Абай - 175

Көркемсөз байқауынан көлік мініп қайтты

Алматы қаласында көркемсөз оқу шеберлерінің арасында республикалық «100 өлең» атты байқау өтті. Жүзден жүйірік шыққан жерлесіміз «100 өлең» республикалық байқауынан темір  тұлпар мініп қайтты.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «100 өлең» республикалық көркемсөз оқу сайысына республиканың әр өңірінен көркемсөз оқу шеберлері қатысты. Сайыстың финалдық кезеңіне өткен қатысушыларға «ASSYLTAS» қоғамдық қоры топтастырған 100 өлеңді жатқа айтып жарысу шарты қойылған. Жүз өлең жинағына Майлықожа, Сүйінбай, Абай, Жамбыл, Мұқағали бастаған ақындардың өрнекті өлеңдері кірген. Бұл сайыстың бұрынғы байқаулардан бәсі жоғары болды. Өйткені бас жүлдеге ASSYLTAS қоғамдық қоры темір тұлпар тіккен болатын. Байқауға қатысуға бастапқыда 57 үміткер өтініш білдіріп, онлайн іріктеуден 15 қатысушы  озып шыққан. Олар Алматыда өтетін финалдық кезеңге жолдама алған.

– Алғашында бұл сайысты Шығыс Қазақстанда жылда өтіп тұратын «Тұғыры биік – Тарбағатай» атты фестиваль аясында өткізгіміз келген. Алайда пандемияға байланысты ол өтпеді. Дегенмен Абай атамыздың 175 жылдығына арнап өткізу сәті туды. Сайысқа қатысушыларды қызықтыру үшін бас жүлдеге көлік тіктік, мұндай сыйлық бұрын болмаған екен, – дейді «ASSYLTAS» қоғамдық қорының басшысы Дулат Тастекеев.

Сайыстың соңғы кезеңі Алматыдағы Жазушылар одағында өтті. Өнерпаздар бес сағат сайысып,  нағыз талантты анықтады. Бірінші кезеңде әр қатысушы қоржыннан бес өлеңді суырып алып, бесеуін де жатқа айтып беру міндеттелген. Бұл кезеңде екі рет мүдіргендер, келесі кезеңге өтпеді. Ал екінші кезеңде Жүрсін Ерман, Алтынбек Қоразбаев, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Серік Қалиев, Бақыт Беделхан, Ақберен Елгезек, Мақпал Мыса бастаған қазылар алқасы қатысушылардан 100 өлеңнің кез келген жерінен оқып, жыр шумақтарын жалғастыруды сұрады. Жан алысып, жан беріскен кезеңдерден сүрінбей өткен үш үміткер финалдық кезеңде жолықты. Олардың қатарында 12 жасында Құранды толық жаттап, қари атанған Қуаныш Кенешбай, Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театрының актеры Едіге Қайыртайұлы, Өскемендік көркемсөз оқу шебері Қуаныш Еркінұлы бар.

Бұл кезеңде байқауға қатысушылар өзара өлең сұрап бір-бірін сүріндіру шарты бойынша сайысты. Нәтижесінде ең үздік деп танылған  Едіге Қайыртайұлы темір тұлпарды тізгіндеп қайтты. Басқа да қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button