Тарих

Көне тарих көмбесі

Елеке сазы Тарбағатай тауының солтүстік беткейінде орналасып, жан-жағынан тұйықталған тостаған тәрізді жазыққа ұқсайды. Жан-жағынан Сары шоқы, Аршалы, Ақшағыл, Ақберен тәрізді аса биік емес таулар қоршап, Қарғыба өзенінің тармақтарымен кесілген. Осы жерде б.з.д. І мың жылдықтың басына жататын жүздеген қорғандар мередиан бағытында созылып жатыр. Олардың әрқайсысы жеке-жеке топтар мен тізбектерді құрайды. Әр топта элитарлы қорғандар жекеленіп тұр. Олардың сыртында орлары, екі қатар тастан тұратын шеңберлері мен айналасында, әсіресе батыс жағында ғұрыптық немесе сегіз тас түріндегі  «ғұрыптық еске алу» құрылыстары кездеседі.

Осы жылы археологиялық топ тарапынан Елеке сазы қорымының топографиялық жоспары түсірілді. Сол бойынша Елеке сазы-2 қорымы жеке қорғандар тобынан тұратындығы анықталды.

Элитарлық ескерткіштер ұқсастығы

2019 жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметовтің бастамасымен облыс аумағында археологиялық зерттеулер жалғастырылды. 2019 жылғы далалық маусымда Шілікті-Тарбағатай археологиялық экспедициясы профессор А.Төлеубаевтың басшылығымен Елеке сазы-2 қорымында зерттеу жұмыстарын жасады. Ғылыми топ ерте темір дәуірінің бірнеше ескерткіштеріне археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.

Алдын ала геофизикалық зерттеу жүргізу үшін ІІ топтың оңтүстік шетінде орналасқан төрт салыстырмалы үлкен қорған (диаметрі 35-тен 55 метрге дейін, биіктігі 2-3 м) таңдалды. Геофизикалық зерттеуді Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің геофизик-мамандары жүргізді.

Қазбаға дейін Елеке сазы-2 қорымындағы №51 қорған бетін өсімдік жапқан, шағын жеке тастармен көмкерілген, дөңгелек пішіндес жер құрылысы болды. Қорғанның түбінде және бүйірінде өсімдіктер батпақты, қысқа, қалың болды. Жоғарылаған сайын олар сирей бастайды. Қорғанның биіктігі – 3,25 метр, жоғарғы жағы жалпақ өте кең. Қорғанның бетінде тонау мен қирау іздері байқалған жоқ.

Қазба барысында қабаттан қабатқа қатарластыра отырып, болжанған мазардың жоғарғы бөлігі алынды. Соның нәтижесінде мазар мен дромос (жерасты дәліз) үстіндегі қабір толық ашылды.

Жерлеу камерасын реттеу қабат бойынша жүргізілді. Алғашқы қабатынан ұсақ, ірі қара мал мен жылқының жекелеген сүйектері,  қорғанның жоғарғы жағынан адам сүйектері (омыртқа, бұғана, құйымшақ) табылды.

Жерлеу камерасының еденінде, оның оңтүстік жартысында анатомиялық тәртіппен адамның аяқ сүйектері табылды. Олардың орналасуы бойынша мәйіттің жағдайын анықтауға мүмкіндік туды. Мәйіт арқа жағымен денесі ұзын осьпен шығыстан батысқа, басы батысқа бағытталып жерленген.

Жерлеу құралдарынан мына заттар: жебенің ұштары – 2 дана, құс бейнесіндегі алтын әшекейлер, сонымен қатар саңырауқұлақ түріндегі және түтікті моншақтар табылды.

Қорғанның қатты бұзылғанына қарамастан, аймақтың ежелгі халқының материалдық және рухани мәдениетінің түрлі аспектілері бойынша материалдар алынды. Сыртқы белгілері мен ішкі құрылымы бойынша Елеке сазы-2 қорымы осы мәдени-тарихи шағын аудандағы ең ірі қорымның бірі және ол Тарбағатай өңіріндегі ерте сақ қоғамының билеушілерінің бірінің обасы  болып табылады

Осылайша, аталған нысанды зерттеу нәтижесінде ескерткіштің құрылысы бойынша кейбір алдын ала ескерту жасауға болады. Біріншіден, аталған қорған әртүрлі материалдан (тас, шым, саз және ағаш) салынған күрделі сәулет құрылысы болды. Оны зерттеу кезінде құрылыстың бірнеше кезеңін бөліп көрсетуге болады.

