Жыр шашу
Ата Заң
Баба ғұрпын пір тұтып,
Ата салтын байрақ қып.
Дұшпандарын үркітіп,
Бірлігімен айбат қып.
Қойнауынан ғасырдың
Бұл дәуірге дем беріп.
Қасқа жолы Қасымның,
Санада тұр тербеліп…
Қасқа жолды маңдайға ап,
Желе берді есіл күн.
Болды Алашқа сондай бақ,
Ескі жолы Есімнің.
Күллі халық тағдыры,
Бір мақсатқа бағынар.
Тәуке ханның тағылымы –
Жеті жарғы тағы бар!
Алып келген Азат күн,
Ғасырымның бағы бар.
Азат болған қазақтың,
Алтын діңгек – Заңы бар!!!
Жанат Әскербекқызы
Ана тілі мен Ата Заң
Алты Алаш!
Алас-қапас өтті күнің.
Жаңғырып,
Жанданар шақ жетті бүгін.
Ана тіл,
Ата Заңың – зор мәртебең,
өзіңнің қос қанатың,
қос тұғырың.
Бүтін ең!
Бүтіндігің бүлінбеді.
Түтті жау,
Туырлығың тілімделді.
Жол-жобаң,
әдет-ғұрпың қалды бірақ,
Өлмеді өрнекті саз тіліңдегі!
Аялап,
Ардақтадың ардың заңын.
Ант тұттың –
Ар алдында жан құрбанын.
Жебедің жесірді де,
Жетімді де,
Ұлыңды ұятты іске барғызбадың.
«Ескі жол»,
«Қасқа жол» мен «Жеті жарғы»
Өшпейді –
Бүгінгі ұрпақ есіне алды!
Осқылап,
Отап-бұтап жоям деген,
Кеңестің айдалада көші қалды.
Ардақта –
Бабалардың жанын ізгі.
Жебейді ол –
бәрімізді, барымызды.
Білесің –
Біз неліктен ерекшеленіп,
Атадық АТА ЗАҢ деп заңымызды.
Ардағың –
Ана тілің, Ата Заңың –
Қатар шың,
Қатар байтақ, қатар ағын.
Бір арман –
Білсек, шіркін, бүгінгі ұрпақ
Бүлдірмей болашаққа апарарын!..
Тіл емес –
Пәс пәрменсіз, шырғаланған
Заң емес –
Бұлғақтаған, бұрмаланған.
Ана тіл,
Ата Заңмен іске асады
Бүгінгі кеудеңдегі тұнған арман.
Әбубәкір Қайран