Нұр Отан

Жыл соңына дейін үш мыңнан аса жұмыс орны ашылады

 

Аймақта жыл соңына дейін үш мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ. Бұл жөнінде облыстық мәслихаттағы Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының жиналысында айтылды.

Фракция жетекшісі Қуаныш Сүлейменовтің төрағалығымен өткен жиынның күн тәртібінде 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын орындауға арналған Жол картасының көрсеткіштерін іске асыруға қаражат бөлу және сайлауалды бағдарламаны орындауға арналған Жол картасының «Өмір сүру сапасын жақсарту» 2.3-бағыты бойынша индикаторларын орындау тәуекелдері туралы мәселелер де қаралды.

Айталық “Өмір сүру сапасын жақсарту” бойынша “бір тұрғынға 24,3 ш.м. дейін тұрғын үймен қамтамасыз ету” индикаторы көзделген. Индикаторға қол жеткізу үшін 4 іс-шара қарастырылған. Оның ішінде негізінен қалалар мен аудан орталықтарында 95 тұрғын үй салу (өткен жылға қарағанда 107,9% өсіммен 561 мың шаршы метр), 4,1 мыңнан астам отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету қарастырылған.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ахмамбетовтің айтуынша, ағымдағы жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен құны 175,8 млрд. теңге болатын 1 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысы жүргізілуде

Жыл қорытындысы бойынша қаржыландырудың барлық көздері есебінен 647,1 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу (жоспарға 115,3%), 5 985 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету (жоспарға 145,9%) жоспарланған.

Ақпарат ретінде айтсақ, облыс бойынша өткен 6 айда 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 110,5% өсіммен 203,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін 443,9 мың ш.м. тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Бұдан бөлек кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде бағдарламаның Жол картасының  «Экономикалық аудан» бағыты бойынша аймақта 12,3 мыңға дейін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін серпінді инвестициялық жобаларды іске асыру жайы да қарастырылды.

Бұл жөнінде жиналғандарға облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Мұстафин баяндады.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, жалпы индустрияландырудың үшінші бесжылдығын (2020-2025 жж.) жүзеге асыру аясында 1,3 триллион теңгенің 42 инвестициялық жобасын іске қосу жоспарланған. Соның нәтижесінде 11,4 мың жұмыс орны құрылуға тиіс.

Мәселен, өткен жылы 37,5 миллиард теңгенің бес жобасы сәтті аяқталып, 434 жұмыс орны ашылған. Ал биыл 7354 жұмыс орнын құру жоспарланған болатын. Алайда, Өскемендегі “Азия Авто Қазақстан” АҚ-ның “Өскемен қаласында толық циклді автозауыт және автоқұрамдауыштар шығаратын технопарк салу” жобасы бойынша құрылыс өкінішке қарай тоқтап қалған.

– Сондықтан, ендігі алда тұрған жаңа мақсат – 469,7 миллиард теңгеге 14 ірі инвестициялық жобаны іске асырып, 3262 жұмыс орнын ашу жоспары орындалуға тиіс. Ал 4 тоқсанда 13 жоба іске қосылып, 3022 жұмыс орнын құрылады, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Мұстафин.

Сондай-ақ жиын қорытындысында Nur Otan партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясы басшысының 2021 жылдың бірінші жартыжылдығындағы есебі тыңдалып, облыс бойынша депутаттар қызметінің рейтингін қалыптастыру қағидалары қарастырылды.

 

Дәурен Аллабергенұлы

 

Осы айдарда

Back to top button