Тұңғыш Президент

Көптен күткен қуаныш

Тұңғыш Президент күніне орай  аудан орталығында  тұрғын үй кезегінде  тұрған 20 отбасы  қоныстойын тойлады.

Шекаралық аудандарды дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында және мердігерлердің жеке қаражаты есебінен Үлкен Нарында биыл екі пәтерлі 10 тұрғын үй салынып, қолданысқа берілді.

Бой көтерген жаңа баспаналар аудан орталығының солтүстік бөлігінде республикалық трассаның маңында орналасқан. Жеке тұрғын үйлер орналасқан бұл ауданда енді   жаңадан салынған  тағы 10 үй қосылды. Тіпті жаңа көше пайда болды.

Екі пәтерлі үш тұрғын үй Виктор Иасабаев басшылық ететін  «Жарма Құрылыс Газ» ЖШС-нің күшімен салынды. Жеті үй «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында  бой көтерді.

Жаңа пәтер кілттерін табыстау шарасы Тұңғыш Президент күні мерекесімен сәйкес келді. Қоныстойын тойлағандардың арасында алты көпбалалы отбасы, сонымен бірге, жас мамандар мен кезекте тұрған басқа да санаттағы тұрғындар бар.

Айтуылы мерекеде аудан әкімі Ренат Құрмамбаев жиналғандарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап,  ізгі тілегін жеткізді.

  • Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел тәуелсіздігінің негізін қалады. Оның сарабдал саясатының арқасында көпұлтты мемлекетімізде бірлік пен ынтымақ орнады. Небары ширек ғасыр уақытта  елімізді  бүкіл әлемге танытып, байрағы биік мемлекетке айналдырды. Сондықтан Тұңғыш Президенттің еліміздің дамуындағы атқарған  еңбегі мен алар орны  орасан зор, – деп атап өтті аудан әкімі. – Өткен жылы  14 көпбалалы және аз қамтылған отбасы  баспанамен қамтылды. Биыл бұл игі бастама тағы да жалғасын тапты. Біздің басты міндетіміз – аудан халқын жайлы баспанамен қамтамасыз етуге барынша жағдай жасау, қолдау көрсету. Келер жылы да ауданымызда осындай тұрғын үйлер салып, ел игілігіне беретін боламыз.

Жаңа баспанаға ие болған көпбалалы ана Назым Ақанова шаңырағына қуаныш сыйлаған  ел ағаларына  алғысын жеткізді.

Ауылдың құрметті ақсақалы Мырзабек Смағұлов қазақтың ата салты бойынша  жаңа қонысқа ие болған жандарға  ақ батасын берді.

Жаңа үйлер орын тепкен көшеге бұдан былай аудан тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының батыры А.Г.Огневтің  есімін беру туралы бастаманы салтанатты шарада аудандық Достық үйінің директоры Наталья Гостеева  көтерді.

-Биыл еліміз Ұлы Жеңістің 75 жылдығын атап өтті. Сол себепті, жаңа көшеге А.Огневтің есімін беруді ұсынамын, – деді ол.

-Біздің отбасымызда төрт бала өсіп келеді. Тұрғын үй кезегінде алты жыл тұрдық. Бүгін міне, көптен күткен арманымыз орындалып, баспанаға ие болдық. Осыған дейін біз жалдамалы үйде тұрдық.  Жаңа баспанамыз төрт бөлмелі,   бөлмелері жарық әрі кең. Мемлекетіміздің көпбалалы отбасыларға  көрсетіп отырған қолдауына  ризамыз, – дейді көпбалалы ана Айгерім Қайырды.

 Тимур Смағұлов

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button