Екіншіден, ескерткіштің сыртқы көлемі, ішкі құрылымы бұл қорғанның өзіндік салт-дәстүрлік құрылысы екендігін көрсетеді. Кейбір зерттеушілердің ескертулері бойынша адамдар адамзат тарихының басынан бері олардың дүниетанымын, ғарыштың құрылысы туралы, осы әлемдегі өзінің орны мен рөлі туралы түсінігін бейнелейтін кеңістік пен заттарды жасады.

Өзінің сәулеттік келбеті бойынша зерттелген обаның Шілікті алқабының элитарлық ескерткіштерімен ұқсастығы бар. Бұл обаны салу кезінде шым, тас қорғанның, дромостың, сақиналы қоршаудың және сыртқы біліктің бары анықталды.

Жерлеу камерасының шығыс жағынан дромостың (жерасты дәліз) болуы зерттелген ескерткіштің Шілікті қорғандармен ұқсастығын көрсетеді.

Жалпы алғанда, дромостар жерлеу құрылыстарының конструктивтік элементі ретінде Шығыс, Солтүстік Қазақстан, Жетісу, төменгі Сырдария және Арал-Орал дала аймағының ерте сақ және сақ ескерткіштерінің материалдарында белгілі. Зерттелген материалдар Қазақстанның ерте темір дәуірінің және Еуразияның шектес өңірлерінің бізге белгілі барлық ескерткіштерінен дромосы бар ең ерте қорғандар Шілікті патша қорғандары болып табылатыны туралы алдын ала қорытынды жасауға негіз береді. Қорғандардағы дромостар функционалдық-практикалық, сондай-ақ салттық-дүниетанымдық маңызы бар күрделі конструкцияны білдіреді. Кесененің  шығыс жағынан кіретін дәліздерді салу дәстүрі кейінгі қола дәуіріндегі бағзы қорымынан бастау алады деп пайымдауға болады. Сақ-скиф әлемінің ескерткіштеріндегі дромостармен байланысты осы және басқа да көптеген мәселелер ерте темір дәуіріндегі Еуразия далалары қорғандарының сәулеттік-конструктивтік ерекшеліктерін және олардың идеологиялық-дүниетанымдық негіздерін зерттеу тұрғысынан белгілі бір қызығушылық тудырады.

Осылайша, ескерткіштің архитектурасы, ішкі құрылымдық ерекшеліктері (тас-жер қабірі, дромос, крепида және т.б.), табылған артефактілер (алтын бисер, қанаттары таралған құс түріндегі түйреуіш, жебенің ұштары) оны Шілікті аңғарының осыған ұқсас қорғандарымен жақындастырады және оны б.з.д. VІІІ-VІІ ғғ. аралығына жатқызуға негіз береді.

Тарихи оқиғалар нысандардың

сипатын өзгертті

Елеке сазы-2 қорымындағы № 70  қорған  қабірдің орталық бөлігінде орналасқан. Табылған мәйіттің сүйектері мен жерлеу заттары қабір шұңқырының сақталуы мен орналасуының сипаттамасына қарай бастапқы қалыпта жатты. Мәйіт бас қаңқасының сол жағында топырақпен басылған керамикалық ыдыс тіркелді. Тазарту кезінде барлық фрагменттер табылды. Ыдыстың жанында темір пышақ (?) және мал сүйектері (құйымшақ пен омыртқа) жатқан болатын.

Жерлеу жабдықтары құты тәріздес керамикалық ыдыс пен темір пышақпен сипатталады, ылғалды топырақ пен терең емес жерлеу шұңқырының салдарынан нашар сақталған. Мәйіттің сүйектерін тазалау кезінде паста және агат моншақтар табылды.

Б.з.д. ІІІ ғ. далалық Еуразиядағы тарихи оқиғаларға байланысты Шығыс Қазақстан археологиялық ескерткіштерінің нысандары мен құрылымдары өз сипатын өзгертеді. Тарбағатай  мен Ертістің жоғарғы бөлігі арасындағы далалық аймақта Құлажорға типіндегі жерлеу құрылыстары тарайды.

