Президент тапсырмасы

Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді

Жиынды ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев Сайлауалды бағдарлама мен Қазақстан халқына арналған Жолдауды жүзеге асыру барысында Үкімет пен Парламент бірлесіп үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті. Маңызды бағдарламалар қабылданып, макроэкономикалық көрсеткіш бойынша жоспарланған нәтижеге қол жеткізілді. Мемлекет басшысының пікірінше, Үкімет Президенттің тапсырмаларын орындауды қамтамасыз еткенімен, экономикалық дамудың сапасына қатысты әлі де шешілмеген мәселелер бар.

– 2019 жылдың 11 айында жалпы ішкі өнімдегі несие портфелінің көлемі 23 пайыздан 22 пайызға төмендеп кетті. Бұл экономиканы несиелендіруді тежейді. Өткен жылы біз Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде инфляция деңгейі бойынша «чемпион» болдық. Еңбек өнімділігінің айтарлықтай артпауы – үлкен мәселе. Бұл – проблема. Шикізат экспортының үлесі жәй өсуде, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдына қойған мақсаты мен міндеттері өзгермейді. 2050 Стратегиясын, еліміздің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын, 100 нақты қадам – Ұлт жоспары бағдарламаларын жүзеге асыру жалғаса береді. Дегенмен Үкімет экономиканы түбегейлі реформалайтын жан-жақты бағдарлама дайындауы керек», – деп өз ұстанымын ашық айтты.

– Бізге негізгі проблемаларды нақты пайымдайтын және оның шешу жолдарын қарастыратын жаңа экономикалық бағыт қажет. Реформа жасау үшін ерік пен жігер керек екені белгілі. Мен Үкіметті осыған шақырамын. Әзірге мемлекеттік аппарат көптеген нормативтік актілерге алаңдап, ведомствоаралық келісім керек деген сылтаумен маңызды шешімдерді жәй қабылдап жатыр. Халықаралық бәсекелестік артып, халық әділетті талап қойып отырған қазіргідей кезеңде бұлай жұмыс істеуге болмайды. Реформаларды тізеге басып отырып жасау керек, – деп мәлімдеді Президент.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қорғайтын және дамытатын, өткізу нарығына жол ашатын, өнімділікті ұлғайтып, қазақстандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын тиімді өнеркәсіп саясатын, сонымен қатар, ашық әрі прагматикалық салықтық-бюджеттік саясат қалыптастыру керектігіне назар аударды.

Президенттің тапсырмасы бойынша имидждік шараларға бөлінетін қаржы қысқартылды. Осының арқасында 30 миллиард теңге оңтайландырылды. Дәл осындай тиімсіз шығындарды анықтау шаралары квазимемлекеттік секторында да жүргізіледі.

– Үкіметке осы жылдың 1 мамырына дейін жұмыс нәтижелерін баяндауды тапсырамын. Маңыздылығына сәйкес кейінге қалдыруға болатын шығындарды анықтауы қажет. Соның бастамасы ретінде қымбат көліктер мен жиһаздарды сатып алуға, түрлі форумдар, семинарлар мен конференциялар өткізуге ұзақ мерзімді мараторий жариялауды ұсынамын. Елімізде өтетін шаралар практикалық және идеологиялық тұрғыдан нақты пайдалы болуы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының пікірінше, жобаларды еселеп қымбаттату үрдісі  жалғасуда, құрылыс құнының сметасын жасауда проблема бар.

Президенттің агроөндіріс кешеніндегі ахуалға да көңілі толмады.

– Бізде Агроөндіріс кешенін дамытудың бесжылдық бағдарламасы бар. Онда аталған саланың мақсаты мен міндеті, нақты өндірістік және экономикалық көрсеткіштері жазылған. Демек Үкіметтің жоспарлары мен негізгі басымдықтары айқын. Сонымен қатар қолдау шаралары, яғни, субсидия беру тәсілі жыл сайын өзгереді. Соңғы 5 жыл ішінде бөлінген қаржы 2 триллион теңгеге жетті. Бұл ретте субсидиялар 47 рет өзгерді. Үкіметке мемлекеттік қолдау шараларының тұрақтылығын, олардың тиімділігін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырған болатынмын. Бұл тапсырма әзірге орындалмады. Нақты шешімдер мен ұсыныстар күтемін, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Үкіметті әлеуметтік және экономикалық қатерлерге жол бермеу үшін өз бастамаларын мұқият әзірлеуге шақырды. Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың шешімдері азаматтар тарапынан жиі сыналады, кей жағдайларда, тіпті, халықтың ашу-ызасын тудырады. Бүгінде Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінген автомобильдерге қатысты проблема қоғам назарын аударды.

– Елімізге әкелінген мұндай автомобильдердің көпшілігі тіркеуге қойылмайды. Ондай көліктер саны – ондаған мың. Бас прокуратураға қалыптасқан жағдайға байланысты құқықтық баға беруді тапсырамын. Аталған мәселені шешу үшін Үкімет Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген автомобильдерді бір айдың ішінде бір реттік тәртіппен уақытша тіркеуді қамтамасыз етуі қажет. Бұл автокөліктерді тіркеу 2021 жылдың 1 наурызына дейін жалғасады. Бұл ретте азаматтар тіркеу алымдары мен мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс. Уақытша тіркеу автомобильдердің меншік құқығынан шығарылмай, басқа тұлғаның пайдалануына немесе басқаруына берілмей жүзеге асырылуы тиіс. Автокөлік иелері 2021 жылдың 1 наурызына дейін кедендік баж салығын және автомобильді тұрақты тіркеуге қою немесе елімізден шығару, сондай-ақ, заңнама жүзінде тыйым салынбаған басқа да іс-қимылдарды жүзеге асыру кезінде салынатын утилизация алымын төлеуі тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Президент сөзінің соңында бүгін ешкімге сөгіс немесе ескерту жарияламағанын, Үкімет мүшелері мен әкімдерге жіберген кемшіліктерін көктемге дейін түзетуге мүмкіндік беретінін атап айтты.

Akorda.kz

Осы айдарда

Back to top button