Қазақстанның көшін алға жетеледі. Сарыарқа төсінен жаңа астана тұрғызды. Жастарымызды әлемнің озық елдерінде білім алуына жағдай туғызды. Іргелес елдермен шектесетін қаншама мыңдаған шекарамызды шегендеді.

Елбасы аллеясы

Бүгінгі таңда Жәнтікей ауылы да көшелері самаладай жарқырап, жаңа үйлерімен әсемделіп, Тарбағатай ауданының Боғас жақтан кіретін тұсына көрік беріп тұр. Бұл ауылдың тұрғындары да тасқын судың тәлкекті кезін ұмыта қойған жоқ. Ауыл тұрғыны, ақын Жамбыл Жұманбаев та жазған кітабының бір тарауын осы табиғат апатына арнапты.

«1980 жылы осындай су апаты боған. Енді, мына тасқын тіптен алапат болды ғой. Бір қуантқаны, адам шығыны жоқ. Сол кезді ойласам,  денем түршігеді, көңілім құлазиды, сұмдық сәттер ғой. Тасқын бір келгенде екі рет келді. 19 мартта бір, 17 сәуірде тағы басып, суға малшынған ауылды әбден діңкелетті. Жатқанынан тұрмастай тұралатты. Елде үміттен гөрі, үрей басым болды. Қайда барамыз, не істейміз деп ойлары сан-саққа жүгірді. Абырой болғанда, Қостанай жақтан төтенше қызметтің 10 мәшинесі жетті. Сол кездегі аудан әкімі Манарбек Сапарғалиев, қасында Кенжебек деген бауырым бар, ауыл әкіміміз Айгүл Иманғалиева бар үшеуі келіп: «Аға, Ақсуатқа кетесіз» деді, түнгі сағат үш кезі болатын. Содан автобустың ішін толтырып алып, кеттік. Сонда мына тұрған Ақсуатқа түнгі үште шығып, таңғы тоғызда әрең жеттік қой. Негізі жарты-ақ сағаттық жер. Көкжыраның тұсындағы көпір қалт-құлт етіп тұрды. Ол маңда қаншама көлік ұзын  сонар кептелісте тұрды. Күнде көріп жүрген Сәтбаевтың жолын танымай қалдық. Осындай зобалаң сәт болды. Бірақ осындай арпалыста есі шықпайтын адамдар да болады екен. Әсіресе, жастар – Самат Отарғалиев, Нұрбол Искаков, Қалел Мамашевтар зыр жүгірді, жанын салды. Бізді түгелдей орналастырды.

Жасыратыны жоқ, алғашқыда нанбадық. Бір жазда осынша адамға қалай үй салынады деп күмәндана қарадық. Құрылыс комапаниялары сақылдатып жұмыс істегенде, ертегіні шынға айналдырды ғой. Елдің бірлігі, мемлекеттің ұдайы қамқорлығы анық білінді, риза етті бәрімізді.  Сөйтіп, осы үйге кірдік қой. Бір жазда жүздік, сексендік, алпыстық үйлер қаздай тізіліп салынып шықты.  Атап айтқан жөн, төтенше оқиғаны әубастан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бақылауына алды. Кейін бәрі оңалып, жағдай түзелгенде өзі арнайы келіп, Көкжырада халықпен жүздесті.  Сол ауылдан Президентіміздің құрметіне «Елбасы аллеясы» ашылды. Бұл аллея – біздің  ортақ мақтанышымыз. Жалпы, дүниенің қайдан келгенін, қандай күшпенен жасалғанын бағамдап, естен шығармағанымыз дұрыс. Бір мысал айтайын, кеңес өкіметі тұсында мына Ақсуат ауылындағы ет комбинаты жанынан сегіз совхоз бірігіп жүріп бес үйді бес жылда сала алмады ғой. Ал бір Жәнтікейдің өзінде жаңа мектеп, пошта секілді маңызды нысандармен қатар, 191 баспана салынды. Сондықтан Тұңғыш Президент күні дегенде Елбасының біздің Тарбағатай ауданына жасаған қамқорлығы ойға оралады»,-дейді жәнтікейлік Жамбыл Жұманбаев.

 Өткенді ұмытпайық

Ал Жәнтікей ауылындағы ақсақалдар алқасының төрағасы Мереке Қасенбаев өткен нәрсенің қиыншылығын, жақсылығын көп жағдайда ұмытып кетіп жатамыз дейді. 2010 жылғы су тасқыны болғанда, ақсақалдың үйін де су басқан. Тау жақта фермада тұратын баласының қолына барып тұруға мәжбүр болыпты. «Тамақты да, киім-кешекті де, малға жемшөп те, тіпті көрпе-жастыққа дейін жеткізілді. Құрылған арнайы штаб жедел әрі нәтижелі жұмыс істеді. Бүкіл Қазақстан бойынша көмек ағылды ғой. Бір сөзбен айтқанда, биліктегі азаматтардың баршасы жоғарыдан төмен, төменнен жоғары тұтаса қалып, айрықша екпінмен жұмыс істеді. Соның нәтижесінде халықтың көңілі серпілді, бүлінген бүтінделді, жоғалған түгенделді, бәрі қалпына келді»,-дейді Мереке Қасенбаев ақсақал.

Осы ауылдық округтің әкімі Болат Боранжанов та алты айдың ішінде су жаңа бір ауыл салып шығу айтуға ғана оңай шығар дейді. Айтуынша, су тасқыны кезінде жаңадан салынған мектепте 180 бала оқыса, бүгінде 240 балаға жетіпті. Қиын қыстау кезеңде мемлекет халыққа не қажет соның бәрін таратты. Елбасының пәрменімен жасалған жұмыстарды жергілікті тұрғындар әлі күнге айтып жүреді. «Сол кездегі қиыншылықтар мен қазіргі жақсылықтарды ұштастыра отырып, жастарға айтып отырғанымыз жөн. Өйткені елдің береке-бірлігін жас ұрпақтың санасына сіңіргенміз абзал»,- дейді ауыл әкімі Б.Боранжанов.

Иә, «Аязды қыстың артынан жайдары жаз келмеуші ме еді?» дегендей, көктемгі су тасқында үйсіз қалған тұрғындардың барлығы баспаналы болды. Көкжыра, Жәнтікейді, тағы басқа бірнеше елді мекендерді қосқанда 500-ге жуық отбасыға жаңа үйлер салынды, төмен пайызбен мал алуға несиелер де берілді. Бірінші жылы төлемей, қалған төрт жылда жылдық үстемесін екі пайызбен төлейтіндей жағдай жасалды.

Ерлан Бапанов

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button