Осы жолғы  жағдайға қарағанда Құлажорға типіндегі кейінгі жерлеу орындарының батыс бағытымен, топырақты қабірдің басым болуымен, жылқылардың жоқтығымен және салыстырмалы түрде кедей жерлеу жабдықтарымен сипатталады.

Мәдени-хронологиялық тұрғыдан қарағанда мұндай жерлеу орындары Құлажорға мәдениетінің кейінгі обаларында Құлажорға, Баты обалары және Шығыс Қазақстанның тағы басқа жерлеу орындарында кездеседі (Черников, 1975, с.284-285). Жерлеу ғұрпы мен жерлеу жабдықтарының сипаттамасына байланысты №3 қоршаудағы жерлеу орны б.з.д. І ғасырмен мерзімделеді.

Елеке сазы-2 қорымындағы №71 қорған №51 қорғаннан шығысқа қарай 150 метр жерде орналасқан. Беткі қабатын шым басқан, орталық бөлігінде бірнеше тастар шығып жатыр және ортасында терең емес шұңқыр байқалды.

Қоршаудың орталық бөлігін тазартқаннан кейін шығыстан батысқа қарай созыла бағытталған қабір шұңқырының дағы анықталды. Қабір шұңқырына түсу кезінде тастардың шоғыры байқалып, оның астынан тас жәшігі анықталған.

Шығыстан батысқа бағытталған жәшік қырымен қойылған төрт тау плиталарынан салынған. Тас жәшіктің қақпағы жоқ және жоғарыда аталған тас плита тонаушылар обаны ашу барысында тартып алған тас қақпақ секілді. 32 см тереңдеу нәтижесінде жәшіктің түбінде тонаушылықтан қатты бұзылған адамның қаңқасы және қыш сынықтары табылды.

Қорған толық ашылғаннан кейін және зерттеуден кейін бұл нысан бұрын зерттеген қорымдардан өзгеше екені белгілі болды. Себебі жерүсті конструкциясы өзгеше болмағанымен, тас жәшіктер Елеке сазында әлі кездеспеді.

№72 қорған солтүстік жағынан №71 обаға жанасып, сегіз санның формасын түзеді. Бетін шым қабаты басқан, орталық бөлігінде бірнеше тастар көрінеді.

Қазбаға ені 30 см солтүстік-оңтүстік бағытында жал салынған.

Шым қабатын алғаннан кейін қорғанның тас құрылымы толығымен анықталды. Тастардан жасалған тас қоршау байқалады. Бірақ №5 обадан айырмашылығы, орталық бөлігінің конструкциясы бүтін және қорғанның тоналмағаны еш күмәнсіз болды.

Орталық бөлікте қабір дағы бойынша тереңдету жұмысы жүргізілді. Дақтың көлемі – ұзындығы 2,16 м, ені 1,45 м. Келесі қабатты алу кезінде қабір шұңқырының бетін жабу плиталары анықталды. Плитаның астында шығыстан батысқа қарай ұзын оське бағытталған тас жәшік табылды және барлық жағынан ұсақ тастармен бекітілген, оның ұзындығы 1,13 м, ені 57 см. Жәшікте басы батысқа қарай солтүстікке қарай аздаған ауытқумен бағытталған адам сүйектері анықталды. Мәйіт сол қырымен, бүгілген жағдайда жерленген. Жәшіктің солтүстік-шығыс бұрышында жерленген адамның аяқ тұсында екі тегіс түпті керамикалық ыдыс жатты, олардың біреуі бірнеше бөлікке бөлінген және қара түсті. Ал екінші ыдыс тік, сыртқа сәл бүгілген шеті бар, бір жағынан тұтқа-мұрын және мойнынан сәл жоғары дөңгелек түрдегі ою-өрнек бар. Құмыраның беті жартылай қызыл-қоңыр, ал екінші бөлігі қара-қоңыр түсті, бұл біркелкі емес күйдіруді көрсетеді.

Зерттелген қорғандар бір мәдениетке, бір хронологиялық кезеңге жататынын айта кету керек. Жерлеу рәсімі, шаруашылық құралдары, сондай-ақ қабір құрылысының конструкциясы бойынша олар бір-біріне өте жақын, бірақ бұрын зерттелген басқа қорымдармен салыстырғанда айқын ерекшеліктерге ие. 5-6 қорғандар әуел бастан топографиялық орналасуымен ерекшеленгенін атап өту қажет, өйткені Елеке сазы-2 қорымының бірде-бір тобына кірмеген.

№73  қорған №72 обадан солтүстікке қарай 15 м жерде орналасқан. Бетін шым басқан, орталық бөлігінде бірнеше тастар көрінеді.

Қазба ені 30 см солтүстік-оңтүстік бағытында жал қалдырылып, шым қабатын алғаннан кейін тас конструкциясы анықталды. Конструкцияланбаған тастарды алу нәтижесінде шеңбер тас  қоршау пайда болды. Айта кету керек, қабір дақтары бойынша тереңдеу барысында түрлі учаскелерде ұсақ малдың сүйектері кездесіп, асық табылды. Қабір шұңқырда басы батысқа бағытталған баласы бар әйел жерленген. Әйел сол жағында жатып, тізегесі бүгілген. Басының астында тас жастық, ұзындығы 51, ені 20 см. Сол жақ қолы созылып, баланың басы қойылған, ал оң қолы баланың сүйегінен жоғары жатыр. Баланың сүйегінен тек бас сүйегі және бірнеше қабырғасы сақталған. Жерлеуден ешқандай құралдар табылмады.

№74  қорған ортасында көлемі 2 м болатын терең шұңқырмен (0,5 м) және диаметрі 8 м тас қоршауы бар апатты ескерткіш болып табылады. Қазбаның әртүрлі учаскелерінде адам сүйектері кездесе бастады.

Елеке сазы-2 қорымындағы №79 обаның төбесін қазуға дейін дөңес және салыстырмалы түрде тегіс, тонау іздері көзбен көрінбеді. Үймедегі заттар мен басқа да олжалар сыртқа шығарылмаған.

Үйіндінің астында басымен батысқа бағытталған жерлеу орны табылды. Қаңқа аяқтары сақталмаған. Мәйіттің жіліктерінде тесіктер бар. Жамбас сүйегінің жанында ұзындығы 3,2 см, ені 1,1 см ілгек (змеевик) табылды.

Түрлі тарихи кезең ескерткіштері

№75 қорған қорымының орталық бөлігінде орналасқан. Қорғанның жоғарғы бөлігінде аз саңылаулы дөңгелек қоршаулар бар, тазарту кезінде дөңгелек қоршау ірі өзен тастарынан және ұсақ қиыршық таспен араластырылғаны анықталды. Қоршаулардың тастары екі, кейбір жерлерде үш қатарда салынған. Тазалау және шым қабатын алып тастағаннан кейін жерүсті құрылысының құрылымдық ерекшеліктерін анықтау үшін траншея салынды. Үдерісте орталық бөлігінде қабір үсті құрылысы, әйтпесе тас қабыршық бар. Қабыршықтың әртүрлі өлшемдегі 2-3 қабаты бар (көбінесе ірі тастар). Қабыршықтың орталық бөлігінде тонаушылардың іздері байқалды. Қабыршықтың орталық бөлігінде тастар жоқ. Қабыршықтың оралық бөлігі бойынша тазарту және тереңдету процесінде ірі плиталар құрылымдық тұрғыдан қызмет еткен болуы мүмкін. Жерлеу орны бұрын тоналған. Тазалау кезінде жақсы сақталған бас сүйегі табылды.

Жерлеу орнының құрылымдық ерекшеліктеріне қарап, оны ерте сақ дәуіріне жатады деп болжауға болады.

Қазбаға дейін №76 қорғандағы нысанның жоғарғы бетін тас аралас шым басқан, домалақ келген, тонау белгілері байқалмайды.  Орталық алаңында кішігірім ойыс анық көрінеді.

Қорғанның оңтүстік-шығыс шетіндегі бекітпе тастары бей-берекет жатыр. Аталған нысанның орта шенінде қатты бүлініске ұшыраған қабір үсті құрылысы, осыдан кейін қабір шұңқыры анықталды.

Әрі қарай қабір шұңқырын қазу жұмыстары басталды. Қабір шұңқырының жоғарғы қабатында таудың тасы байқалды.

Тастарды алу нәтижесінде 1,68 см тереңдікте шашыраңқы күйде, толық емес адам сүйектері табылды. Сонымен қатар қабір шұңқырының солтүстік-шығыс бөлігінде темірден жасалған бұйым анықталды. Бұл темірден жасалған бұйым кейінгі уақытқа (XVIII-XIXғғ.) тиесілі болуы мүмкін.

Сонымен қатар осы ғылыми топтың тарапынан Елеке сазы жазығының шеткері аймағында орналасқан Мәзібай қорымында да археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

Қорым түрлі тарихи кезеңдерге жататын бірнеше ескерткіштер тобынан тұрады. Қазба жұмыстары қорымның солтүстік-шығысындағы Сабырбай бөктерінде орналасқан қола дәуірінің қорған-қоршауларында жүргізілді. Топта түрлі типтегі 16 қорған-қоршау тіркелді.

№2 қорған-қоршауда қазбаға дейін ескерткіш ұзынша, бетінде бірқатар тастар тігінен тұрған қалыпта көрініп жатты. Шартты түрде қазба салынған ескерткіш №1 қазба деп көрсетілді. Ескерткішке көлемі 15х8 м көлемінде қазба салынып, нәтижесінде 6 тас сандық ашылды. Сандықтар  әріптер бойынша белгіленді.

Тас сандық А. Жəшікте 2 адам жерленген. Алғаш қазу барысында   керамика сынықтары кездесті. Адам бастарын оңтүстік-батысқа бағыттап, аяқтарын бүгіп жерлеген. Қаңқа сүйектері анатомиялық қалпында анықталды.

Тас сандық В. Айта кететін жағдай, тас сандықтың солтүстік шығыс, оңтүстік батыс жақтарындағы тастар 2 қатар қойылған. Беткі топырақ қабатынан керамика сынықтары анықталды. Тас сандықта жүргізілген қазба барысында адамның қаңқа сүйектері анатомиялық қалпында сақталған күйде ашылды. Сонымен қатар тас сандықта адам сүйектерімен қатар мал сүйектері анықталды.

Керамика негізінен күйдірілген, мойын жағында айнала екі қатар жолақпен безендірілген.

Тас сандық С.  Сандықтың  ортасында, солтүстік жағында қабырғаға таяу мал сүйектері табылды. Сонымен қатар бір керамика сынығы анықталды.

Тас сандық Д.  Сандықтан тек қана адамның бір жілігі табылды.

Тас сандық Е. Қазу барысында беткі қабаттан 40 см тереңдікте адам қолының шыбық сүйегі анықталды. Мəйіттің бас сүйегінің қалдықтары жоқ, қабырға сүйектері де толық емес. Мəйіт сүйектері анатомиялық қалпында емес, қатты бүлініске ұшыраған. Мүрденің екі аяғын бүгіп жерлеген. Тас сандықта мәйітпен бірге ақыреттік заттар кездеспеді.

Тас сандық F. Ұзындығы 130 см, ені 91 см . Жер бетінен 70 см тереңдікте.

№7 қорған-қоршау қырынан қойылған гранитті плиталармен дөңгелек қоршау болып қойылған жер құрылысы болып табылады. Қорғанның дəл ортасында тік бұрышты құрылыс жер бетінде анық көрінуде жəне қорғанның ортасында тонаушылардан қалған шұңқыр анықталды. Дəл сол себепті қорған апатты деп есептеліп, траншея əдісімен қазылды.

Зерттеу барысында  обаның ортасында тіктөртбұрышты тас құрылыс табылды. Ол тонаушылық кезінде бұзылған  және обаның жоғарғы нүктесінен қабір дағы табылды. Қабір шұңқыры бойынша тереңдеу нәтижесінде қабірдің әртүрлі учаскелері мен деңгейлерінде адам сүйектері, сондай-ақ алдын ала болжам бойынша, кейінгі қола дәуіріне жататын қыш сынықтары табылды. 3,8 м тереңдікте қазба тоқтады, себебі материкке (табиғи қабат) қол жеткізілді. Қабір шұңқырының түбінде қырлы жебенің ұшы табылды.

Өзінің архетиктурасы бойынша бұл қорған Орталық Қазақстандағы ерте қола кезеңінің Ақсу-Аюлы-3, Бұғылы-1 ескерткіштеріне ұқсас. Бұл нысан Алтай-Тарбағатай аймағының аумағында бірегей ескерткіш болғандықтан, орындалған жұмыс бекітілгеннен кейін экспедиция осы нысанды алдағы жылдары толық ауқымды кешенді зерттеу үшін консервациялауды шешті.

№8 қоршау және апатты жағдайда болған. Өйткені қоршаудың оңтүстік бөлігінде шұңқыр қазылған. Шұңқырдың жанында ұсақ мал сүйектері мен керамика сынықтары табылды. Ал бұл тонау шұңқыры екеніне күмән жоқ. Малшылар 2 жыл бұрын бұл шұңқыр болмады деп мәлімдейді.

Бірінші көзқарас бойынша қоршау бірнеше гранитті плиталардан тұрды, олар өз кезегінде жартылай шеңбер секілді  қойылған. Тастардың орналасуын және қоршаудың шамамен шектерін зерттей отырып, болатын қазба салуға шешім қабылданды. Тек қана тағы тереңдегеннен кейін шеңбердің ортасында қарқынды қара түсті күлді дақ белгіленген, ол екі (солтүстік және оңтүстік) жағынан көлденең тастармен көмкерілген. Одан әрі зерттеу нәтижесінде бір тас плиткадан тұратын кішкентай тас жәшік, оның ішінде аздаған оттың іздері және қара-қызыл түсті дақтар табылды. Бұдан басқа, қоршаудың аумағында ешқандай дақтар немесе іздер табылған жоқ.

Сабырбай (Мəзібай) қорымы кешенді зерттеуді қажет етеді және осы аумақта зерттелмеген өте бірегей ескерткіш болып табылады деген қорытынды жасалды.

Қола дәуіріндегі су бөгеті

2019 жылы жүргізілген далалық жұмыстар нәтижесінде Елеке сазы-2  қорымында орналасқан тоғыз ескерткіш, Сабырбай атты жерде екі қоршау мен бір қорған-қоршау зерттелді. Сабырбай Елеке сазы жазығынан 10 шақырым жерде орналасқан. Сонымен қатар ғылыми топ тарапынан Дауылбай деген жерден (Елеке сазынан 20 шақырым) қола дәуірінің су бөгеті анықталды.

Негізгі зерттеу жұмыстары элитарлы сақ қорғаны қазып алынған №51 қорғанда жүргізілді. Жұмыс процесі барысындағы бақылаулар нәтижесінде Елеке сазы-2 қорымындағы №51 қорған бірнеше кезеңде қалыптасқан күрделі жерлеу комплексі екені анықталды. Кезеңдер құрылыс комплексіндегі әртүрлі сатылармен көрсетілген.

Бастапқы кезеңде қабір шұңқырының тас жабыны және жер платформасы, кейіннен қиыршық тас араласқан шым үйіндісі салынды. Әрбір құрылыс сатысы жерлеу рәсімінің күрделі және ұзақ циклінің кезеңдерімен байланысты болды.

Бұрындары аса мән берілмеген осы жәдігерлер маңызды ақпарат береді.

Әсіресе ірі тастардан салынған жерлеу камерасы мұқият зерттелді. Қорғанның тоналғандығына қарамастан, кішкентай алтын бұйымдар түріндегі артефактілер бұл ескерткіш қалдырған мәдени мұра туралы алғашқы болжамдар жасауға мүмкіндік туғызады.

Жерлеу камерасында жүргізілген қазба жұмыстары барысында қанаттары жайылған, ұшып бара жатқан құстың бейнесінде алтын бұйым анықталды. Қаптырма толығымен сақталған. Дәл осындай бұйым 1960 жылдары С.Черников Шығыс Қазақстан облысы Шілікті жерін зерттеген уақытта, №5 қорғанда қазба жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде, дәл осындай құс бейнесіндегі алтын бұйым тапқан болатын.

Тағы бір осындай құс бейнесіндегі  қаптырма Солтүстік Қазақстан облысы Байқара қорғанын (ғибадатхана) зерттеу барысында анықталған. Аталған құстың басы оңға бұрылған, беті жоғары бағытталған.

Осылайша, табылған ұшып бара жатқан құс бейнесіндегі алтын қаптырмалардың барлығы аң стилінде жасалған деп айтуға болады. Көптеген зерттеушілердің еңбектеріне сүйене отырып, табылған алтын бұйымды ерте сақ кезеңіне жатқызуымызға болады.

Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы-2 қорымында жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде аймақтағы ерте кездегі көшпелілердің жоғарғы құрылыс техникасы мен архитектуралық әдістерін көре аламыз. Архитектуралық құрылысы, жерлеу камерасы мен табылған алтын бұйымдарға қарап, объектіні б.з.д 7-6 ғғ. жатқызамыз. Жерлеу құрылысының күрделілігі мен өлшемдері, жерленген мәйіттің болуы мен кейбір басқа да мәліметтер қорғанда жерленген адамның жоғарғы әлеуметтік топқа жататынын көрсетеді. Жүргізілген қазба жұмыстарының ғылыми құндылығы Шығыс Қазақстанның ерте көшпелілерінің жерлеу орындарының құрылымдық ерекшеліктері туралы мәлімет алуда болып табылады.

Есеп беру жылында өте қызықты материалдар қорған маңындағы алаңдардан табылды. Олар – негізінен сақ-скиф, ежелгі түркі дәуірлерінің артефактілері, одан бөлек 18-20 ғғ. қазақ халқының тұрмысынан хабар беретін темір заттар. Бұл заттар қорғандардың маңайларындағы ғұрыптық тастардың астынан, зерттелген ескерткіштердің жанындағы кішігірім шұңқырлардан табылды. Аяқтарын бауырына жиып жатқан бұғының қоладан жасалған қапсырмасы ерекше қызығушылық тудырады. Сонымен бірге қабылан бейнесіндегі дөңгелек қола әшекей кездесті. Сыртқы бетіндегі түймеліктерге қарағанда олар ат-әбзелінің бір бөлшегі болып табылады. Олардан бөлек үзеңгі тәріздес аяқталатын ірі ауыздық, үш тесікті қола сулық, қола пышақтар мен жебелер де ерте сақ кезеңіне жатады.

Грифонның басы тәріздес болып жасалған қола тоға және дәл сондай мәнерде орындалған төрт ұштық ерекше қызығушылық тудырады. Олар үлкен қорғаннан (№51) солтүстік-шығысқа қарай 150 метр жерде металл барлау жұмыстары барысында артефактілер жер бетінен 45-50 см тереңдікте жатқан, бұл заттардың кездейсоқ жоғалуын емес, олардың әдейі еске алу мәндерін көрсетеді. Алдын ала болжамдар бойынша олар ат арбаның әшекейлері болып табылады және ұқсастықтар бойынша ерте сақ кезеңіне жатады.

Осылайша, 2019 жылғы далалық зерттеу жұмыстары зерттеліп отырған аймақтың ежелгі тұрғындары, ерте қола және ерте темір дәуірінде өмір сүрген адамдардың мәдениеті туралы тарихи ақпарат берді.

Шілікті-Тарбағатай археологиялық экспедициясы биылғы 2020 жылғы маусымда да өзінің ғылыми-ізденіс, қазба жұмыстарын осы Елеке сазы қорымында жалғастыруда.

Жақында ғана, 7 тамыз күні төртінші Елеке сазы қорымындағы үлкен обаның етек тұсынан қомақты қойма (көмбе) табылып, одан алты жүзге жуық алтын, қола, темірден жасалған ат әбзелдерінің әшекейлері алынды. Көмбедегі бұйымдар патшаның құрметіне арналған ақіреттік сый-сияпат, тарту-таралғы деген болжам бар. Бұл артефактілер арасында бұрын-соңды кездеспеген алтын қаңылтырдан ерекше сюжетте жасалған, сондай-ақ ірі құйма түрінде, әртүрлі белгісіз аңдар бейнесінде орындалған бұйымдар, алтын сымтемірден өріліп жасалған шынжыр мен алқа тәріздес заттар да бар.

Қанат Қайым,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Осы айдарда

Back to top button